"Ғашықтар күнінен" қалай құтыламыз?

Фотография - "Ғашықтар күнінен" қалай құтыламыз?

Бұл есейгендіктің белгісі ме, әлде есіруіміз бе?

222 0

Ойымызды да, бойымызды да Батыс дендегелі қашан. Бұрын «әне өркениетті елде осылай» деп, Батысқа мойын созатын едік, ал бүгін содан бойымызға сіңірген жат дүниеден арылудың жолын іздеп әлекпіз. Өзгенің мәдениетін де, салтын да, дәстүрін де бойымызға сіңіргеніміз соншалық, тіпті өзіміз еліктеген Батысты да басып озған сияқтымыз. Бұл есейгендіктің белгісі ме, әлде есіруіміз бе?

Ақпан айы басталысымен-ақ қазақ жас­­тарының дегбірі қашады. Барлығы «әу­лиенің әлегіне» түскен. Жыл сайын «Әулие Валентин» күніне қарсылық та­нытсақ та, мерекені қоштаушылар айылын жияр емес. Аталмыш мереке мемлекеттік күнтізбеге енгізілмесе де, жекеменшік ком­­­паниялар шығарған күнтізбеде ақпан­ның 14 жұлдызы «Әулие Валентин күні «Ға­шықтар күні» деп тайға таңба басқандай анық жазады.

Жуырда бір танысымыз «осы «Әулие Валентин» күні емес, түні деп атау керек шы­ғар. Өткен жылы алыстан қонақтар келіп, оларды орналастыратын қонақүй іздедік. Түні бойы бір емес, он шақты қонақүйді араладық. Бір бос орын тап­сайшы. Сөйтсек қонақтар «Әулие Вален­тин» күніне тап келіпті. Тойлағаны құрсын, сонда жастар бұл күні не істейді? Сезімін білдіру, құшақ-құшақ гүл беру, хат жазудың арты анайы қылыққа жетелейтіні ғой. Содан соң «жастар ертеден бұзылған» деп байбалам саламыз» деп кейігені бар.

Дәл 14 ақпанда қаладағы мейрамханалар мен кішігірім кафелер мен түнгі клубтар жас­тардан босамайды. Би мен шылым, шай­тан суға елірген жастар мерекенің артын қонақүйде өткізуді жөн санайтын сияқты. Ал оның арты неге ұласатыны әм­беге аян. «Әулие Валентин» күні жастардың жаппай бұзылуына, ар-ұяттан аттап, анайы қылыққа бастайтын алғашқы қадам болып отырғандай. Мектептер мен жоғары оқу орындары аталмыш мерекеге қарсылық та­нытса да, жастар бұл күнді өздерінше тойлайды.

Өткен аптада «Амансаулық» қоғамдық қорының жетекшісі Бақыт Түменова жас­тарға контрацептивтік дәрілерді тегін тара­ту керек деген қызық ұсыныс білдірді. Бақыт ханымның ұсынысы оғаш естілсе де, орынды ма дейсің кейде. Жауып, жасы­рып қайтеміз, елімізде жас жеткіншектер 14-15 жасында жыныстық қатынасқа тү­седі. Сорақысы сол, жыл сайын 15-16 жа­сар бойжеткендердің 3 пайызы ана ата­нады. Бұл сан Батыс Еуропа, Жапония, Авс­тралия, Сауд Арабиясы сынды елдерден екі-үш есеп көп. Батысты басып озудың айқын үлгісі емей немене бұл? Жыл өткен сай­ын іштен шыққан қызылшақаны нә­жіс­тің арасында босанып, дәретханада қал­дырып кететін бойжеткендердің саны үдеп барады. «Қызық» қуамын деп, ар­тынша бармақ тістеп өкініп қалатын бой­жет­кендердің дені – қазақтың қаракөз қыз­дары. Ал мұның барлығы «Әулие Ва­лен­тин» сынды мерекені тойлаудың сал­дары.

Осы бізге махаббат күні, ғашықтар күні деген мереке не үшін қажет? Жастарды жел­піндіріп, елітіп, еліктіретін дүние аз ба еді? Әумесер мерекені тойлаудың арты көкек-аналардың, жетім балалалардың көбеюіне сеп болып отырған жоқ па? «Бі­реудің қаңсығы – біреуге таңсық» көрінеді. Әйтеуір жылт еткен дүниенің бәрі біз үшін таңсық үнемі. Қаңсық һәм таңсықты сана­мызға сіңіріп алып, артынан өкініп, бар­мақ тістейтініміз бар. Жетімнің көз жасы, алданған қыздың ар-ұяты. Әсілінде, «Әу­лие Валентин» мереке емес, бұл тұтас қо­ғамның трагедиясына жетелер жол. Мұн­дай сорақы мерекеге жастар емес, мемлекет тыйым салуы керек. Әйтпесе, жоғарыда атап өткеніміздей, «Махаббат күні» емес, «Махаббат түні» һәм «Арсыздық күні» де­ген мерекелердің саны арта береді.

Бір апамыз «Мына жастарды жын соққан ба? «Сен мені сүйесің бе?», «Мен сені сүйемін» деп күйінеді де жүреді ылғи. Осы­лар қашан есейеді екен?» деп қын­жылып еді. Есейдік-ау, бірақ соған қоса есіріп бара жатқан сияқтымыз...


Тегтер:

Мереке

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!