Гастарбайтерге сеніп, жастарымыз жалқау болып барады

Фотография - Гастарбайтерге сеніп, жастарымыз жалқау болып барады

Бүгінде үйіміздің есігін ауыстырсақ та, таныс-білістен не жарнама газеттерінен өзбек пен қырғыз, қарақалпақ секілді өзге ұлт өкілдерін іздейтін болып алдық

261 0

Бүгінде үйіміздің есігін ауыстырсақ та, таныс-білістен не жарнама газеттерінен өзбек пен қырғыз, қарақалпақ секілді өзге ұлт өкілдерін іздейтін болып алдық. Яғни жағдайымыз жақсы

Әлеуетіміз артып кет­кен. Қазақтың азаматтары төр­де жатып теледидар қосып қойып, есігінің тұтқасын шекара асып, шеттен келгендерге жөнде­теді. Немесе, керісінше. Келімсектің қолынан келген іске біздің ер-азаматтарымыздың ебі жоқ. Балға ұстап, шеге қаққанды ұят санайды. Ол аздай, ата-әже институтынан зәресі қашқан қалалық келін бесіктегі баласын ұлты басқа «апайдың» тәрбиесіне бергенді жөн көретінді шығарды. Ас-суын қарақалпақтың қызы­на дайындатқанды мақта­ныш санайтындардың қара­сы көбейді. Мұның бәрі ақкө­ңіл қазақтың кірін жуса да, еліндегіден екі-үш есе жоғары ақша табуға ниетті келім­сектердің айын оңынан туғызды.


Жұмысқа емес, «қонаққа келушілер» көп

Өткен жылы Әлемдік банк Қазақстан мигранттарды қабылдайтын елдердің ішінде 9-орынды иеленеді деген деректі келтірді. БҰҰ сарапшылары біздің елге келе­тін еңбек мигранттарының саны 2050 жылға дейін өсе беретінін де болжап тастады. Бұл да мүмкін, өйткені өткен екі жыл­дың ішінде ғана 2 млн шетелдік біздің шека­раны аттапты. Оның бір миллионға жуығы Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінің азаматтары екен. «Қызығы» сол, Қазақ елінің табалдырығын аттағандардың бір пайызы ғана жұмыс жасауға келгендері жай­лы құжат толтырса, 96 пайызы жеке ша­руаларын алға тартқан. Бұл көрсеткіштің шын­дықпен жанаспайтыны соқырға таяқ ұстат­қандай белгілі жайт. Қазақ елінің бір қалтарысындағы мұнайлы Атырау бүгінде мигранттардың сүйікті мекеніне айналды. Өткен жылы жұмысқа тартылған шетелдік жұмыс күші 2011 жылмен салыстырғанда 31,5%-ға азайды делінгенімен, бұл тек қағаздағы көрсеткіш қана.

Айталық, 2011 жылы Атырауға бір ғана Өзбекстаннан 39245 адам келіпті, оның 28-і іскерлік мақсатта, 31-і жұмыс бабымен келгендер ретінде тіркелген. Қалғандары Жайық жағасындағы әдемі қаланы тек «тамашалап кетуге» келгенге ұқсайды. Күлкілі көрінсе де, құжатқа қатталған көрсеткіш осындай. Шын­ды­ғын­да, Атырауға «қыдырып» келген «қо­нақ­тар­ды» құрылыс, сауда, қызмет көрсету сала­ларында жұмыс жасап жүрген жерлерінен кезіктіру де қиын емес. Өйткені Қазақ елінде бір ай ғана тұруға рұқсат қағазы бар кез келген шетел азаматы көр­шілес Ресей жеріне өтіп, екі-үш сағаттан кейін шекарадан өткен есепте қайта кіріп, жаңа құжат алады, сөйтіп, тағы бір ай жұмысын жалғастыра береді. Және олар­ды қызметке мекемелерден бөлек жеке аза­маттардың да алатыны тағы бар.

Өзбектер еліне кетті, базар босап қалды.

Атырау базарларының «берекесін кіргізіп» отыратын өзбекстандық сауда­гер­лер аяқастынан азайып кетті. Күнделікті ине-жіп, ілгек, қайшы секілді керек-жарақ­тарын солардан алып үйренген жергі­лікті тұрғындар келімсек саудагер­лер­дің басына үйірілген қара бұлт жайлы Парламенттегі әңгімеден бейхабар болса керек, «Жаңа жылға елдеріне кеткен ғой, келер» десіп жатты. Биылғы 1-қаңтардан бастап сауда нүктелерінде кәсіпкерлік қыз­мет жүргізу үшін берілетін бір реттік талон­дар­дың қолданыстан алынғаны қара базар­ды қаңтарылған бос орындарға тол­тырды. Облыстық салық департаменті бастығының орынбасары Айгүл Рзағұлова барлық саудагерлерге жеке кәсіпкер ретін­де тіркеліп, тиісті салық тәртібін таңдау мүмкіндігі берілгенін айтады. Яғни кәсібін жалғастырғысы келгендер патент, оңай­ла­тылған мағлұмдама немесе салық төлеуі тиіс болатын. Және Заңға енгізілген толық­ты­рулар нәтижесінде жеке кәсіпкер атан­ғысы келген шетелдік азаматтар Қазақ­стан­да тіркелуі шартқа айналды. Бұған дейін ешқандай мәжбүрліксіз, күнделікті орынақысын төлеп қана саудасын жасап келген өзбек ағайындардың қиналып қал­ғаны да осы тұс. «Өткен жылы еш жерде тіркелмей, сауда жасап жүрген 1 100 резидент еместер анықталды», – дейді Айгүл Рзағұлова, – тексерулер нәтижесінде олардың саны азайды. Салық төлемей, заңсыз сауда жасап жүрген басқа ел азаматтарын анықтау үшін көші-қон поли­циясы қызметкерлерімен бірге жұмыс істеп жатырмыз».

Облыстық көші-қон полициясы бас­қар­масының бастығы Руслан Әділов заң талаптарын орындауға базар иелері де мүдделі болулары керектігін айтады. Жыл басынан бері заңсыз сауда жасап, қулығын асырған 158 шетел азаматына айыппұл салыныпты. Ал осы жағдаймен екінші рет ұсталғандар ел аумағынан шығарылатын болады.

Мигранттар мәселесін жылы жауып қою­дың ақыры елдегі әлеуметтік тұрақ­тылыққа салқынын тигізуі әбден мүмкін. Себебі заңды түрде тіркелмеген, ешқандай медициналық сақтандырылуы жоқ, ел бюджетіне салық төлемейтін «қонақ» құттан бұрын жұт әкелуі кәдік. Эконо­ми­ка­лық тұрғыдан алғанда да ұтылар тұсымыз аз емес. Әрине, шеттен ешкім келмесін деп, шекараны тас бекітіп отыруға тағы бол­майды, бірақ бәрі де заң жүзінде болуы тиіс. Әйтпесе, гастарбайтерге сеніп, жастарымыз жалқау болып барады...


Тегтер:

Отунбаева

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!