Кенеден келер қауіп көп

Фотография - Кенеден келер қауіп көп

Көктемгі мал қырықтығы кезінде адамдардың малға жиі жанасуы салдарынан кенеден түрлі қауіпті аурулар жұғу қаупі артады

1183 0

Көктемгі мал қырықтығы кезінде адамдардың малға жиі жанасуы салдарынан кенеден түрлі қауіпті аурулар жұғу қаупі артады. Дәл қазір қырықтық кезеңі басталғандықтан, мамандар көпшілікке абай болуды ескертеді. Қазірдің өзінде Оңтүстік Қазақстан облысында Конго-Қырым қанды безгегіне шалдықты деген күдікпен облыстың сегіз тұрғыны ауруханаға жатқызылды, деп жазады Алаш айнасы.

Конго-Қырым гемаррагиялық қызбасы аса қауіпті табиғи ошақтары бар ауру­лардың қатарына жатады. Сондықтан індет ошағының күрделенуіне жол бер­меуіміз керек. Аурудың табиғи ошақтары, негізі­нен, Орталық, Шығыс, Оңтүстік Африка ел­дерінде, Ресей, Пәкістан, Қытай, Ук­раина, Өзбекстан мемлекеттерінің кейбір аймақтарында шоғырланған. Қазақстанда осы аурудың табиғи ошағы Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыс­тарының жартылай шөлді және шөлді аймақтарында белең алып отыр. Қауіпті кененің «азиатикум» деп аталатын түрі қысқы ұяларынан наурыз айында шығады да қырқүйекке дейін белсенді өмір сүреді, өсіп-өнеді. Биылғы жылы аталмыш ауру­дың болжамды жағдайлары Қызылорда облысының Жаңақорған, Шиелі аудан­дарында тіркеліп, бір адамның қайтыс болуына әкеліп соқтырған. Оңтүстік Қазақ­стан облысында Созақ, Ордабасы, Отырар аудандарында және Шымкент қаласы тіркеліп, барлығы зертханалық тексеруден өтті. Нәтижесінде, тек бір ғана Конго-Қы­рым гемаррагиялық қызбасы Қызыл­орда облысының Жаңақорған ауданында анықталды. Бұл жергілікті медицина қызметкерлерінің осы аурудың алдын алу шара­лары деңгейінің жоғары екендігін көрсетіп отыр. Науқастар жеке қожа­лықтардағы кенелері мол ауылшаруа­шылық малдарын күтумен байланысты болған.


Конго-Қырым гемаррагиялық қызбасы кенеттен пайда болғанда, жалпылай уланудың сыртқы белгілері байқалады. Үлкенді-кішілі қан кетуден қандағы лей­коцит және тромбоцит клеткалары азаяды. Ауру мамыр, маусым және шілде айларын­да қозады. Аурумен адамдардың белгілі бір тобы ғана ауырады. Олар – шопандар, малшылар, жеке меншігінде мал ұстайтын адамдар, бау-бақша өсіру­шілер, фер­мерлік жұмысшылар, қой қырқу­шылар. Ауру кене шаққанда жұғады. Ол аяқ астынан тез басталады, адамның басы қатты ауырып, денесі дел-сал болады, әлі құрып, тамаққа тәбеті шап­пайды, белі сырқырайды. Адам денесінің қызуы 40 градусқа дейін көтеріледі, келесі күні лоқсып, құсқысы келеді, іші өтеді. Содан кейін, келесі күні беті ісініп, қызарады, тілінің үсті ағарады. Сырқат басталғаннан кейін 2-4 күн өткен соң ауру адамның мұрнынан қан кетеді. Бұл жағдай 3-7 күнге созылады, кейде ас­қазанға да қан құйылуы мүмкін. Асқазан мен ішекке қан кеткенде, адамның үлкен дәреті қараяды. Тістерінің түптері босап, қанайды, тіпті аузынан бір­неше күн қатарынан қан ағады. Осының салдарынан науқастың жағдайы нашар­лайды, әлсірейді, жүректің соғуы жиі­ле­неді. Ақырында адамның қайтыс болуы мүмкін.


Конго-Қырым гемаррагиялық қыз­басының жеңіл түрі де болады. Мұндайда адамның дене қызуы ұзаққа созылмайды, тері астына қан кетіп, тіс түптері қанта­лайды. Бір-екі рет мұрнынан қан кетеді, содан кейін адам 7-10 күннің ішінде жа­зылады. Ал кей жағдайларда гемор­ра­гиялық қызба ауруынан жазылу бір жарым-екі айға дейін созылуы мүмкін.


Кеселдің алдын алу үшін олардың табиғи ұяларын қауіпсіздендіруге белсене қатысу керек. Ауру байқалған жерді, мал қораларын және маңайын, үй ішін т.б. дезинфекциялау керек. Бұл жұмысқа мал шаруашылығы қызметкерлері, әсіресе сол жердің тұрғындары белсенді түрде қатысулары қажет. Сонымен қатар тұрғын үйлерде, мал қораларда кенелердің болмауын қадағалау керек.


Ауру адамның қаны үй заттарына тиюінен сақтанған жөн. Мал қоралары жиналуы керек. Үйдің іші 3% хлораминнің ерітіндісімен дәріленуі шарт. Аурудың қолайсыз елді мекендерінде малға кене жабыспау үшін оларды дәрілеп, тоғыту керек. Малды механикаландырылған шомылдырғыштармен тоғытқан дұрыс. Мал тұратын қораларды, сарайларды керо­линнің 2-3%, гексахлоранның 1% және басқадай дәрілердің ерітіндісімен дезинфекциялау қажет. Бұл жұмыстар міндетті түрде мамандардың бақылауымен жүзеге асырылуы шарт.


Қорытындылап айтқанда, аурудың алдын алу үшін біріншіден, кененің шақ­қанынан сақтану, кенесі көп малдарды қырық­­қанда, сойғанда, мүшелегенде арнаулы сақтану киімдерін пайдалану, екіншіден, аурудың белгілері білінсе (дене қызуы көтерілуі, бас ауруы, жүрек айнуы, мұрыннан қан кетуі) дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.


Өкінішке қарай, бұл аурулар ересек адамдармен қатар балалар арасында да жиі кездесуде, ал аталып кеткен індеттер болашақ ұрпақтың денсаулығына қан­шалықты қауіпті екендігін тиісті орындар түсініп, аурудың алдын алу үшін қажетті шаралар күні бүгіннен бастап қолдану керектігін өмірдің өзі талап етуде.


Тегтер:

аурухана

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!