Қазақ тілін қажет етпейтін мекемелерді бір «сілкіп алу» керек сияқты

Фотография - Қазақ тілін қажет етпейтін мекемелерді бір «сілкіп алу» керек сияқты

Анау-мынау емес, Қазақстанның қақ ортасында тұрып, қазақ тілінде тұтынушыларына ақпарат таратуды қажет етпейтін мемлекеттік кәсіпорындардың бірі ретінде - «Астана су арнасын» МКК атауға болатындай

226 0

Анау-мынау емес, Қазақстанның қақ ортасында тұрып, қазақ тілінде тұтынушыларына ақпарат таратуды қажет етпейтін мемлекеттік кәсіпорындардың бірі ретінде - «Астана су арнасын» МКК атауға болатындай.

Өйткені, ресми тілде риясыз қызмет көрсетіп тұрған аталмыш мекеменің сайтында тұтынушылар тіпті, тіл таңдау құқынан да айырылған. Ел ішіндегі көптеген кәсіпорын, компаниялардың сайттарында қазақ және орыс немесе басқа да тілдерде мәліметтер алу үшін, қалаған батырмаңызды басу арқылы сол тілде ақпарат алатынымыз үйреншікті жайтқа айналған. Ал енді бүкіл қаланы сумен қамтитын «Астана су арнасының» сайтын (www.astanasu.kz) ары да бері аралап, қотарып қазақ тілінде хабар беретін «тіл таңдау» батырмасын мүлдем таба алмадық.

Тұтынушы ретінде ұсынып отырған қызметін бағалау немесе ақы төлеу мақсатымен ақпарат алу үшін аталған мекеменің сайтына кіргенімізде, салымыз суға кеткендей күйге түстік. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде құқымыздың тапталғанына және Конституциямызда ресми түрде бекітілген Ана тілімізге көрсеткен құрметсіздігі үшін қынжылдық. Қазақстанда IT технология қарышты дамып, тіпті интернетті ауылдарға да жеткізіп жатқан бүгінгідей қоғамда, Ақорданың түбінде отырып «сайтымызды қазақ тілінде жүргізе алмай отырмыз» деп сылтау айтатын «Астана су арнасы» МКК-ның бұл әрекетіне Сіз не дейсіз, құрметті оқырман?!.

P.S: Сайтта көрсетілген мекеменің баспасөз хатшысы Вахит Бауыржанұлының нөмірін теріп, дереу қоңыраулаттық. Әрине, «Менің ақпарат алу құқымды шектеудесіздер. Бұл қалай?» - деп. Тұтқаның арғы жағындағы сабазымыздың жауабы да дайын екен: «Алдағы бір ай ішінде аударып, жасап шығарамыз» деді.

Көзді жұмып-ашқанша айтылған мерзім де өте шығар. Бірақ, жауапты маманның қызметіне жауап беретін бұл мекеменің Заңға сәйкес тағайындалған басшылығы бар емес пе? Сол сияқты ол Заңымызда тұтынушылардың да құқы қорғалуы тиіс екендігін астаналық су мұраптары мүлдем ұмытты ма екен? Ортақ қазынадан қаржы алып қана қоймай, жұрттан да жырымдап ақша жинап «күн көретін» мұндай мемлекеттік мекеменің Мемлекет тілін менсінбей қаруына нендей себеп?

Тура осы жағдай «Астана - ЕРЦ» ЖШС www.aerc.kz сайтынан да айна-қатесіз көрініс береді. Бүгінгі таңда ақпараттық технологияны, тек орыс тілді азаматтар ғана пайдаланбайтындығын неге аңғармайды олар? Орыс тілі қолданыстан шыға бастамаса да, қалың бұқара арасында қазақ тілді интернет қолданушылар қатары күн санап өсіп келе жатқандығын неге ескермейді? Бұл қазақ тіліне құрметсіздікті былай қойған күннің өзінде, қазақ тілді азаматтардың құқын таптау емес пе? Мұндайларды тәубесіне түсіру үшін, қоғам болып өре түрегеліп, қарсы шығып, орнына қою керек сияқты. Әйтпесе, Ана тілімізге атүсті қарайтындарды мұндай дерттен айырудың басқаша тиімді жолы жоқ секілді. Әрине, бәрі Заң шеңберінде болуын ескеру керек.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ


Тегтер:

тіл

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!