Елордада су тасқынының алдын алу жұмыстары жүргізілуде

Фотография - Елордада су тасқынының алдын алу жұмыстары жүргізілуде

Көктем келіп, күн жылынғалы жер-дүние де бусанып жатыр.

208 0

Көктем келіп, күн жылынғалы жер-дүние де бусанып жатыр. Биыл қар жылдағы мөлшерден біршама көп түскенін ескерсек, өзге өңірлердегі сияқты астаналықтарды да су басу қаупі алаңдатып отыр. Алайда, қар қала сыртына уақытылы шығарылып, күндіз-түні жұмыс тоқтаған жоқ. Десе де, табиғаттың тосын сыйын болжап-білу қиын. Сондықтан қаладағы аудан әкімдіктері арындап аққан ағын суды ауыздықтаудың қамына мықтап кіріскен, деп хабарлайды елорданың ресми сайтынан.

«Есіл ауданында су тасқынына қарсы әрекеттерге жауап беретін арнайы комиссия құрылған. Мезгілімен жиналыстар өткіземіз. Ауданда су басу қаупі бар үш орын бар. Олар - Шұбар тұрғын үй алабы,  Шығыс Ильинка және Үркер тұрғын үй алабтары,  Қорғалжың тас жолы Бейсекова көшесінен «Рубеж» постына дейін. Қыс бойы жұмысты тоқтатқан жоқпыз. Қар көп түсті, соған қарамастан жауған қарды тау ғып үймей, бар техниканы жұмылдырып, күні-түні жұмыс жүргіздік», дейді Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары Берік Ахметжанов.

«Есіл» ауданында санитарлық тазалау, механикалық, қолмен қар күреу және орамішілік аулаларды жинауды 26 мердігерлік ұйым жүргізеді. Бір аусымда 458 техника жұмылдырылады. 2012 жылдың 4 қарашасынан 2013 жылдың 27 наурызына дейін ауданнан 1 666 459 текше метр қар шығарылған. 31 000 га жерді алып жатқан аудан 9 орамға, 19 телімге бөлінеді.

«Ауданда су жиналған жерлер де бар. Бірақ, тұрғындар қорқатындай  үйлеріне су кіру қаупі бар деп айта алмаймын. Мәселен, Шығыс Ильинкадағы секторлық телімдер негізінен жеке меншіктерге қарайды. Сонда кішкене су мәселесі болуы мүмкін. Өйткені ол жердегі үйлер төменгі жерде орналасқан. Былтырдан бастап арық қазылған. Жиналған судың біразы сонымен кетеді. Енді сырттан су келмес үшін қорғаныш бөгеттерін жасап жатырмыз. Жұмыс тоқтаусыз жүргізілуде», деп атап өтті Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары Берік Ахметжанов.

Биылғы жылдың 25 наурызында Есіл ауданы тұрғындарынан түскен өтініштер бойынша Шығыс Ильинка тұрғын  үй алабына ұсақ тастар жөнелтілген. Ауа райының құбылмалы болуына байланысты  су тасқынының алдын алу жұмыстары жалғасын табатын болады.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!