Құран аяты Гарвард университетінің кіреберісіне ілінді

Фотография - Құран аяты Гарвард университетінің кіреберісіне ілінді

Атағынан ат үркетін жоғары оқу орнының бұл қадамын Ислам дұшпандары сынға алып, өре түрегелген.

347 0

Гарвард университетіндегі заң факультетінің орталық кіреберісіне адамзат тарихындағы әділеттіліктің ең жарқын үлгісі ретінде Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің аяттарын іліп қойған. Атағынан ат үркетін жоғары оқу орнының бұл қадамын Ислам дұшпандары сынға алып, өре түрегелген.

Кіреберістегі Құран аяты жазылған плакатты Сауд Арабиясының тумасы, Гарвард университетінің студенті Абдолла Жұма (Abdullah Jumma) суретке түсіріп алып, оны Твиттердегі өзінің парақшасына орналастырған.

Факультеттің кіреберісіне ілінген аяттың тәржімасы былай: «Әй мүміндер! Алла алдында куәлік еткенде, тіпті өздеріңе, әке-шешелеріңе және жақындарыңа кесірі тисе де әділдікті берік ұстаныңдар. Ол бай болса да, кедей болса да Алла олардың жағдайын сенен жақсы біледі. Нәпсілеріңе еріп әділдіктен таймаңдар. Егер жалған айтып, шындықтан ауытқысаңдар, Алла бәрібір не істегендеріңді толық біліп тұрады» (Құран, 4:135).

Сайтта Исламға қарсы талай науқанға ұйытқы болған Памела Геллер Atlas Shrugs Құран мәтіндері мен ислам ғалымдарының түсіндірмелерінен үзінді келтіріп, өз уәжін алға тартқан. Сондағы айтпағы – шариғат талаптары америкалық заңмен үш қайнасы сорпасы қосылмайды.

«Конституция секілді батыс құндылықтары жеке тұлғаның құқығын қорғауға негізделген. Ал Ислам заңы бұған мүлдем кереғар», – депті Геллер.

Біржақты, сыңар езу түсінікке бой алдырған Геллер мұнымен ғана шектелмей, шариғатқа «адам өмірінің барлық қырын қамтитын, мұсылман еместерге билік жүргізу үшін құрылған жан-жақты құқық жүйесі», – деп баға беріп тастапты.

Сондай-ақ, «мұсылман еместерді, ең алдымен еврейлер мен христиандарды кемсіту – Құранның «әділдік таразысының» ажырамас бөлігі болып табылады», – деп сандалған. «Иегінің астынан арыны көре алмайтын Гарвард заң мектебінің өкілдері мұны білмейтін шығар немесе оларға бәрібір ме», – деп тілін безеген.

Гарвард университетінің іргетасы 1636 жылы Массачусетс штатындағы Кембриджде қаланған. Гарвард – АҚШ-тағы ең көне, атақ-абыройы жағынан да алдына қара салмаған жоғары оқу орны.

Памела Геллер − адам құқығын қорғаушымын деп өзін-өзі жариялаған адам әрі «Американы ислам еліне айналдыруды тоқтатайық» (Stop Islamization of America) орталығының директоры.


Тегтер:

құран аяты

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!