Қант қызылшасын екпеген абзал

Фотография - Қант қызылшасын екпеген абзал

Жетісу жерінде кейінгі жылдары тәтті түбірден қадір қашып, шаруалар бейнеті мол болғанымен, зейнеті аз дақылды өсіруден біртіндеп бас тарта бастады

198 0

Кеңестер Одағы кезінде мыңдаған гектар алқапқа қант қызылшасын өсірген, он бес республиканы ақ қантпен қамтамасыз етіп қана қоймай, осынау техникалық дақылдың арқасында ондаған Еңбек ерлерін шығарған Жетісу жерінде кейінгі жылдары тәтті түбірден қадір қашып, шаруалар бейнеті мол болғанымен, зейнеті аз дақылды өсіруден біртіндеп бас тарта бастады.

Тәтті түбір өсіруден басқаларға өне­ге көрсетіп, рекордтық түсімге қол жет­кізген шаруашылықтардың шаруасы кері кетіп, жыл сайын көктемде кімге сенерлерін білмей, тәтті түбірдің көле­мін кемітіп алмау үшін уәдені үйіп-тө­гетін атқарушы билік пен «күзде өнім ал­ғанда барлығын жарылқаймыз» дей­тін қайта өңдеушілердің айтқандарын істеуге мәжбүр болатындар, биыл үгітке де көнер емес. Өйткені ерте көктемде қызыл сөзге еріп қызылшасының тұқы­мын жерге сіңіргеннен бастап, қара күз­­ге дейін бел шешпестен алқапта жүр­­гендер өнімдерін жинар кезде жылда аңтарылып, шығынға батып қалады. Соңғы жылдары қант қызыл­шасын өсіретіндердің 14 мың гектардың төңірегінде тәтті түбір егіп, оның 60-70 пайызын ғана жинап, жиналғанның жарым-жартысын ғана қант зауыт­та­ры­на өткізіп жүргендігінің және олар­дың қатарының азайып бара жатқан­дығының себебін де осы төңіректен іздеген жөн сияқты. Мәселен, былтыр 13,6 мың гектарға қант қызылшасы се­біліп, күзде оның 5,8 мың гектары ғана жиналыпты. 7,8 мың гектары түкке жа­рамай қалған. Ал әупірімдеп жүріп әрең жиналған 5,8 мың гектардан алынған 209,4 мың тонна қант қызылшасының 42% немесе 88,2 мың тоннасы қайта өңдеуге жарамайтындықтан мал азығы­на жіберіліпті. Ақыр соңында, ешкімнің ештеңесі кетпегендей көрінгенімен, іс жүзінде себілген әр гектарға 55 мың теңгеден демеуқаржы төлеген мемле­кет қазынасы зиян шекті. Өспей қалған 7,8 мың гектарға 429 миллион теңге босқа төленсе, жинауға жарамды бол­ған 5800 гектардан алынған 209400 тонна қант қызылшасының тағы да қайта өңдеуге жарамаған 88200 тоннасы өсірілген 2450 гектарға тағы 134 млн 750 мың теңге Үкіметтен бекерден-бекер жұм­сал­ған болып шығады. Ақтық қоры­тын­дысында, былтыр Алматы облысы бо­йын­ша себілген 13600 гектар қант қы­зылшасына мемлекеттен субсидия ретінде төленген 748 миллион теңгенің 429 000 000 +134 750 000 = 563 миллион 6 750 мың теңгесі желге ұшқан болып шығады. Осыған сай, мемлекеттің мил­лиондары құр босқа шығын болып қана қоймай, былтыр қант қызылшасына үміт артқан жүздеген шаруа тағы да жер сипап қалды десек, артық айтқан­дық бола қоймас.

Қазіргі кезде диқан қауымын әр гектар қант қызылшаға берілетін 55 мың теңге субсидиямен де қызықтыру қиын болды. Олар бүгінде бейнеті мол техникалық дақылдан бас тартып, өтім­ді болып тұрған майлы дақылдарды өсі­руге ден қоюда. Қалай болғанда да, жер­гілікті жердің мүмкіндігін ескермес­тен, әр өңірге «осынша бидай, осынша қант қызылшасын, осынша жүгері немесе тағы басқа бір дақылдарды еге­сің» деп тықпалаудың еш жөні жоқ. Өйткені өзіне тиесілі жердің қандай дақылға лайықтылығын, оны қай кезде сеуіп, қалай күтіп-баптау, қай кезде жинау қажеттігін шаруа адамынан артық білем деу – ақылсыздық. Осыған қарап отырып, кейде фермерлерге ерік­ті беріп, қолдауды да қажетіне қарай жасау керек-ау деген ой туады. Сонда ғана егін шаруашылығында, оның ішін­де қант қызылшасы сынды стратегия­лық дақыл өсіруде кетіп жүрген есемізді қайтарамыз.


Тегтер:

ауыл

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!