Атырауда Махамбет батырдың мазары жөнделуде

Фотография - Атырауда Махамбет батырдың мазары жөнделуде

Қазақтың өршіл мінезді ұлы, ақберен батыр, ақиық ақын Махамбет Өтемісұлына деген атыраулықтардың ыстық ықыласының көрінісіндей болып тұрған алып та сәулетті мазардың Қаройда бой көтергеніне 18 жылға таяды. Содан бері мазардың айналасы жылма-жыл көркейтіліп, қоршалып, абаттандырылғаны болмаса, оның тұла бойына реставратордың қолының ұшы тиген жоқ-ты.

380 0

Қазақтың өршіл мінезді ұлы, ақберен батыр, ақиық ақын Махамбет Өтемісұлына деген атыраулықтардың ыстық ықыласының көрінісіндей болып тұрған алып та сәулетті мазардың Қаройда бой көтергеніне 18 жылға таяды. Содан бері мазардың айналасы жылма-жыл көркейтіліп, қоршалып, абаттандырылғаны болмаса, оның тұла бойына реставратордың қолының ұшы тиген жоқ-ты.

Енді міне, елімізде жарияланған «Мәдени мұра» бағдарламасына сай республикалық маңызға ие қорықты жөндеуге арнайы қаржы бөлініп, табиғаттың ыстық-суығы, жел мен ызғарының өтінде тұрған ақ мәрмәр мазардың бірқатар жеріне қалпына келтіру жұмыстары жүргізіле бастады. Бұл жұмыстарды «Қазреставрация» РМК Батыс Қазақстан облысындағы филиалының мамандары жүргізіп жатыр.

«Біз Махамбет бабамыздың 210 жылдығы қарсаңында басталып отырған бұл қалпына келтіру жұмыстарын 20 сәуірден бері жүргізіп жатырмыз. Алдымен 600 шаршы метр аумақты алып жатқан мазардың маңы мен қоршауы ішіндегі төселген тастарды алып, сынғандарын ауыстырып, қиыршық топырақ төсеп, 8 сантиметрдей көтереміз. Әйтпесе, салынғаннан бергі уақытта алаңның бірқатар жерінің тастары сынып, төмендеп кеткен екен. Сондай-ақ  Махамбет батырдың жанында болған 14 батырдың есімі жазылған белгілерді де маңғыстаулық әк тастармен түгел ауыстыратын боламыз. Оған арнайы тапсырыс беріліп, бір маманымыз сол жаққа кетті. Қоршаудың іргелері де қайтадан бекітіліп, тегістеліп, сынған жерлері жалғанып, сырланатын болады. Сонымен қатар ескі қауымның айналасындағы қоршау да ретке келтіріледі. Ал мазардың іші-сыртындағы әр тұсындағы жарылған, бүлініп, сарғайған, түсіп қалған жерлері мұқият тексеріліп, жөнделеді, арнайы төзімді әкпен әрленеді. Оған арнайы осындай ерекше құрылыстарға арналған қоспаларды пайдаланатын боламыз. Жалпы біз мазарды әуел бастағы қалпына келтіруді көздеп отырмыз. Мұндай ел жадында мәңгілікке қалған азамат ақынның мазарын жөндеп, қалпына келтіру жұмыстарын атқару бізге тапсырылғанын өзімізге үлкен абырой санаймыз,-деді осы жұмыстардың басы-қасында жүрген маман Сансызбай Сұлтанов. Сонымен қатар осы  Жарсуат округіне қарасты қыстақ орындарында отырған Қ. Естаев пен С.Өтепқалиев сынды азаматтардың көмектеріне ризашылығын білдірді.

Бастысы, батыр-ақынның 210 жылдығы қарсаңында мазар мен оның айналасы тағы бір жаңарып, абаттандырылып, жасыл желегі Қаройдың маң даласына сән беретін орынға айналғаны керек бізге. Ерлік мекенінің еңсесі де биік тұрғанына не жетсін шіркін.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!