Керекуде тебіндегі жылқы қырылуда

Фотография - Керекуде тебіндегі жылқы қырылуда

Керекуде тебінді жайылымда жүрген 500-ге жуық жылқы құлаған

280 0

Керекуде тебінді жайылымда жүрген 500-ге жуық жылқы құлаған.

Өңірде қараша айы басталмай жатып түскен қардың қалыңдығы қаңтардың соңында бір метрге жеткен. Бұл аз болғандай толассыз жауған жауын жерді мұзға айналдырды. Бұл тебіндегі жылқыларға соққы болып отыр. 

Облыс орталығынан 200 шақырымда жатқан Ақкөл ­ - жылқыға бай ауыл. Шаруа қожалықтарын есепке алмағанда әр қорадан  кемінде 20-30 бас кездестіре аласыз. Бірақ қыстың жайсыздығынан жануарлар  қорада тұр. Өңірдегі шаруа қожалықтарының жағдайы тіптен  мүшкіл.

Марат  ШӨПШИН, шаруа қожалығының басшысы:

- 3 қарашадан бастап 22 қарашаға дейін алай-дүлей жиырма күн боран болды. Күнде шықсақ та, жылқы быт-шыт болып кетті. Біздің жақта ешқандай пана жоқ. Жазық дала болғандықтан жылқы жүре береді. Ие бола алмай қаламыз. Қатарынан 20 күн соққан боранның кесірінен біраз жылқыны жоғалтып алдық.

Айта кетерлік бір жайт, қазірде облыс көлемінде бес жүздей жылқы өлген. Жануарлардың жаппай қырылуының себебін  мал дәрігерлері  анықтап жатыр. Медициналық сараптама олардың аурудан өлмегенін көрсетті. Бұған ауа райының қолайсыздығы әсер еткен. Әсіресе, жабағылар бораннан кейін жауған жаңбырды көтере алмай қалған.

Төлеубек ЖАКЕНОВ,  Екібастұз қаласының бас санитарлық инспекторы:

- Бұл жағдайда ешқандай індет анықталған жоқ. Зерттеулер боранға қарамастан уақытылы жасалды. Тағы да 25 бастан  қан алдық, оның қорытындысы алдымыздағы күндері белгілі болады.

Павлодар облысында жүз мыңдай жылқы бар. Оның көбісі Баянауыл, Ертіс, Май аудандары мен Екібастұз ауылдық аймақтарының еншісінде. Ең көп шығын Ақсу аумағына қарасты Пограничник елдімекенінде орналасқан жеке шаруада тіркеліп отыр. Бұл шаруа қожалығында мал аштан қырылған. Жаздың қуаңшылығынан биыл шөп аз шықты. Оның үстіне Ертістің суы жайылмады. Осы жағдайға орай  Үкіметтен жем-шөпке және арзандатылған жанар-жағармайға субсидия берілген болатын.

Асқарбек МУСТАФИН, Ветеринария ғылымдарының докторы:

- Қазір сол субсидияның бәрін тексерту керек. Ол қосымша қаражат қайда кетті, қалай ұсталды дегендей. Оған қажет техника немесе үй сатып алды ма? Малға алынған субсидияны малға ұстау керек.

Ақкөл - Жайылмада орналасқан тағы бір ірі шаруашылық. Асыл тұқымды жылқы мен сиыр қатар өсіріледі. Мұндағы жағдай біршама тәуір, шығын жоқ. Бірақ жылқышылар малды атпен емес, трактормен бағып жүр. Малшылар мидай жазық даланың бір күн ішінде жалтыраған мұзға айналғанын айтып қынжылады. Қатқақта жүре алмаған жануарлардың тірсегі  қан-жоса болып қиылып кеткен екен.

Марат ӘКІШЕВ, жылқышы:

- Біздің техникамыз бар. Кей жерлерде техникасы жоқ аттардың аяқтары мүлде қарауға да келмейді. Тұяқтары тізеге дейін тілінген. Соның арқасында енді кішкене малға ие болып отырмыз. Шамамыз келгенше жүгіріп жатырмыз. Көктем ерте шықса екен. 

Шынымен де тебінде жүрген малды қораға қамау сирек кездесетін жайт. Биыл ауа райының қолайсыздығы малшыларға ауыртпалық жүктеді. Жергілікті билік  жағдайды бақылауға алды. Жем-шөптен таршылық көрген  шаруашылықтарға 8 мың тонна кебек төмен бағамен берілді. Шөп Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарынан жеткізілуде.


Тегтер:

ауыл

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!