Дүмбілез дәрігер науқастың сау ішегін кесіп тастаған

Фотография - Дүмбілез дәрігер науқастың сау ішегін кесіп тастаған

Мұндайда сұмдық болады екен?

252 0

Мұндайда сұмдық болады екен? Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Көксарай ауылының тұрғыны Ә.Тасқараевтан Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекованың блогына төмендегідей мазмұндағы хат келіп түскенде жағамызды ұстадық.

Сөйтсек оқиға былай болған екен. Әділхан деген елу жастан асқан азамат Шымкент қаласындағы Облыстық онкологиялық диспансер берген жолдама бойынша ішек-құрылыс ауруымен Алматы қаласындағы Каз НИИ ОиР ауруханасының Обдоминальді хирургия бөлімшесіне қабылданады. Бірақ квотаға келген пациентті аурухана хирургі Күзекеев Марат Оразұлы деген адам құлықсыз қабылдапты. Дәрігер дертіне дауа іздеп келген науқасқа квотасы болса да отаға, емдеуге кететін басқа да керек-жарақтарға ақша төлейтінін ескертіпті. «Болмаса, «отказ» жазып кете бер» деп құқай көрсеткен. Әділханның айтуынша, басқа барар жері жоқтығынан ол еріксіз келіскен.

– Осы клиникада ирригаскопиялық жолмен тоқ ішегімдегі алынуға тиісті полипті анықтады. Диагноз: «рентгенкартина полиповидного образования ректосигмоидного отдела» деп көрсетті. Шымкент қаласында жасалынған колоноскопиялық зерттеудің нәтижесін қосымша алдыртты. Қорытынды: 20см тереңдікте 2х2 см көлемде ректосигмоидный полип өсіндісінің тұрғанын көрсетіп берген.

01.09.2011ж. Тоқ ішегімдегі полипті алып тастау үшін маған операция жасалынды. 03.09.2011ж. Реанимация бөлімінен 309 палатаға шығарылдым.

05.09.2011ж. Есімді жинаған соң, маған ота жасаған хирург Марат Күзекеевтен операция барысын сұрағанымда, «мен сенен полип таппадым» деді. «Сенде қорқатын ешқандай ауру жоқ»,– деп мені жұбатқан болды.

Мен: «Кеше ғана ирригоскопия, колоноскопияда көрініп тұрған полип бір күнде қалай жоғалып кетеді? Марат, полипті алмасаң, менің жанымды қинап не үшін ота жасадың?»,– дедім.

06.09.2011ж. Емдеуші дәрігер Елдос Сармұрзаевтан: «Не болды? Жараны қалай алмадыңдар? Сен де операцияда болдың ғой» дегенімде, «тоқ ішегіңіздің едәуір бөлігін кесіп алып лабороторияға жібердік, сол жақ анықтайды»,– деді. Мен жағамды ұстап: «Сендер менің сау ішегімді кескенсіңдер»,– дедім. Бірақ үмітімді үзбедім.

13.09.2011 ж. Ауруханадан шығарылдым.

22.12.2011ж. Ауруым асқына түскен соң Шымкент қаласындағы Диагностикалық орталыққа Колоноскопия аппаратына түстім. Дәрігер Күрекбаев Бауыржан маған операция кезінде полиптің алынбағанын, бұрынғы орнында тұрғанын, қайта үлкейгенін айтты.

27.12.2011ж. Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасындағы жоғары санаттағы эндоскопист Анипин.А. деген дәрігер де колоноскопиялық аппаратпен зерттеп, Диагностикалық орталық берген қорытындыны растап, тоқ ішектің сау жерінің кесіліп алынғанын растады.

Құрметті министр, осы жоғарыда көрсетілген жайттарды қарап, адам өміріне, менің науқасыма осыншама жауапсыз қараған Алматы қаласындағы КазНИИ ОиР дәрігері М.О.Күзекеевке шұғыл шара қолдануыңызды сұраймын. Және де жауабыңызды беруді өтінемін.

ОҚО, Отырар ауданы, Көксарай ауылы Тасқараев Әділхан Тәжіханұлы».

Ай аман, күн тынышта дертіне дауа іздеп барып, қайта ауруына ауру жамап қайтқан, сау ішегін кестіртіп сорлап қалған Әділхан ағайдың шағым хаты министр блогына кеше, 4 ақпан күні түсіпті. Соған қарағанда Марат Күзекеев аталмыш клиникада әлі жұмыс істеп жүргенге ұқсайды. Осы бір жыл уақыт ішінде «ішек кескіш» дәрігер тағы қанша адамды «емдеп» үлгерді екен? Бұған министр мырза не дейді екен? Мынаны естіген жұрт енді дәрігерге барудан қорқатын шығар? О,Құдай, өзің сақтай гөр!

Дәулетқали Асауов


Тегтер:

аурухана

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!