Өскеменде қазақ тілі мен әдебиетінен халықаралық олимпияда өтті

Фотография - Өскеменде қазақ тілі мен әдебиетінен халықаралық олимпияда өтті

Олимпиада республикалық филологтар съезі мен Қанипа Омарғалиқызының ұстаздық еңбек жолына 45 жыл толуына орай өткізілді.

512 0

Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігінің қолдауымен облысының білім басқармасы және Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары Федерациясының клуб мүшесі, академик, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, «Құрмет» орденінің иегері Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева атына қазақ тілі мен әдебиетінен олимпиада өтті, - деп хабарлайды ШҚО білім басқармасының баспасөз хатшысы Жанболат Санияз.

Олимпиада республикалық филологтар съезі мен Қанипа Омарғалиқызының ұстаздық еңбек жолына 45 жыл толуына орай өткізілді.

Халықаралық сайысқа Ресей мен Моңғолия, Қытай Халық Республикасы, Оңтүстік Корея, Қырғызстан Республикасынан және Астана қаласы, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарынан 160 дарынды оқушы қатысты.

Олимпиадаға қатысушыларды облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев құттықтап, облыс басшысының құттықтау хатын оқып берді. Аталған хатта ана тіліміздің таза бастауына ат тіреген жас ұрпақтың келешегі кемел болатыны, ұлағатты ұстаздың ерен еңбегі биік құрметке әрдайым лайық екендігі айтылған. Сонымен қатар, Ермек Көшербаев облыс әкімдігі тарапынан ұлағатты ұстазды ұлықтау мақсатында түрлі іс-шаралар жасалып жатқандығын, аталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, кеңейе түсетіндігін атап өтті.

Жиналғандар алдында сөз алған қырғызстандық қонақ, «Публичный портрет» журналының редакторы Уматкуль Бралкиева: - Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екі ел арасындағы достық қарым-қатынаспен бірге мәдениет пен білім саласындағы атқарып отырған жұмысына үлкен ризашылығымызды білдіремін – деді. Сонымен қатар, У.Бралкиева облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа Қырғызстандағы қазақ қоғамы мен журналдың атынан шапан мен қалпақ, қамшы тарту етіп, Бішкек мэрі Иса Омуркуловтың жолдаған құттықтау хат пен естелік суретті Е.Көшербаевқа тапсырды.

Олимпиаданың алғашқы күні Назарбаев Зияткерлік Мектебінде «Оқушылар дарындылығын анықтап, дамытудың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жамбыл атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында түрлі деңгейлердегі олимпиадалар мен сайыстарға оқушыларды дайындап жүрген мұғалімдерге арналған Қ.О. Бітібаеваның «Білім беру жүйесін жаңғырту, жаңарту заманындағы мұғалімнің инновациялық ролі» тақырыбында шеберлік-сыныбы өтті.

Білімдері мен біліктілерін сынауға келген оқушылар жазбаша еркін тақырыпта шығарма жазып, қазақ әдебиетінен ауызша тапсырмаларды

орындады. Олимпиада қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде өтті. Сайыс қортындысы бойынша 87 оқушы жүлдегер атанды. Ең жоғар ұпай жинаған Ақтөбе облысының 9 сынып оқушысы Жаноразов Темірлан олимпиада жеңімпазы атанды. Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогиалық университетінің грантын Алматы облысы О. Жандосов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Өкен Маржан иеленді. Ал Қазақстан-Американ Еркін университетінің білім беру грантын шығысқазақстандық Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаттың 11-сынып оқушысы Сәрсембаева Балжан ұтып алды. Сонымен қатар, үздік деп танылған 10 оқушы «Нұр Отан» ХДП филиалының грамотасымен марапатталды. Бес оқушы Алматы қаласындағы Халықаралық білім беру орталығының ақшалай сыйлықтарымен марапатталды. Жарыс жеңімпаздары дипломдармен бірге бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен «Үш тұғырлы тіл» мәдени жобасын іске асыра отырып, көптілділікті дамыту, дарынды балаларды анықтап және оларға қолдау көрсету, оқушылардың оқу-танымдық қызметін ынталандыру, халықтар достығын нығайтуға және мәдени байланыс жасауға ықпал етуді мақсат еткен шара аясында «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері мерекелік концерт ұйымдастырып, өз өнерлерін көрсетті.

Өңірімізге келген қонақтар қаламыздың көрікті жерлері мен туристік базаларды да аралап көріп, облыстық мұражаймен де танысты. Қатысушыларға арнайы спорттық ойын-сауық шаралары ұйымдастырылды.


Тегтер:

тіл

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!