Батыс Қазақстанда жылыжайлар саны артып келеді

Фотография - Батыс Қазақстанда жылыжайлар саны артып келеді

Тек биыл өңірдегі жылыжайлардан 210 тонна өнім жиналған

296 0

Батыс Қазақстан облысында жылыжайлар саны көбейіп келеді. Бұл тұтынушыларды жергілікті сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде. Тек биыл өңірдегі жылыжайлардан 210 тонна өнім жиналған.

Қыс маусымында ерте пісетін көкөніс дақылдарының маңызы арта түседі. Дәруменге бай жеміс-жидек негізінен оңтүстік өңірлерден әкелінеді. Соңғы жылдары жылыжайлардың көптеп салынуымен бірге сөреге жергілікті өнімдер де молынан түсе бастады. Бірер жыл бұрын іске қосылған мына жылыжайда тәулігіне 80 келіге дейін қияр өнімі алынады.

Сергей БОРИСОВ, жылыжай кешенінің басшысы:

- Жылыжайдың аумағы әзірге 750 шаршы метр. Келер жылы оны 3 мың шаршы метрге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Өнімдерімізді негізінен қазан мен сәуір айы аралығында саудаға шығарамыз. Жылуды үнемдеу мақсатында тамшылатып суару әдісін енгіздік. Егер жұмсалатын газға субсидия бөлінсе, өнім көлемін арттыра түсер едік.

Бүгінгі таңда облыста жалпы 38 жылыжай бар. Оның жалпы көлемі 15 400 шаршы метрді құрайды. Қуантарлығы, жылыжай кешендері барлық аудандарда іске қосылған. Мәселен, Ақжайық ауданында әрқайсысының көлемі 250 шаршы метр болатын 9 жылыжай жұмыс істеп тұр. Ал, Зеленов ауданындағы «Алтын болашақ» жылыжайының көлемі 2 мың шаршы метр. Олардан жылына екі рет өнім жиналады.

Аманбай ОТАРБАЕВ, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бас маманы:

- Жалпы облыс бойынша ашық топырақта өсірілетін көкөністі қоса есептегенде биыл 55 400 тонна көкөніс өндірілген. Ал, біздің облыс тұрғындарына қежетті көлем - 46 мың тонна. Сонда, 9 мың тоннадай артық өндіріліп отыр. Негізінен бұлар қырыққабат, сәбіз өнімдері. Өзімізден артылған өнімді көршілес Атырау, Ақтау қалаларынан келіп алуда.

Мектеп жанынан жұмыс істейтін жылыжайлар саны да артып келеді. Алынатын өнімдермен бірінші кезекте мектеп-балабақша мен аурухана секілді әлеуметтік нысандар қамтылады.


Тегтер:

ауыл

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!