Батыс Қытайда мұздықтар еруде

Фотография - Батыс Қытайда мұздықтар еруде

Жаһандық климаттың жылынуынан соңғы 40 жылда Джомолунгма тауында мұздың 10 пайызы еріген

951 0

Жаһандық климаттың жылынуынан соңғы 40 жылда Джомолунгма тауындағы мұздың 10 пайызы еріп, керісінше шыңның төменгі тұсындағы өзендердің мұзы 13 есеге артқан.

Бұл мұздықтар ерісе, сел қауіпі басым. Дегенмен Тибет таулары институтының ғалымдары әзірге аймақтың экологиялық жүйесі бірқалыпты деп мәлімдеме жасап отыр. Джомолунгмаға aльпинистер шығатын базаны бұрын қалың қар басып жатса, қазір қиыршық тастарды көруге болады. Мұндай жағдай тек осы жерде ғана емес, Тибеттің басқа да аудандарынан байқалады. Экологтардың айтуынша, мұздықтардың бұлайша еруі төменде мұзды көлдердің пайда болуына әкеледі. Ал оның соңы селге, тасқынға ұласады деген сөз. Мысалы, өткен ғасырдың 30-90 жылдары аралығында Тибетте осындай 15 оқиға тіркелген.

 На Лоскы, Тибет автономды аймағы қоғамдық және қоршаған ортаны зерттеу институтының ғылыми қызметкері:
- Соңғы 20 жылда Тибет үстіртіндегі мұздықтар еруінің жылдамдағанын аңғаруға болады. Бұл бізге біршама қиындық әкеліп отыр. Қар мен мұздың шамадан тыс еруі осындағы өзен, көлдердің арнасынан асып тасуына әкеліп соқты. Тіпті, қазір тау шыңдарынан бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен альпинистердің мүрделері табылып жатыр. Бұл мұздықтардың көптеп еріп кеткенін білдіреді.

Қытай, АҚШ, Швеция және Канаданың ғалымдары бірлесіп үш жыл бойы Тибеттің экологиялық жағдайын зерттеген. Оның нәтижесі осындағы климат жылынып, ылғалдана бастағанын көрсетті. Соңғы 50 жылдың ішіндегі көрсеткіш бойынша әр он жыл сайын үстірттегі ауа температурасы 0,32 градусқа жылып отырған. Бұл бүкіләлемдік көрсеткіштен екі есе жоғары. Бірақ жергілікті билік климат өзгеруінің жақсы жақтары да бар деп уәж айтады.

На Лоскы, Тибет автономды аймағы қоғамдық және қоршаған ортаны зерттеу институтының ғылыми қызметкері:
- Тибет экологиясы Азияның экологиялық жүйесіне тікелей әсер етеді. Бірақ оның жағымды жақтарын да айта кетпесек болмайды. Мысалы, күннің жылынуынан Тибеттің қатал табиғаты жұмсарды. Жаңбыр да молынан жауатын болды. Соның нәтижесінде біз аймақты жасылдандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Се Чжэньхуа, климаттың өзгеруі жөніндегі істер бойына ҚХР арнайы өкілі:
- Соңғы бес жылда Қытай климаттың өзгеруімен күресте біраз жетістікке жетті. 2010 жылмен салыстырғанда, 2014 жылы көміртектің тотығы 15,8 пайызға азайтылды. Бұл – бесжылдықтың дамуына сәйкес жұмыс істелді деген сөз.

Тибет аймағы жылына 1 млн 700 мың кВТ энергия өндірсе, оның 15 пайызға жуығын табиғи қуат көздерінен алады. Күн сәулесінен энергия өндіретін құрылғыларды жаппай орнатып тастағанын көрдік. Жылына 3000 сағат күн көзі түсетін "әлем жотасы" өзінің табиғи ерекшелігін тиімді пайдалануда.

Тибет таулары институтының ғалымдары транспорт, туризм, урбанизация, пайдалы қазбалар жұмыстарын жүргізу аймақтағы кейбір аудандар экологиясына кері әсерін тигізіп жатқанын жасырмайды. Бірақ Тибет Автономды аймағының энергия тұтынуда табиғи қуат көздерінен алатын үлесі артып келеді, сондықтан да бұл аймақ жер шарындағы ең таза, тіпті экологиялық жүйесі Арктикамен тең деп отыр.

Жалпы Қытай Үкіметі Тибеттегі экологиялық қауіпсіздікті сақтау және қамтамасыз ету жөнінде арнайы жоспар қабылдаған. Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған 10 жобаға 2 млрд доллар да бөлді. Жаһандық климаттың жылыну мәселесі желтоқсанда БҰҰ-ның Парижде өтетін конференциясында талқыланады. Жиынға қатысатын 200 мемлекет экономикада көміртекті аз пайдалану жөніндегі жалпы келісімді қабылдауы тиіс.

24.kz


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!