2194

Қазір 3D принтерін жасайтын жағдайға жеттік – PhD доктор Мәдина Алиманова

Жастар арасында 3D модельдеу және 3D анимацияға қызығушылық жоғары. Еліміздің кейбір жоғары оқу орнында арнайы лабораториялар бар.
Фотография - Қазір 3D принтерін жасайтын жағдайға жеттік – PhD доктор Мәдина Алиманова Сурет: Instagram.com

Жаңа технологияны меңгеру, иегеру тек күн көріс емес, жаңа заман талабы. Әсіресе, жастардың жаңа технологиямен "достасуы" маңызды іс. Жастардың бұл бағытқа деген қызығушылығы болған күнде, оны меңгеруге мүмкіндік бар ма? Осы сынды сұрақтарға жауап табу үшін Today.kz PhD доктор, Сүлейман Демирел атындағы университеттің инженерлік және жаратылыстану ғылымдары факультетінің компьютерлік ғылымдар кафедрасының меңгерушісі, SDU 3D лабораториясының жетекшісі Мәдина Алимановамен сұхбаттасты. 

– Мәдина Оңғарқызы, қайырлы күн! Сіз дәріс оқиын жоғары оқу орнында 3D лабораториясы жұмыс істейді. Студенттер арнайы курсқа қатысады екен. Жалпы оқу орны қабырғасында мұндай зертхана қалай ашылды?

– Мен 2014 жылы СДУ-ға жұмысқа келгенде факультет басшысы Мейрамбек Жапаров менің алдыма  СДУ-дағы 3D бағытын  дамыту міндетін қойды. Осыдан кейін біздің студенттер үшін курс аша бастадық. Алдымен компьютерлік модельдеу, 3D модельдеу курстарын аштық. Ал  2015 жылдың көктеміне қарай 3D зертханаға керек техникаларды сатып ала бастадық. Ол кезде 3D принтер ТМД нарығында енді ғана пайда болып жатыр еді. Біздің елімізде тек Қазақ-Британ техникалық университетінде, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде және Назарбаев университетінде ғана 3D принтер болған шығар. 3D зертханасын ресми түрде 2015 жылдың қазан айында аштық. Ол кезде студенттерімізбен бірнеше жоба дайындап қойған едік.

Фото -

– Сол уақыттан бері зертхана қандай жетістіктерге жетті?

– Негізі 3D баспамен кез келген затты өзгертіп, өңдеп немесе қайта жасауға болады. Біз  түрлі эксперименттер өткізе бастадық. Қазір біз 3D бағыты бойынша өз принтерімізді немесе жаңа принтерлерді жасай алатын жағдайға жеттік. Пішінді тек пластикадан ғана емес шоколадттан да жай аламыз. Ол үшін бізде арнайы шоколадты 3D принтері бар. Қазір зертхана алдында 2 макет тұр. Оның біреуі Алматы қаласының, екіншісі Астана қаласының макеті. Осы макеттерді бастан-аяқ студенттер жасады. Ең алдымен ғимараттардың жобасын AudaCAD, 3Ds MAX бағдарламалары арқылы жасап алдық. Ары қарай 3D принтер арқылы пластиктерді баспадан шығардық. Содан кейін ғана макетті жинастырдық. Осы макеттің көмегімен артынша түрлі қосымшалар істей беруге болады. Біз 3D зертханасында көрінбейтін нәрселерді емес, керісінше жұртқа таныс нәрселерді істейміз. 

Фото -

Фото -

Фото -

– Зертхана тек СДУ студенттеріне ғана курс өткізе ме әлде өзге де мекемелермен серіктестік құра ма?

– 2015 жылдан бері зертхана Autodesk компаниясының ресми серіктесі. Олардың қызметкерлеріне осы бағыттағы курстар өткіземіз. Былтыр біздің зертхана Қазпоштаға 3D зертханасын ашуға көмектесті. Былтырдан бері Қазпошта мен СДУ 3D зертханасының бірлескен лабораториясы бар. Осы семестрде біз 3D анимация курсын аштық. Курста анимация мен мультипликацияға арналған жаңа бағдарламаларды игере бастадық. Бұл курс бойынша қазір 25 адамға білім беріп жатырмын. Бірақ бұл эксперименталды курс. Егер жақсы нәтижеге жетіп жатсақ, жазда кез келген адам үшін ақылы курстарды ұйымдастыруымыз мүмкін. 

Фото -

Фото -

– "Өнердің өзге түрлерінің мүмкіндігі таусылған тұста, мультипликация салтанат құрады" деген екен әйгілі болгар режиссері Тодор Динов. Жалпы Қазақстандағы анимацияның, мультипликацияның дамуына қандай баға бересіз? 

– Анимацияның Қазақстанда дамуы кенже қалып отыр. Анимациялау әзірге Қазақстанда бос тұр деуге болады. Елімізде профессионалды анимациямен Арман Усупов және бірнеше компания ғана айналысады. Егер шынына келсек біздің нарық үшін бұл тым аз. Қазір әлемде анимацияның дамығаны соншалық, бір нәрсенің шын нәрсе немесе компьютерлік графика екенін айыра алмай қаласыз. Жалпы жастардың қызығушылығы жоғары, қызығушылық бар. Тіпті модельдеудің іргетасын кейбір мектептерде оқытып жатыр. 2D, 3D бойынша сызба жасауды үйретуге талпынып жатыр. Мектеп оқушылары болсын, студенттер болсын, ересек адамдар да бұл салаға қызығады. Бұл қуантады.

– Мәдина Оңғарқызы, сұхбатыңызға көп рақмет!