Қазақстандық тарихшылар жаңа оқулық жазу ісіне кірісіп кетті

Фотография - Қазақстандық тарихшылар жаңа оқулық жазу ісіне кірісіп кетті

Бүгінде еліміздің бірнеше ғалымы ұлт тарихына қатысты тың деректерді шетел мұрағаттарынан іздестіруде.

251 0

Бүгінде еліміздің бірнеше ғалымы ұлт тарихына қатысты тың деректерді шетел мұрағаттарынан іздестіруде. Сондай-ақ, мамандар қазір тарих ғылымын дамыту мен жаңа оқулық дайындау ісінің тұжырымдамасын әзірлеп жатыр.

Қазақ ұлтының негізі кім, ол қалай қалыптасып, қандай кезеңдерден өтті. Бүгінде тарихшылар осы мәселені зерттеуге ерекше ден қоюда.  Ғалымдардың  айтуынша, бүгінде оқылып жатқан қазақ тарихы көбіне XV ғасырдан кейінгі кезеңді қамтиды. Ал ежелгі, орта ғасырдағы ұлттың өткені әлі зерттелмей жатыр.  Тарихшылар алда жазылатын жаңа оқулықтарда осы кемшілікті ескермек. Еске сала кетейік, таяуда Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин ұлттық тарих пен қазіргі заманғы тарих бойынша жаңа базалық 2 оқулық дайындауды тапсырған болатын.

Зардыхан ҚИНАЯТҰЛЫ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері:

- Тарих бар. Тарих жоқ деуге болмайды. Тарих жазылды, жазылып жатыр. Бірақ тарихтың шолақ келте тұстары бар. Өйткені біздің түркі дәуірінен бөліп қарайды. Қазақ тарихы, қазақ мемлекеті, қазақ ұлты тек XV ғасырда пайда болған сияқты көрінеді.

Қазақстан тарихына байланысты деректерді зерттеу үшін қазір бір топ маман Иран, Қытай, Ұлыбритания сияқты бірқатар елдердің мұрағаттарына аттанды. Олар әлі ғылыми жұмыстарға енбеген қазақ ұлтының тарихына қатысты тың деректерді зерттейтін болады. «Зерттеуді кешенді жүргізу үшін бірінші кезекте бізге маман қажет»,- дейді ғалымдар. Өйткені қазір ежелгі дәуір тайпаларының тілі мен жазуын білетін маман жоқтың қасы екен.

Хангелді ӘБЖАНОВ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры:

- Ғалымдарды даярлау – үлкен мәселе. Қазір Phd докторларына тарих пәні бойынша бөлініп жатқан орындар онша көп емес. Міне осыны да биыл ұлғайтса деген тілек бар. Шетелде тарихшы мамандарды даярлау – өзекті мәселе. Айтайық, орта ғасырлар, ежелгі дәуір тілдерін білетін тарихшылар жоқтың қасы. Ал оларды білмей біз араб-парсы деректерін, антикалық деректерді қалай пайдалана аламыз? Міне, осыны шешу керек.

Сондай-ақ тарихшылар бізде антропология ғылымының да тұралап тұрғанын айтады. Мәселен, қазір Қазақстанда бұл салада 3-4 қана ғалым бар. Ал ежелгі дәуірді зерттеу үшін бұл саланы дамыту қажет. Қазір бұрынғы Кеңес одағы құрамында болған көптеген мемлекеттер өздерінің кейінгі тарихын қайта қарап жатыр. Бұл орайда мамандар өзіміздегі көптеген мұрағаттардың әлі толық зерттелмей отырғанын алға тартады. Аталған  жұмысты жүйелеу үшін қазір Қазақстан тарихының жаңа тұжырымдамасы әзірленуде. Бұл құжат күзде Үкімет қарауына ұсынылмақ.


Тегтер:

Тарих

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!