Қазақстандықтардың жалақысы қанша?

Фотография - Қазақстандықтардың жалақысы қанша?

Жеті жүз мыңдай айлық алатын депутаттардың бұл дәрекке күмәні де жоқ. Ал, табанын тіліп жүріп елу-алпыс мың теңге табатын қалың жұрт үшін статистика агенттігі айтқан айлық тағы да арман болып  қалғандай

228 0

Статистика агенттігінің берген мәліметтеріне сүйенсек, елдегі орташа жалақы 100 мың теңгеден асып жығылады екен.

Агенттіктің орташа бағамды қалай есептегені белгісіз, отандастарымыздың жартысы орташадан төмен айлық алады. Қанша есептесек те қарапайым халықтың қалтасы жұқа.

Ақ қар, көк мұзда жол тазартып, аязды күні күні аянбай еңбек етіп жүрген жұрт aстаналықтардың еркін жүріп-тұруына жағдай жасауда. Таң атпай тұрып, қолына қайла-күрегін алатын бұл жұмысшылар қысы-жазы қала тазалығын қамтамасыз етеді. Боранды күні бетін бүркеп, аязды күні аяқ-қолын тоңдырып жүріп алатын жалақылары 40 мыңнан 70 мыңға дейін. Ал бір үйлі жанды асырап отырған Бәтеш апай алған айлығына қанағат етумен келеді.

- Төртте тұрамыз, алтыда жұмыста боламыз. Төрттен төртке дейін істейміз ғой енді. Табысымыз орташа. Жаздай жүзден алдық, 70-80 бар. 70-80 мың енді, расында мен ауылда тұрамын, қалада тұратын болса қиын ғой, квартира, тамағы бар. Бала-шаға.

Алайда, әлеуметтанушы мамандардың сөзіне сенсек, қазақстандықтардың қалтасын ай сайынғы несие жабу мен тамақ жұқартады екен.

Базардағы ең өтімді саналатын сиыр еті 12 пайызға қымбаттағанын айта кетейік. Сонымен қатар, пәтер ақы мен оқу ақысы да халыққа айтарлықтай ауыр тиіп отыр. Есесіне емделу мен киім-кешекке шығын аз кетеді екен. Мұның бәрі статистика агенттігінің берген мәліметі. Алайда азық-түлік пен қызмет түрлері қымбаттағанымен, жалпақ жұрттың жалақысы жоғары жылжығысы келмейді.

ӘЛИХАН СМАЙЛОВ, ҚР Статистика агенттінің төрағасы:

- Қарашада қызметкерлерге есептелген орташа айлық, атаулы жалақы 100866 теңгені құрады. 11 жылдың қараша айымен салыстырғанда 9,9 пайызға өсті. Ал нақты жалақы индексі 104,1 пайызды құрады.

Ал халықтың басым бөлігін азықпен, шикізатпен қамтамасыз ететін ауылшаруашылық қызметкерлері ең төмен жалақы иелері. Бұл сала мамандарының орташа еңбекақысы - 50988 теңге. Бұл - елдегі орташа жалақының жартысы. Ал, зейнетақының ең жоғарғы көрсеткіші.  Мамандар бұл қаржы азық-түлік алуға да жетпейді дейді.  

СИЯЗБЕК МҰҚАШЕВ, ҚР Кәсіподақ федерациясының төрағасы:

- Пенсиялар орта есеппен 9 пайызға өссе, бағалар, қала ішіндегі халыққа қызмет көрсететін мекемелердің барлығының бағасы өсіп жатыр. Базардың бағасы пенсия көтеріледі деген күннен бастап өзінен-өзі көтеріліп кетті.

Осылайша статистика агенттігі 2012 жылдың орташа жалақысын жүз мыңнан асырды. Жеті жүз мыңдай айлық алатын депутаттардың бұл дәрекке күмәні де жоқ. Ал, табанын тіліп жүріп елу-алпыс мың теңге табатын қалың жұрт үшін статистика агенттігі айтқан айлық тағы да арман болып  қалғандай.


Тегтер:

Отунбаева

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!