Стоматологиялық қызмет неге қымбат?

Фотография - Стоматологиялық қызмет неге қымбат?

Алматыда осы сауалдарды талқылаған стоматологтардың конгресі бүгін өз жұмысын аяқтайды

283 0

Стоматологиялық қызметтің қым­баттығынан болар, ауыл тұрғындары арасында тіс аурулары 89 пайызға жеткен. Яғни көпшілігіміздің «визиттік карточ­камызда» бір ақау бар. Ал жас балалар мен жасөспірімдер арасында тісжегінің таралуы 100 пайызға жетіп қалған. Ауру тістің кесірінен ішкі ағза аурулары, әсіресе, жүрек-қан тамырлары аурулары туын­дайды. Ендеше, жалпы халықтық стома­тологиялық қызметті қалай ұйымдастырып, ауру көрсеткішін төмендету үшін не істеу керек? Өзге елдерде бұл салада қандай иннова­циялар қолда­нылады, оларды қалай ендіруге болады? Алматыда осы сауалдарды талқылаған стоматологтардың конгресі бүгін өз жұмысын аяқтайды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары на­зарсыз қалған саланың бірі – стоматология болғандықтан, олар өз күндерін өздері көрумен келді. Қазіргі таңда стомато­логиялық қызметтің 78 пайызы жекенің қолында. Олар өз пейілі мен көңілі қалаған бағаны қойып алатынын көз көріп жүр. Қызмет құнынының жоғарылығынан, «тіс ауырса, ауыз ішінде» деп, оның ем-домын жасамай, бірден жұлдырып тастауға бар­мыз. Сондықтан отыздан аспай жатып кемпір-шалдай кетік болғандар көп.

– Елімізде стоматологиялық қызмет өте қымбат деп кесіп айтуға болмайды. Нарық заманында нарықтағы бағаны сұраныс анықтайды. Қымбат болуының негізгі бір себебі – пайдаланылатын жаңа құрал-жабдықтардың, пломбалық, емдеу мате­риалдарының құны өте жоғары. Сондықтан жаңа технология жүрген жерде қызмет құны да шарықтайды. Осыған байланысты баға­ның 3-4 деңгейі қалыптасып отыр, – деді Қа­зақстан ұлттық стоматологтар қауым­дас­тығының президенті Құралбай Құрақбаев.

Қазақстанда кепілдендірілген меди­циналық қызмет көрсету бойынша 18 жас­қа дейінгі балаларға ғана тегін стоматология­лық қызмет көрсетіледі. Мүгедектер мен әлеуметтік жағдайы нашар жандарға, жүкті келіншектерге кейбір жеңілдіктер қа­растырылған. Одан өзгелерге мемлекеттік емханалардың өзінде тіс емдету ақылы.

– Тіс ауруларының көптігі тек Қазақстан емес, өзге елдерде де үлкен мәселеге ай­налған. Сондықтан оның алдын алу ма­ңызы. Мемлекеттің балаларға стомато­логялық қызметті тегін жасауы осы мақ­саттан туындап отыр. Алдын алу деген сөз – тіске уақтылы күтім жасап, ұқыпты қарау. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, уақтылы күтім жасау арқылы ғана тіс ауруларының таралуын 40 пайызға дейін төмендетуге болады. Осы бағытта бала­лар­дың арасында тіс ауруларының алдын алу үшін үлкен бағдарлама жасалып, Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен мек­тептерге енгізілмек, – дейді дәрігер.

Стоматологтардың дүниежүзілік FDI федерациясының президенті Орландо Монтейро да Силва ауыз қуысының сау болуына әр адам құқылы деп пайымдай­ды. Сондықтан осы құқықтың жүзеге асуы тек алдын алумен шектелмей, адамның әлеу­меттік жағдайымен де санасуы шарт.

– Тіс ауруларының алдын алу – сто­ма­тологиялық қызмет көрсетудің негізі болуы керек. Сондықтан көп жылдар бойы ТМД бойынша осы конгресті ұйымдасты­­рып келеміз. Өйткені барлық тәуелсіз елдер­де­гі стоматологиялық қызмет Кеңес одағы жүйесінен шықты. Бұл жүйе біздің елдерде тіс ауруларының өте жоғары екендігін көрсетіп отыр. Мәселен, Ресейде 12 жастағы 10 баланың 8-де тісжегі кездеседі. Ал 15 жаста 9-ға жетеді. Өкінішке қарай, бұл – тісжегі эпидемиясы. Ол Украина, Қазақстан, Ресей, ТМД елдерінің барлығына жайыл­ған. Бұл конгрес тек қызмет көрсету жүйе­сін ғана емес, стоматологиялық білім беру жүйесін де өзгертеді. Біз стоматологтарға емдеумен қатар, аурудың алдын алуды да үйретуіміз керек. Осы конгрес аясында стоматологиялық білім берудің бірлескен оқу-әдістемелік орталығын құру мәселесі талқыланады, – дейді конгресті ұйымдас­тырушылардың бірі, Ресей стоматологта­ры қауымдастының өкілі Олесь Шевченко.

Мамандар шетелден үйренетініміз көп деп тұжырымдайды. Еліміздің Бас сто­матологы Сәуле Есенбаева мемлекет жағ­дайды жақсарту мақсатында көп шаруа атқарып жатқандығын айтады.

– Бұл мәселе 2012 жылы Үкімет деңге­йін­де талқыланып, бізге қандай жүйе қа­жеттігі қаралды. Скандинавия елдері ең тиімді ал­дын алу шараларын енгізуінің ар­қасында, оларда тіс аурулары көрсеткіші ең төмен болып отыр. Бізде де қалыптасқан тәжірибе бар. Оған дәлел – ТМД елдерінің арасында Батыс Қазақстан облысындағы балалар стоматологиялық емханасының ең үздік инновациялық жоба атануы. Алайда ол барлық облыстарда қалыптаспаған. Алдын алу бағдарламасын күшейтуге бағытталған дұрыс мемлекеттік бағыт бар. Бүгінде мек­теп пен балабақшаларда сто­матологиялық кабинеттер ашылып жа­тыр. Жеке сектор қанша дамығанымен, оған қолы жет­пейтіндерге жағдай жасап, жеке клини­калар мен мемлекеттік емхана­лар бәсекеге түсе алуы шарт, – деп түйінде­й­ді Сәуле.


Тегтер:

аурухана

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!