Татар деген кімдер?

Фотография - Татар деген кімдер?

«Татар» сөзі Руське қыпшақтардан келген

590 0

«Татар» сөзі Руське қыпшақтардан келген. Ал қыпшаққа – Қытайдан. Орта Азияны жайлаған тайпаларды Қытайда ежелден «татар» атаған. Сондай-ақ, татарлар «ақ», «қара», «жабайы» болып бөлінген және бұл атаулар тайпаның этникалық ерекшелігін білдірмеген. Бұл –тайпалардың жинақтаушы лақап атауы. Заманның әрбір тарихи кезеңдеріне байланысты бұл да көшпенділердің сақтар, ғұндар, түркілер, қыпшақтар.., әйтпесе «варварлар» деген сияқты жалпылама атауы болған, деп жазады бүгінде Ресей тарихшыларының ішінде бірегейі Мұрад Аджи «Қыпшақ даласы» атты еңбегінде.

Тарихтан белгілі, нағыз «татарлардың» тағдыры қиын болды: оларға ең алдымен Шыңғысханның әкесі Есугей батыр күн көрсетпеді, татарлар сол үшін батырды уландырып өлтірді. Бірақ, Шыңғысхан кейін әкесінің кегін алып, татарларды күл-талқан қылып құртып жіберді. Оның қылышынан аман қалғандары некен-саяқ. «Монғолдардың құпия тарихында» Шыңғысханның мынандай сөзі жазылған: «Біз әкелеріміз бен аталарымызды өлтіруші қас жауымыз татарларды талқан қылдық, сол жауыздықтары үшін біз әділеттілікпен кек алып, татар халқын түк қалтырмай жойып жібердік». Сөйтіп XIII ғасырда тұтас татар қауымы XVIII ғасырдағы жоңғарлар сияқты түп-тұқиянымен тып-типыл құртылды. Әрине, тас-бұтаны паналап бас сауғалап аман қалған санаулылары болды, бірақ оларды бұдан былай халық деуге келмейтін еді. Бүгінгіге дейін Шыңғысхан туралы жазылған тарихи еңбектердің бүкілісінде қаһарлы қаһанның бойы арбаның күпшегінен асатын татарлардың бәрінің басын шауып тастау туралы бұйрық бергені айтылады. Бұл өмірде орын алған еш қоспасыз шындық. Ана бір жылдары «Қазақстан» телеарнасынан көрермен жаппай сүйіп тамашалаған «Шыңғысхан» фильмінде осы тарихи жайт еш бұрмалаусыз баяндалады.

XIII ғасырда «татар» деген халық болған жоқ. Ал, қыпшақ болды. «Бүгінгі татар халықтарының ешқайсы өздерін татар деп атамайды»,– деп жазады орыс тарихының атасы Карамзин XIX ғасырда.

Парсылық тарихшы Сұлтан Мұхаммад ибн Дарвиш Мұхаммад ал-Мүфти ал-Балхи 1566-67 жылдары жазылған «Маджма‛ ал-гара‛иб» («Сирек жинақ») атты еңбегінде былай дейді: «Қыпшақ тайпасы деп Оғыз ханның заманынан аталады. Шыңғысхан билікке келгенге дейін қыпшақ тайпасы Қытайдың батыс бөлігін жайлап жатты. Қыпшақтар сан жағынан көп болып өскен соң, бұрынғы мекендерін тастап, осы далаға кеп тұрақтап қалды. Содан кейін барып бұл мекен Дешті Қыпшақ атала бастады. Шыңғысхан өзіне бағынышты тайпаларды ұлдарына бөліп бергенде Дешті Қыпшақ оның үлкен ұлы Жошының қарамағына өтті. Жеті жүзінші жылы (1300-01 ж.) Жошы ханның ұрпағы Өзбек хан Исламды қабылдады» [Маджма‛ ал-гара‛иб: л. 301а].

Сонда татар деген кімдер?

1-ші Петр патшаның заманынан бастап Ресейде «татар» сөзі мұқату үшін қолданылды. Сол себепті ұлты орыс еместердің бәрі, оның ішінде қыпшақтар да «татар» атанды.

Дәулетқали Асауов


Тегтер:

Тарих

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!