Астанада 11 жастағы бүлдіршін отбасын жалғыз асырап жүр

Фотография - Астанада 11 жастағы бүлдіршін отбасын жалғыз асырап жүр

Жеткіншек таңнан қара кешке дейін базар алдында таразыға адам тартып, нәпақасын тауыпты

298 0

Астанада 11 жастағы бала отбасын жалғыз асырап жүр. 5-ші сынып оқушысының көше кезіп, тиын тергені Балалар құқығын қорғау департаментінің кезекті рейді барысында анықтаған. Жеткіншек таңнан қара кешке дейін базар алдында таразыға адам тартып, нәпақасын тауыпты. Ал көпбалалы отбасы сол 500-600 теңгеге жан баққан. 

11 жастағы Мұхамед бауырларының салмағын өлшеуді күнделікті әдетке айналдырған. Өлшеп болған соң, таразыны қайтадан орнына тығып қояды. Өйткені, бүтін бір отбасының күні осыған қарап отыр. Жеткіншек былтырдан бері базар жағалап, осы таразымен тиын-тебен тауып жүр.

Мұхамед Абдоллаев:

- Күніне қанша табасың?

- Әртүрлі. 500.

- Сосын оны не істейсің?

- Оны анамаберем. Анам азық-түлік алады.

Мұхамедтің анасы Назгүл өзбек азаматына тұрмысқа шыққан. Астанаға көшіп келгендеріне 13 жыл болса да күйеуі азаматтық ала алмай жүр. Құжаттың жоқтығын сылтауратып, жұмысқа да шықпапты. Ал Назгүл болса аурушаң. Сондықтан бүтін бір отбасыны асырау жүгі 11 жастағы балаға артылған.

Назгүл Ескендірова, Мұхамедтің анасы:

- Айт күндері бірдемеге шығып келеді, ақша сұрап. Балам ұрлық жасаған жоқ. Мен бұларды балалар үйіне бермек болдым. Аязда тік тұрғанша деп. Үлкен балам жылады. Ана бермеңіз, біз аш отырсақ та бірге болайық деді. Бірігіп отырайық деп. Мен сізге табам ақша.

Торғайдың ұясындай мына бөлмеде қазір 6 жан тұрады. Оны да иесі тегін тұруға беріпті. Мұхамед қолы босаса, бауырларымен бірге осы жерде сабақ оқиды. Тамақ ішеді. Тамақ деген аты болмаса, ыстық сорпа ішпейді, туғандарынан ет көрмеген. Өйткені, жеткіншектің базар кезіп тапқаны оған жетпейді.

Мұхамед Абдоллаев:

- Біздің өз үйіміз болса, өзім боксқа қатысқым келеді. Мен өзім қатысып жүр ем, ақша болмай қалған соң шығып кеттім.

Белі қатпаған балғынды қысы-жазы базарға тентіреткен ата-ана заң бойынша жазаға тартылуы тиіс. Алайда құзырлы орындар бұл отбасыға түсіністікпен қарап отыр екен.

Рысты Жұмабекова, Астана қалалық Балалар құқығын қорғау департаментінің директоры:

- Жазаламаймыз, көмектесеміз. Не үшін жазалаймыз? 4 баласы бар ол балаларды мемлекет, отбасы болып тәрбиелеп өсіру керек.

Ал күнде таңертең базар жағалап, бауырларына қалай нан тапсам дейтін Мұхамед бүгін бір сәтке болса да ондай уайымнан құтылды. Үстіне жанашыр адамдар әкелген киімді киіп, ойнауға асықты.


Тегтер:

Отунбаева

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!