Бәйшешек - үміттің белгісі

Фотография - Бәйшешек - үміттің белгісі

Гүл мен қыз... Бәйшешек пен көктем... Махаббат пен жастық шақ...

1982 0

Гүл мен қыз... Бәйшешек пен көктем... Махаббат пен жастық шақ... Барлығы да адам жанына шаттық ұялататын егіз ұғымдар. Адамзаттың бәрі де бұларды әрдайым үкілі үмітпен, сарғайған сағынышпен күтеді. Әңгімемізге арқау болғалы отырған бәйшешекті де алты ай қыс бойы армандап шыққан ағайындарымыз сүйікті гүлімен табысып мәз-мейрам болып жатқанда, қалайша жайбарақат отыра аламыз?

Бүгінде ғылымға бәйшешектің 80-ге жуық түрі белгілі. Оның ең сирек кездесетін түрлері Орта және Оңтүстік Еуропада, Қырым, Кавказ жерлерінде, Кіші Азия аумағында кең таралған. Гүлдің 6 түрі қызыл кітапқа енгізілген. Біздің еліміздің Іле, Жетісу (Жоңғар), Теріскей Алатауларында, Ұзынқара (Кетпен) жотасында, Қаратауда өседі.

Ел аузында гүлдің пайда болуы туралы небір әдемі аңыздар баршылық. Соның біріне құлақ түріңіз...

Ерте заманда жер бетінде қатал қыс ұзақ аялдап, қақаған аяз кетпей тұрып алады. Сол заманда тау бөктерінде орналасқан жертөледе бір шағын отбасы өмір сүріпті. Отағасы жанұясын асырау үшін жұмыс іздеп жер дүниені шарлап кетеді. Әйелі мен екі перзенті оны күтумен болады. Күндердің күнінде қаңтар айының аяғында ұл бала қатты науқастанып қалады. Әбден шарасы таусылған ана тәуіптің көмегіне жүгінген екен. Тәуіп әйел оның кеселінің себебін анықтайды. Ол сәбиді емдеу үшін жаңа өсіп тұрған гүлдер мен жапырақтар керек екендігін мәлімдейді. Анасы мен бауырының қайғысына шыдай алмаған әпкесі емшіге керекті өсімдіктерді іздеп жолға шығады. Қараса, айналаның бәрі мұзбен шырмалып, қалың қармен көмкерілген. Бойжеткеннің бойын үрей билеп алады да, не істерін білмей, отыра қалып, қатты жылайды да, Құдайға жалбарына бастайды. Жүректен шыққан ыстық жастар қарды тесіп, жердің түбіне жетеді де, нәзік гүлдерді - бәйшешектерді оятады. Олар қардың қалың қабатын тесіп,  өздеріне жол салып, ақырында жер бетіне шыға келеді. Қыздың жасы тамған жерлердің бәрі әдемі ақ гүлдермен әрленеді. Сұлу бойжеткен оларды теріп алып, үйіне алып барады да, інісі аман қалады. Содан бері бәйшешек - үкілі үміттің нышаны саналатын болған екен.


Жақсылыққа деген үміттеріңіз ешқашан үзілмесін! Көктем жаршысы - бәйшешектің бүр жарып тұрғанын көре қалсаңыздар, жақындарыңызды қуантудан қалыс қалмаңыздар!


Тегтер:

өсімдік

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!