Қызылордада балаларды қорғау күні кең көлемде аталып өтуде

Фотография - Қызылордада балаларды қорғау күні кең көлемде аталып өтуде

 Осыған арналған шаралар «Мен, сен, бәріміз - Қазақстанның болашағымыз» атты бағдарлама аясында кеңге қанат жаюда

140 0

Бүгін Қызылордада Халықаралық балаларды қорғау күні кең көлемде аталып өтуде.

Осыған арналған шаралар «Мен, сен, бәріміз - Қазақстанның болашағымыз» атты бағдарлама аясында кеңге қанат жаюда. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Қалалық саябақта мерекелік думандар  таңертең «Сыр бойы батырлары» ескерткішінің алдынан басталды. Бұл жерде қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев балаларды мерекесімен құттықтап, тынығу лагерьлеріне аттанатын балғындарды шығарып салу рәсіміне қатысты.

Ал саябақтың кіреберіс алаңында  «Бегім-Ана» балабақшасының бүлдіршіндері «Бала шаттығы» композициялық биін орындады. Сондай-ақ балабақша бүлдіршіндері мен мектеп оқушыларының қатысуымен театрландырылған қойылым, бүлдіршіндер шеруі, жас суретшілер байқауы мен көрмесі және түрлі спорттық жарыстар мен фестивальдер ұйымдастырылды.

Ал саябақтағы аттракциондар балалар үшін тегін қызмет көрсетіп жатыр.  Бұған қоса, көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасында тәрбиеленуші 1000-ға жуық бала  «Жібек жолы» сауда үйіндегі «Ботақан» ойын-сауық орталығында аттракциондар мен анимациялық фильмдерді  тегін көріп, пайдалану мүмкіндігіне ие болмақ.

Балалар мерекесінде мұнай компанияларының да әлеуетін пайдаланып, демеушілік шаралар ұйымдастыру көзделуде. Мереке аясында «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының демеушілігімен 7000 балаға тегін тәттілер таратылып, өзге де мұнай компаниялары арқылы үйден оқытылатын аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасының 400 оқушысына әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Мереке күні қала мектептеріндегі және көпқабатты үйлер аулаларындағы 77 спорт алаңында жеті жарым мың баланың қамтылуымен түрлі спорттық шаралар өткізіледі. Қалада Халықаралық балаларды қорғау күнінде 30 мыңнан астам баланы мәдени және қайырымдылық шаралармен қамту көзделуде.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!