Мақта өсірудің қалдықсыз технологиясы пайда болды

Фотография - Мақта өсірудің қалдықсыз технологиясы пайда болды

Оңтүстік Қазақстан облысында мақтаның сабағынан құрылысқа қажетті тақтайшалар шығаратын зауыттың жұмысы қарқын ала бастады

456 0

Оңтүстік Қазақстан облысында мақтаның сабағынан құрылысқа қажетті тақтайшалар шығаратын зауыттың жұмысы қарқын ала бастады.

Мақтарал ауданында өткен жылдың соңында ашылған кәсіпорынды салуға «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығының берген қаржысы сеп болды. Ақ алтынды теріп алынған соң, белуардан келетін сояудай сабақтарын жергілікті тұрғындар орып алып, пешке тамызық ретінде пайдаланатын. Қалған қозапаяны күзде жермен бірге жыртып тастайтын. Ол көктемде тармаға ілініп, дихандарды әбігерге салатын. Бір ғана Мырзашөл өңірінде 100 мың гектар алқапта мақта егілетінін ескерсек, соншама мақта сабағын тазалап шығу шаруалар үшін қосымша жұмыс, артық шығын еді. Күні бүгінге дейін керегі жоқ деп саналып, егістік алқаптарында шіріп жатқан мақта сабағы кәдеге жаратылып, таптырмайтын шикізат көзіне айналды.

Нұрмұрат МҰЗАРАПҰЛЫ, кәсіпкер:

- Қаттылығы жоғары, ағаш тақталарға қарағанда қатты әрі жеңіл, бағасы арзан. Желімді өзіміз осы жерде жасаймыз. Сондықтан бұның бәрі бағаның төмен болуына көп септігін тигізіп жатыр.

Зауыт жылына 30-50 мың шаршы метр сығымдалған құрылыс тақтайшаларын шығаруға қауқарлы. Қосымша жұмыс орны да ашылды. Жаңа өндіріс шикізатсыз қалмайды.

Мәдениет ҚАБИЕВ, зауыт менеджері:

- Үйге еден орнатуға және өзге керек-жарақтарға пайдасы көп екендігін айтып жатыр. Болашақта Алматыға, басқа қалаларға жібереміз. Сұраныстар бар.

Кәсіпорын «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы шеңберінде іске қосылған. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағыты аясында қажетті инфрақұрылым жеткізіліп, өндіріс көлемі мен өнім түрін көбейту жоспарда бар.

Серік ТҰРБЕКОВ, ОҚО Мақтарал ауданының әкімі:

- Жиһаз жасайтын тақтайшалар шығарғалы жатырмыз. Алдағы уақытта керек жабдықтары әкелініп, орнатылады. Ауданда 30 шақты жиһаз шығаратын кәсіпкерлер бар. Соларға бұл өнім кәсібін өркендетуге үлкен септігін тигізеді деген сенімдеміз.

Зауыт бүгінгі күні 200 текше метр тақтайша шығарған. Оның біразын селден зардап шеккен Сарыағаш ауданының тұрғындарына көмек ретінде жіберген. Жалпы өткен жылы Мақтарал ауданындағы 33 өнеркәсіп орындары 6 млрд теңгеден астам өнім өндірген.


Тегтер:

ауыл

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!