Қыздардың жеңіл жүріске түсуіне кім кінәлі?

Фотография - Қыздардың жеңіл жүріске түсуіне кім кінәлі?

Аңдаусызда шалыс басқан қадамынан бүкіл өмірін қор еткен, күңдік пен құлдыққа шырмауықтай шырмалған жастарымыздың тағдыры жан ауыртады.

378 0

Жастардың санасын улайтын, оларды теріс  жолға  түсіретін жатпиғылдылардың әрекеттерінің алдыңғы легінде құмар ойындар, есірткі және порнографиялық өнімдер тұр. Қазіргі қоғамда тамырын тереңге жайған, жүрек ауыртар келеңсіз жайттардың бірі – жезөкшелік.

Аңдаусызда шалыс басқан қадамынан бүкіл өмірін қор еткен, күңдік пен құлдыққа шырмауықтай шырмалған жастарымыздың тағдыры жан ауыртады.

Статистикалық мәліметтер бойынша жезөкшелік адам сату мен есірткі бизнесінен кейінгі үшінші орында екен. Жезөкшеліктің кең таралуына батыстың салқын саясаты да өз әсерін тигізіп отыр. Олар жасырын болса да қоғамда белгісіз топ құрып, жезөкшелікке қаржылай көмек қолын созады деген пікірлер де бар. Қоғамды теріс жағына бұрып, сол арқылы өздерінің қаржы табу жүйесін әртүрлі әлемдік қылмыстық топтармен өзара байланыс тәжірибесі арқылы жүзеге асырады.

Жастардың санасын улаудың қитұрқы жолдары көп. Өз мақсаттарына жету барысында жатпиғылдылар ештеңеден тайынбайды, әртүрлі әрекетке барады, олардың басты мақсаты қалайда құрыққа түсіру.

Шетелдік компаниялар жеке бизнес көздері арқылы жақсы тұрмыстық өмір, жеткілікті қаражат ұсынса, жеке басылымдар қыздарға арналған жоғары табыс табудың сан жолдарын жариялайды. Одан қалса ғаламтордың танысу сайттары да өз жарнамасын ұсынып әлек.

    Дерек пен дәйек

    * Әлемде әр секунд сайын порнографиялық өнімдерге 3075,64 доллар жұмсалады.

    * 2012 жылы АҚШ-та Лос-Анджелес қаласындағы порноактерлер әр фильм үшін ай сайын 10-15 мың доллар жалақы алған.

    * Әр секунд сайын 28258 ғаламтор қолданушылар порносайт көреді екен.

    * Әр 39 минут сайын АҚШ-та жаңа порнофильм шығарылады.

    (Мәліметтер «Википедия» сайтынан алынды)

Осы тұста айта кетерлік бір жағдай, енді ғаламтор мен бейнетаспа арқылы таралатын порнографиялық өнімдерге тосқауыл қойылатын болды. Ішкі істер министрлігі арсыздықты насихаттайтын анайы дүниелерді ауыздықтауға кірісті. Мәжілісте қаралған арнайы заң жобасы ұятсыздықты насихаттайтын өнімдердің жолын кесу туралы халықаралық конвенцияны ратификациялауды көздейді. Қазақстанда 2011 жылы 23, 2012 жылы 45 арсыз сайт бұғауланған. Ал жыл басынан бері желіккендердің ермегі болған 38 сайттың жұмыс істеп жатқандығы айқындалған.

Бұл туралы Қазақстан Респуб­ликасының Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов «Соңғы 10 жылда порнографиялық өнімдерге қатысты қылмыс саны 5 есеге өсті.  Бұл көп жағдайда ғаламтордағы сайттар арқылы жүзеге асырылып келген. Біз бұл сайттарды ғаламтор бетінен тауып, олардың жұмысын тоқтатумен айналысып жатырмыз. Бұл тосқауыл бір ғана елмен шектелмес үшін, 60 ел конвенцияға қол қойған. Бірігіп күресеміз. Сайттың жұмысын тоқтату сот арқылы жүзеге асады» деді.

Әйел баласы бұл құлдыққа әртүрлі жолмен келеді екен. Орта мектепті бітірген жастар қалаға оқуға немесе күнкөріс қамымен жұмыс іздеп келеді. Жастық жалынмен арман қуып келген жасқа қала жылы қабақ танытып жатса ғой, шіркін?! Не дипломы, не жұмысқа кіргізер көкесі, тамыр-танысы болмаған соң, амалсыз баратыны – осы жеңіл табыс көзі.

Ауылдан келген аңғал қыздарымыз осындай жеңіл табысқа бастапқыда уақытша тұрмысын түзеу үшін, ақшам болған соң басқа жұмыс табамын деген оймен барады. Қожайындардың қолына түскен арманшыл қыз, өрмекшінің торына түскендей шырмалады. Кейіннен осы кәсіпке дағдыланып алған соң, еті үйреніп, бетпердесі ашылады. Жүректегі иман, мейірімнің орнын ақша басатыны өкінішті. «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда» дегендей, сол жезөкшелікпен бүкіл бір отбасын асырап, керек десеңіз, қос-қостан алынған несиесін төлеп отырғандар бары ащы да болса шындық. Бұл бүкіл бір қоғамның жарасы.

Жеңіл жүрісті қыздарды әңгімеге тартқанымызда, бірден келісе қоймады. «Бізден несін сұрайсыз, ғаламтордағы танысу сайтын ашсаңыз өріп жүр ғой, жанында бағалары да жазылып тұрады. Ондай «бизнесті» ұйымдастырушылар өз жарнамаларын осы сайт арқылы жіберіп, сағатына әртүрлі бағамен әр жастағы әйелдерді сатумен айналысады» деген жауап алдық.

Қыздардың айтуынша, Алматының өзінде мұндай бірнеше қызмет көрсету нүктелері бар көрінеді. Әр жерде орналасқан қонақүйлерде баға да әртүрлі екен.

Ең сорақысы сол, келген «клиенттер» қаз-қатар тізілген қыздардан өзіне қалағанын таңдап алатын көрінеді. Көбіне жас қыздар өтімді, жас қыздар олар үшін «свежий огурчик». Тапқан табыс 3-ке бөлініп отырады, 1-інші бөлігі «крышаға», 2-інші бөлігі «жеңгетайға», одан қалған 3-ші бөлігі қыздың өз табысы.

Олардың айтыла бермейтін өзіндік ішкі ережелері бар. Жеңгетайларын «мама, мамаша» деп атайды. Келісілген бағаға жұмыс істейтін жеке дәрігерлері қыздардың тазалығына жауапты. Белгіленген сағатта апарып, алып келіп отыратын жүргізушілермен де қамтылған.

Құлдыққа сатылу фактісі әр қылмыстық топта әртүрлі бағаланады. Көп жағдайда Дубайға сатылып кетіп жатқандарды тілге тиек етті. «Ол жақта ақша көп төлейді, бірақ бір түсініксіз жағдай кеткен қыздарымыз хабар-ошарсыз, міндетті түрде хабарласамын деп кеткенімен, байланыс үзіліп қалады» дейді.

Ал Өзбекстан, Қарақалпақстаннан жарнамамен Қазақстанға жұмысқа келетіндердің көпшілігі қазақ азаматы болмағандықтан, олардың құжаттарын жұмыс беруші «крышалары» кетер уақытыңда береміз деп жинап алып, арзан бағамен 50-70 мың теңге көлемінде ақша ұсынады. Ал өзіміздің қаракөз қыздарымыз Қазақстан азаматы болған­дықтан, оларға қарағанда айына 120-150 мың теңге табады екен.

«Тапқан табысымды ай сайын ата-анама апарып беремін, бүкіл ауылдағы отбасымды асырап отырмын» деді өзін шымкенттікпін деп таныстырған Г. есімді жап-жас қыз.

– Үй-ішің «жұмысыңды» біле ме?

– Бәрі біледі, ештеңе дей алмайды, себебі ағаларымды, бүкіл отбасымды жалғыз мен асырап отырмын.

– Басқа жұмыс іздемейсің бе?

– Бұл жерге басыңды сұққан екенсің, қайтадан шығу жоқ. Жүріс-тұрысымыз бәрі есепке алынған. Қашып шығамын деп ойлама, бәрібір жердің астына кіріп кетсең де сені тауып алады. Тауып алып, өлтіріп кетуден де тайынбайды. Өлігің далада шіріп қалғаннан гөрі, отбасыма пайдам тисін.

– Сонда бүкіл өміріңді осылай өткізбексің бе?

– …

Тағдырына ашынған жап-жас қыздың көзінен бір тамшы жас үзіліп түсті.

Жүрегім мұздап, селк ете түстім. Жан жарасын тырнап алдым-ау.

Ел аман, жұрт тынышта арды таптатқан, ақша билеген заман-ай.

Жүрегің қан жылайды, қолдан келер дәрмен жоқ.

Қаншама өмірге бала әкелер, отағасын бақытқа кенелтер, ұлтының ұрпағын көбейтер аруларымыз батпаққа батып, сордан шыға алмай жүр.

Бейресми дерек көздеріне сенсек, бұл көлеңкелі бизнес айналымында қыруар қаржы жүргендігі де айтылады. Мұны жетілдіріп, асқындырып отырған – жеңіл жолмен ақшаның көзін тауып, содан бизнес жасап, табысқа кенеліп отырғандар. Ғаламтордағы мәліметке сүйенсек, әлем бойынша шамамен 100 млрд. доллар көлеміндегі қаржы айналыста жүргендігі айтылған.

Баспасөз беттерінде Германияның мемлекеттік бюджетіне құйылатын қаржының бірнеше жүздеген миллион евросы осы жезөкшеліктен түсетіндігі жазылған еді.

Байқап отырғанымыздай, бізде бұл «бизнестің» табыс көзі нақты ай­тыл­мағанмен, қыруар қаржы біреу­лердің қалтасына түсіп жатқан болар. Ақша үшін арын сатқандар ұлтының болашағын ойлап бас қатырмасы анық.

Ұлтымызға төнген қауіп-қатердің нақты есебін білу қиындық тудыратыны рас. Оның ең басты себебі, мұның бәрі жасырын жасалып отырған дүниелер.

Айдың-күннің аманында қызда­рымызға қорған болар жанның табыл­мағаны ма?! Бұл орайда қылмыстық топты құрықтауда құқық қорғау саласы бар күшті жұмылдыруы тиіс. Мәжбүрлікпен, зорлықпен, күшпен құлдықта болып, босатылып шыққандар бар ма деген сауалға жауап іздеп, Алматы қалалық ішкі істер департаментіне хабарласқанымызбен, жауап берер маман табылмады. Ондай деректерді баспасөз хатшысынан ғана ала аласыз деді ондағы қызметкерлер. Баспасөз хатшысына бірнеше мәрте телефон соққанымызбен, тұтқаны көтерер жан болмады.

Әрбір адам – ұлттық капитал, ұлттың байлығы екендігін ескерсек, тәрбие жұмыстары пәрменді жүргізілуі тиіс. Жастарымызға тәрбиелік мәні бар орта немесе жұмыс орнын көптеп ашу керек.

Адам өз құқығын қорғай алатын дәрежеде тәрбиеленіп, білім алған кезде ғана құлдық сана орын алмайтыны ақиқат.


Тегтер:

Отунбаева

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!