Мұсылман жұртшылық Мәуліт мерекесін атап өтті

Фотография - Мұсылман жұртшылық Мәуліт мерекесін атап өтті

Игі шара Алматыдағы Республика сарайында өтті

281 0

2 ақпан күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әз пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) дүниеге келген айына орай, жылдағы дәстүр бойынша, Мәуліт салтанатын ұйымдастырды.

Игі шара Алматыдағы Республика сарайында өтті. Алла Елшісіне (с.ғ.с.) салауаттар айтылып, сәлемдер жолданды. Бұл туралы ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы мәлім етті.

Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет «Ең ардақты тұлға» тақырыбында уағыз айтты, халықты мерейлі мерекемен құттықтады, бата беріп, дұға жасады.

Белгілі ақын Бекарыс Шойбеков арнау айтып, пайғамбар (с.ғ.с.) даналығын паш етті. 9 жасында алаш жұртына танымал болған жас ақын Жамбыл Дүйсенов өзі шығарған «Адамзаттың абзалы» атты өлеңін тебіреніспен оқығанда, жиналған жұрт үлкен әсерге бөленіп, «Алла тіл-көзден сақтасын» десті.

«Бақыт деген не?» Бұл - сарайда сахналанған көріністің тақырыбы. Бақыт - иманда. Көрермендерді осындай ойға жетелеген қойылым көпшіліктің көпке дейін айтып жүретін ғибратты көрінісіне айналды. Әсерлі көріністен ғибрат алған адамдар көздеріне ерік берді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Дін - насихат», деген. Олай болса, асыл дінімізді насихаттауға тек дін мамандары емес, барша мұсылман баласы да жауапты.

Аллаға шүкір, бүгінгі таңда айтыскер ақындарымыз да дініміз Ислам жайлы шұрайлы өлеңдерімен халықтың жүрегіне жол тауып, әсерлі сөздерімен ізгіліктің насихатшысына айналды. 

Қарағандылық ақындар - Айтбай Жұмағұлов пен Дидар Қалиевтердің рухани айтысы да салтанаттың көркін қыздырды. Ұтымды ұйқастары да пайғамбар өсиетімен үндесіп, өзінше қабысып жатты. Ат сүрінгенше сөз тапқан мұсылман қазақ үшін айтыс өнерінің жөні бөлек. Талантты ақындардың ғибратты өлеңдеріне тәнті болған жұрт алғыстарын жаудырып, ду-ду шапалақ ұрды.

Пайғамбарымыз мейірімді жан еді. Жетімдердің басынан сипап, оларға қамқор болуды бұйыратын. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сол өнегесін сан ғасыр бойы ұстанып келген қазақ халқы да жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай, «Жетім көрсең жебей жүр» деп, асыл дініміз Ислам қағидаларынан ауытқымай, иман беріктігін танытып келгені баршамызға белгілі. Сахна төріне шыққан танымал «Жігіттер» тобының орындауындағы «Жетімдер» әні көпшілікке көп ой салғаны анық.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аппарат басшысы Балғабек Мырзаев билет сатудан түскен қаржыны №1 қалалық сәбилер үйінің басшысы Ембердиева Жазираға, №2 қалалық сәбилер үйінің басшысы Қожамқұлова Ләтипаға табыстады. Осылайша пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті орындалып, халық сауапты іске мұрындық болған Дінбасы мен діни басқарма қызметшілеріне ризашылықтарын жеткізді.

Белгілі әншілер - Роза Әлқожа, Сержанәлі Әлібек, Нұрғанат Рахметов, қырғыздың танымал өнер қайраткері Эмил Балтағұловтардың шырқаған иләһи әндері халықтың құлақ құрышын қандырып қана қоймай, жұрттың жүрегіне имандылық дәнін септі. Халық әртісі Есендір Хасанғалиев те діни әннен шашу шашты.

Академик Сұлтан Сартаевтың имандылық жолда жүрудің артықшылығы туралы айтқан сөздері мен пайғамбар жайлы тұщымды ойлары көпшілікті әсерде қалдырды. Дінтанушы Мұхитдин Исаұлының «Пайғамбарға сағыныш» тақырыбында айтқан үгіт-насихатын, уағызын көрермендер ұйып тыңдады.      

«Лә иләһә Иллалла» деп ұраным,

Қызыл тілді кәлимаға бұрамын.

Мұхаммедтей (с.ғ.с.) мінсіз мінез бере гөр,

Осы менің Жаратқаннан сұрарым».

Мәуліт салтанатын жүргізген белгілі актер Тұңғышбай Жаманқұлов сөзін осылайша тәмамдады.


Тегтер:

дін

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!