Елімізде әйеліне қол жұмсайтындар үшін жаза күшейтілмек

Фотография - Елімізде әйеліне қол жұмсайтындар үшін жаза күшейтілмек

Жыл сайын 500 әйел тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан көз жұмады.

176 0

Жыл сайын 500 әйел тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан көз жұмады. Жан шошытарлық болса да, бүгінгі Қазақстандағы отбасы институтының жағдайы осы.

Нәзік жандыларды қорғаудың бір амалы - тиісті заңды қатаңдату. Бұл құжат қазір Мәжіліс қарауында. Жарына әлімжеттік көрсеткендерді қандай жаза күтеді? Ал әйелдер соққыға жығылса да, неліктен шыдап жүре береді?

Гүлнәрдің шарадай басы шақшадай болды. 6 жыл отасқан жары бүгінде қас жауына айналған. Үйінде күнде ұрыс-керіс. Ал оны көріп өскен қаршадай 3 бүлдіршіні психолог көмегіне жүгінуге мәжбүр.

Отасқалы бері таяқтан көз ашпаған келіншек осыдан бір ай бұрын өз-өзіне қол салады. Әйтеуір, дер кезінде жеткен "Жедел жәрдем" көп мөлшерде дәрі ішкен Гүлнәрді аман алып қалды.

Нәзік жандылар күйеуінің кикілжіңін көптен жасыруға тырысады. Дегенмен, статистикадан мәселенің белең алғанын байқау қиын емес. Еліміздегі әрбір үшінші отбасында ері әйеліне қол жұмсайды.

Отбасында ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды. Бірақ, сынғанды жамағанда да, сызат қалады. Ал кейде ұрыс-керіс аяғы сынған тәрелкемен бітпей, отбасының шаңырағын шайқалтып-ақ тастайды.

Келіншегіне күн көрсетпеген күйеуге тағылатын жаза - қорғау нұсқамасы. Ал жазаның ең ауыры - жуан жұдырықтыларды 1 айға қамаққа алу. Бірақ мұның өзі нәтижесін бермей отыр. Сондықтан бүгінде депутаттар заң талаптарын күшейтумен айналысуда.

Мұнда қол көтерген отағасының балаларымен кездесуіне, әйеліне телефон шалуына құқы болмайды. Көбіне ұрыс-керістен соң әйел үйден кетіп қалатын болса, біздің ұсынысымыз - ер адам үйінен қуылады. Бұл өзгерістер әлі Мәжілісте. Жыл аяғына дейін қабылданып қалар.  

Қазір Гүлнәрдің жолдасы келіншегіне күн көрсетпегені үшін бір айға қамауға алынған. Ал Гүлнәр үш баласын жетілдіру үшін 3 жерде жұмыс істейді. Еден жуудан, жүк тасудан да арланбайды. "Ең бастысы - жаным тынышталды" дейді ол.  


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!