Көз жанарыңды сақта

Фотография - Көз жанарыңды сақта

Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты мен Халықаралық көз жанарын сақтау орталығы бірлесіп, көз жанарын сақтауға арналған офтальмологтардың ІІ Халықаралық 104-Тюбинген конференциясын ұйымдастырды

244 0


Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты мен Халықаралық көз жанарын сақтау орталығы бірлесіп, көз жанарын сақтауға арналған офтальмологтардың ІІ Халықаралық 104-Тюбинген конференциясын ұйымдастырды. 

Биыл оған еліміздің Денсаулық министрлігі де қолдау білдіруде. Шетелдік мамандардың қатысуымен өткен жиын барысында витреоретиналдық патологияны, офтальмологиядағы қант диабетінен асқынған ауруларды емдеу және ерте диагностикалау мәселелері талқыланды. Кезек тізгіні Алматыға жеткен 104-і жиынға әр тараптан офтальмолог-ма­ман­дар келіп, тәжірибелерімен алмасты. Отан­дық мамандардың айтуынша, қазір қант диабетіне шалдыққандар мен көз торының қабаттануымен ауыра­тындар саны азаймай тұр. Елімізде дә­рі­герлер мен қажетті техниканың жетіс­­пеуі­нен нау­қастар шетел асуға мәжбүр. – Сондықтан оның алдын алу үшін оф­таль­­мологиясы жоғары дәрежеде дамы­ған елдердің ма­мандарымен тәжірибе алмасудамыз. Олар бізге көз торының қабаттану патология­сын анық­тауды, оларды дұрыс емдеуді, көздің көрмеуіне әкелетін қабы­нудың асқынуын төмендетуді үйретуде. Мұндағы мақсат – көз торының қабаттану ауру­ларының диагностикасын ерте анықтап, емдеу. Бүгінде дүниежүзінде қант диа­бе­тімен ауыратындар ең біріншіден көздің көрмей қалуынан зардап шегеді. Со­дан қаншама адам көз жанарынан айыры­лу­да. Шетелде бұл мәселе баяғыда қолға алын­ған, ал бізде әлі кенжелеп тұр. Біріншіден, техникалық жабдықтар жетіспейді, екін­шіден оны меңгерген білікті мамандар аз. Сондықтан шетелдік офтальмолог маман­дар науқас соқыр болып қалмас үшін тек­серу жұмыстарын қалай жүргізу қажет екен­дігін түсіндіріп, тәжірибелерімен бөлісуде. Біз қазір Халықаралық көз жа­нарын сақтау орталығына барлық техни­каларды сатып алдық. Шетелден келген мамандар клиникада науқастармен ке­ңестер өткізді. Келер жылы бізде операция жасауды жоспарлап отыр. Содан кейін клиникада жаңа техникалық құрыл­ғы­ларды пайдалана отырып, еліміздегі ма­мандарға операцияны қалай жасау ке­рек­тігін үйретеміз. Кейін біздің науқастар шетел аспай өз елімізде емделе алады деп үміттенемін, –дейді Халықаралық көз жанарын сақтау орталығының дирек­торы Құралай Жазықбаева.

Мамандарды қынжылтатыны, қант диа­бетімен ауыратындардың көбі ауру­дың көз көруіне әсер ететінін біле бермей­тіндігі. Әсіресе, көз жанары суалғаннан кейін ғана маманның көмегіне жүгінеді екен. Аталмыш конференцияда қант диа­бе­тінің көзге әсері, оның қандай асқынуға әкеп соғатыны және онымен қалай күресу керектігі жөнінде айтылды - деп хабарлады  baq.kz

– Офтальмологияда ең ауыр пато­ло­гия – көз торының қабаттануы. Өйткені ол адамның соқыр болуына әкеледі. Елі­міз­де көз торының қабаттануын көз ин­с­ти­ту­тында ғана емдейді, басқа емдейтін ор­талықтар жоқ. Жалпы, еліміздегі кең тараған ауру – көз ішіндегі қысымның жоғары­лығынан пайда болатын «суқа­раң­ғылық» атанған глаукома диагнозы. Ол да соқыр­лыққа әкеледі. Екінші орында – қант диа­беті. Оның кесірінен көз түбінде қанның құйылуын туындататын тамыр­лардың дұрыс дамымауы көру қабілеті­нің нашар­лауына себеп. Ал диагнозды ерте қойсақ, емін табуға болады. Бұл курс­тың біз үшін маңыздылығы, мұнда көз­ торының қабатта­нуы­ның ерте диаг­нос­тикасын қоюды үйре­теді,– дейді Алматы мемле­кеттік дәрі­герлер білімін жетілдіру институтының офтальмология кафедра­сының меңгеру­шісі, профессор Бағдат Сүлеева.

Халықаралық көз жанарын сақтау ор­талығының директоры Құралай Жазық­баеваның айтуынша, осыдан кейінгі кон­ференция енді 2015 жылдың 3-қазанында өтпек. Онда көз торының қа­баттануы мен көз ісігі жайында тәжіри­белер ортаға са­лынады.

 


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!