Сүр бойдақтар мен кәрі қыздар жарты миллионға жетті

Фотография - Сүр бойдақтар мен кәрі қыздар жарты миллионға жетті

Соңғы деректерге сүйенсек, елімізде жарты миллиондай кәрі қыз бен сүр бойдақ  бар екен.

516 0

2020 жылы халық  санын 20 миллионға жеткізуді алдымызға мақсат етіп қойғанымызбен, демографиялық ахуалымыз осы көрсеткіштің ауылы алыс екенін көрсетеді. Соңғы деректерге сүйенсек, елімізде жарты миллиондай кәрі қыз бен сүр бойдақ  бар екен.

Адамзат баласының өмірінің мәні де, сәні де – отбасын құрып, ұрпақ сүю. Бүгінде бала тууға қабілетті жастарымыз бас құрауға асығар емес. Көбіне же­ке­ басының қамын күйттеп, «қызмет –

қолдың кірі» екенін ұмытқандай. Олай дейтініміз, жоғары білім алған жастар карьера жасауды басты мақсат етіп ал­ған. Бойдақтардың қай-қайсысын сөзге тарт­саңыз да, «Алдымен жағдайымды жасап алайын, сосын үйленемін», – дейді. Жағдайын жасап болғанша жасы қы­рыққа жеткенін білмей қалғандар да бар.

Ертеде ата-бабаларымыз «Он үште отау иесі» деп балаларын ерте үйлендір­генде, одан өрбіген ұрпақ та сау болады дейді ересектер. Әрі қыздарымыздың ерте тұрмыс құруы жеңіл жүріске түсіп кетудің алдын алады.

Елдегі сүр бойдақтар мен кәрі қыз­дардың дені отыздан асқандар. Ал, бұрынғы уақытта осы орда бұзар жас­тағылар 3-4 баланың ата-анасы ата­нып үлгеретін болған. Соңғы уа­қыт­та отыздан асып тұрмыс құрған қыз­дар­дың бала сүю мүмкіндігі төмен дей­ді дәрігерлер. Алматы қалалық №5 әйелдер кеңесінің дәрі­гері, гинеколог Фарида Минеах­мет­қы­зы: «Осыдан он шақты жыл бұрын 40 жастан асқан әйелдердің бала тууы қа­уіп­ті деп саналып, дәрігердің жіті қада­ға­лауында болатын. Қазір отыз­дан асқанда тұңғышын күтіп жүрген әйел­дердің денсаулығы мәз емес. Қан қысымы жоғары, жүйке, жүрек, бүйрек аурулары жиі кездеседі. Ананың өміріне қауіп төнгендіктен, сәбилерді кесарь тілігі әдісі бойынша тудырып алуға мәж­бүрміз. Қазір отыздан асқан әйелдер арасында бедеулік дерті өте көп», – дейді.

Сүр бойдақтар мен кәрі қыздардың көбеюі – үлкен трагедия. Бұл, әрине, ұлттың өсіміне нұқсан келтіретін фактор. Ал, мәселенің бір ұшы айналып келіп әлеуметтік жағдайға тіреледі. Азаматтарымыз бен аруларымызды тек қана мансап қуып, отбасын құруды ұмытып кетті деуден аулақпыз. Жұмыссыз, баспана­сыз жүргендері қаншама? Демограф Ма­қаш Тәтімов мырза бойдақ салығын жан­дандыру арқылы жалғызбастылар­ды азайтамыз деген пікір айтқан болатын. «Ай сайын 5 мың теңгеден салық салса, азаматтар өздері ойлана бастайды»,-дейді ол. Оның айтуынша, 25-тен ас­қан қыздар мен 30-дан асқан жігіттер өздерінің өмірлік серіктерін таппағаны үшін мемлекетке салық төлеуі керек.

Бір қызығы, мұндай салық сонау Кеңес өкіметі кезінде болған екен. 1941 жылдың 21 қарашасында енгізілген «бойдақ салығы» бойынша отбасын құрмаған және балалы болмаған 20 мен 45 жас аралығындағы қыз-келіншектер мен 20 мен 50 жас аралығындағы жігіттер жалақысының 6 пайызын мемлекет қа­зынасына аударып отырған. Соғыстан кейінгі халық санын көбейту мақсатында салынған салық 90 жылдарға дейін заң­ды күшін жоймаған. Алайда, бұл мәселе көп жағдайда жасырын жүргізілген жә­не азаматтардың денсаулығына, бас­қа да келеңсіздіктерге байланысты же­ңіл­дік­терді  қарастырған.

Бірақ, бойдақ салығы мәселенің ше­ші­мі бола алмасы белгілі. Өйткені, «Үй­лену оңай, үй болу қиын» демекші, алған жары мен балаларының мұқ­таждығын өтей алмай, өзіне-өзі қол са­лып жатқандар да бар. Отбасын асырау оңай емес деп, жауапкершіліктен жалтару да қазақ азаматтарына тән қа­сиет емес. Өз уақытында оннан артық баланы өмірге әкеліп, оларды оқытып, үйлендіріп, тіпті, немере тәрбиесіне де атсалысып отырған ата-әжелер бар­шылық. Ертеректе өзінің балаларымен қоса, қайтыс болған туыстарының да 5-6 баласын қам­қорлығына алған аталарымыз есте.

Жалпы, ислам діні де ертерек бас құрап, ұрпақ сүюге асығуды насихаттайды. Жалғыздық тек жаратушыға ға­на жарасқан. Діни басқарма тарапынан да ер мен әйелдің жұптасуының қаншалықты маңызды екенін түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, ұлттың өсіміне де пайдасы тиген болар еді. Әрі зина­қорлықты қызық көріп, уақытын босқа өткізетіндер тыйылар еді.

Психологтардың айтуынша, 30-40 жастан асқанда үйлену физиологиялық тұрғыдан да дұрыс емес екен. Яғни, кеш үйленуді мақсат тұтқандардың екі түрлі келеңсіз жағдайға душар болуы мүмкін. Жеңіл жүріске салынғандар үйленгеннен кейін де үйреншікті дағдысынан арыла алмай, ажырасып кетеді екен. Сонымен қатар, осы жаста отау құрғандардың бала сүю қабілеті өте төмен дәрежеде. «Жасы келген анадан туылған нәресте де әлжуаз, аурушаң келеді. Соңғы кезде кәрі қыздардан көру қуаты төмен, ерні жырық балалар туылуда. 35 жастан асқан жүкті әйелдерге міндетті түрде сәбиінде Даун синдромы болуы мүмкін деген қауіппен сараптама жасалады», – дейді педиатор Татьяна Михайлова.

Өткенге көз жүгіртсек, 22 жастағы бойжеткендер кәрі қыз болып, 24-ке жеткен жігіт сүр бойдақ атаныпты. Ал, бізде отызында орда бұзбақ түгілі, қырығында да «жаспын» дейтіндер жоқ емес. Дана Абай: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген өлеңін жазғанда небәрі жасы қырықтан асқан екен. Себебі, сол уақытта ерлі-зайыптылар осы жасында ата-әже атаныпты.

Зерттеушілер кәрі қыздардың кө­беюі­нің бір себебін гендерлік саясаттан із­дейді. Билікке, қызметке ұмтылған нәзік­жандылар ана болуды екінші орынға ысырып қойды деп түсіндіреді. Бірақ, қызметі мен аналық міндетін қоса алып жүрген әйел заты баршылық. Мәселенің тағы бір түйіткілді тұсы бар. Егер мемлекет тарапынан өмірге сәби әкелген аналарға жан-жақты қамқор­лық жасалып, баспана мен жеткілікті жәрдемақы төленсе, әйелдер ерлермен қатар тізгінге таласпай, ұлтымыздың болашағы ұрпақ тәрбиесімен ай­налысып отырмас па еді. Біз отбасын асырай алмайды деп ер-азаматтарды қаралаудан аулақпыз. Оларға да тұрақты табыс тауып отыратын жұмыс болса, қайсы? Осы мәселені шешу тек биліктің еншісінде.

Кәрі қыздар мен сүр бойдақтардың қатарын еріксіз көбейтіп отырған жас­тары­мыздың үйленуден қашқақтауы­ның бірден-бір себебі – жұмыс пен баспананың жоқтығы. Үйленіп алып, ата-анаға салмақ салғысы келмейтіндер табылған жұмысты істейді. Бірақ, тап­қан-таянғаны баспана алмақ түгілі, күн­делікті тамағы мен пәтерақыдан аспайды. Осындай замандастарын көрген соң жастардың отау құрудан қашары сөзсіз.

Осы орайда, бүкіл халықтың ахуалы мүшкіл деуден аулақпыз. Бүгінде жағдайы бола тұра, үйленуді кейінге шегеретіндер де кездеседі. Бұл шариғат заңдылықтарымен сәйкеспейді. Бұл жөнінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім жағдайы бола тұра үйленбесе, бізден емес», – деген екен. Тағы бір хадисте: «Неке қидырып үйленіңдер, перзентті болып көбейіңдер. Әрине, мен сендердің көптіктеріңді қиямет күні басқа үмметтің алдында мақтаныш етемін», – деп, өмірдің мәні мансапта емес, дүниеге ұрпақ әкеліп, аяулы әке, ақ жаулықты ана атану екенін түсіндіреді. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» демекші, тәуекелге бел байлап, отбасын құруға асыққан дұрыс шығар. Жас­тар дәулет жинаймыз деп жүріп, шын бақыттан адасып қалмаса екен деген ой мазалайды.

Ал, ұлтына жаны ашитын шенеуніктер сүр бойдақтар мен кәрі қыздардың мәселесіне немқұрайды қарамас деген үміттеміз. Ел сәулетімен немесе дәу­летімен емес, халқымен құнды болатынын ескеріп, қалаға келген қазақ жас­тарына мейлінше қолдау көрсетілсе, бой­дақтықтың алдын алуға жасалған оң қадам болар еді.

Сіз не дейсіз?

Кеңес АУХАДИЕВ,

қоғам қай­раткері:

– Өмірден белгілі, дүниеге қыз да келеді, ұл да келеді. Екеуі өскеннен кейін бірін-бірі тауып қосылады. Жұбын табудың әртүрлі жолдары болады. Бұрынғы уақытта жастардың көпшілігі алдын ала құда түсіп барып үйленетін. Кеңес Одағы кезінде білімге ұмтылған жастар көбейді. Жоғары оқу орындары көп болды. Қыз­дар мен жігіттер оқып жүріп таныс­ты. Өздеріне тең адамдарды тауып үйленді. Үйлену – өмірдің заңы. Шын мәнінде жастардың отау тігуі, біріншіден, тұрмысқа байланысты. Ме­нің байқауымша, әсіресе, ауылдағы отыз­дан асқан жастар үйленбей, Ал­ма­тыға келіп жұмыс іздейді. Құ­ры­лыс сияқты табылған уақытша жұ­мыстарды істеп жүр. Кейбіреулері Сей­фуллин көшесінің бойына шығып, күн­делікті жұмыс шығатын жерлерді іздеп, күнкөріс жағын ойлайды. Үйлену үшін мүмкіншілік, яғни, тұратын пана, сонымен бірге, ер-азамат табысты болуы керек. Үйленген соң балалы-шағалы болғысы келеді. Жастар қазір бала санын ықшамдап, жасанды түсік жасатып жатыр. Үйленуге жағ­дайлары болмаған­дық­тан көбісі жүре береді. Отау құр­ған­ның өзінде ажырасушылар көп. Ажы­расудың да басты себебі, тұрмыстық жағдайдың төмендігінен. Біздің уақы­тымызда жас­тардың бар­лығы құры қарап жүр­мейтін. Қабі­леті барлар жо­ғары оқу орын­дарында оқитын. Деңгейі тө­мендеулері техни­кум­дар­ға, училищелерге түсетін. Техникумдарда бір-екі жыл оқып, жақсы токарь, слесарь болып жұ­мысқа орналасатын. Ол уақытта жұ­мыс­сыз адам болмайтын. Жұмыс іс­темей жүрген адамдарды іздеп та­уып алып, еңбекке мәжбүрлейтін. Бү­гінгі таңда жұмыспен қамту жа­ғынан қиын­шылықтар бар. Меніңше, осы жағы сүр бойдақтар мен кәрі қыз­дардың көбеюіне әсер етіп отыр.

Дағжан БЕЛДЕУБАЙҰЛЫ, журналист:

– Біз, жалпы, тәрбие деген нәрсені босаңсытып алдық. Ұл-қыздарымыздың отау құрудан қашқақтауы осыған да байланыс­ты. Кеңес дәуірінде де тәрбиені жетістірген жоқпыз. Мұндай келеңсіздіктің бәрі ұлттық тәрбиені жоғалтып алғаннан болды. Бұл – бір. Екіншіден, біз көп қиыншылық көрген халықпыз. Бұрын оны ашық айта алмаушы едік. Ашаршылық пен соғыстың салдарынан ер азаматтарымыз азайып кетті. Бұл құйтырқы шара Кеңес дәуірінде жоспарлы түрде жүрді десек, артық емес. Жаулап алған ұлтты құртудың бір жолы – демографиялық қуатына нұқсан келтіру. Бұл сол бағытта әдейі жүргізілген саясат. Ұлы Отан соғысы да қаншама азаматтарымыздан айырды. Одан бері біздің демографиямыз экологиялық жағдаймен ұштасып жатыр. Өз кезінде қазақтың шұрайлы жерлерінен айырылып қалуы халқымыздың денсаулығына да әсер етті. Тәуелсіздік алғаннан кейін біз ұлттық тәрбие мәселесін сөз жүзінде айттық та, іс жүзінде көп нәрсе істей алмадық. Аталмыш бағдарлама дамыған елдердің ізімен, өзіміздің ұлттық менталитетімізді еске ала отырып, ұлттық саясат негізінде жасалуы керек еді. Ұлттық саясат, ұлттық бағыт-бағдар жоқ жерде  демография болмайды. Мысалы, Еуропада ұлттық тұрғыдан қартайып кеткен халықтар бар. Яғни, француздар мен немістерде осы мәселе орын алған. «Бір бала» саясатын ұстанған да­мыған ұлттарда эгоизм алға шығады да, көпбалалы отбасылар азаяды. Қытай елі де күшіне енгенде жан-жағындағы көршілеріне өте қауіпті болады. Жалпы, ұлт ретінде көп бала сүюді насихаттау керек еді. Кезінде өзбектер көпбалалы отбасыларға арнап үй салды. Мемлекет тарапынан бізге де сондай саясат қажет еді. Ал, бойдақ салығын салу арқылы сүр бойдақтар мен кәрі қыздардың санын азайтамыз деген бос сөз. Экономикалық саясаттың бір тармағы саналатын салықтың бұл түрі Кеңес дәуірінде де болған. Бойдақ адам қызмет етіп жүрсе, оның салығын жұмыс орнынан төлейді. Бұл отбасын құруға үндеудің құралы емес. Мәселенің шешімін табу үшін адамға әсер ететіндей теориялық тұрғыдан шаралар қарастырылуы керек. Және оны халықтың ұлттық проблемасы ретінде көтерген жөн. Бүкіл зиялылар мен ақпарат құралдары осы мақсатта жұмыс істесе, нұр үстіне нұр болар еді.


Тегтер:

Отунбаева

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!