Асау мен Барақ батырлардың рухына ас беріледі

Фотография - Асау мен Барақ батырлардың рухына ас беріледі

2013 жылы қыркүйек айының 20-22 аралығында Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданының орталығында (Жеті ру) Кіші жүздің Табын руынан шыққан «Асау — Барақ батыр бабалардың» құрметіне арнап ас беріледі

227 0

2013 жылы қыркүйек айының 20-22 аралығында Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданының орталығында (Жеті ру) Кіші жүздің Табын руынан шыққан «Асау — Барақ батыр бабалардың» құрметіне арнап ас беріледі.

Шара аясында аламан бәйге, ошақ бәйге, түйе балуандар күресі сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама мен жыршылар сайысы өткізіледі. Бұған қоса, жиылған халық суырыпсалма айтыс ақындарының өнерін де тамашалай алады. Бабалар рухына арналған қайырымды шараға келемін деушілерге шектеу қойылмайды. Аламан және Ошақ бәйгеде, сонымен қатар қазақ күресінен жеңімпаз атанған сайыскерлерге биыл 4 жаңа автокөлік сыйға тартылмақ.

«Аламан бәйгенің жеңімпазына «Нива» темір тұлпарының кілті табысталады, екінші орын — «Шанс» автокөлігі, ал үшінші орынға — «Түйе» беріледі. Ошақ бәйге жеңімпазына «Шанс» автокөлігі, 2 және 3 орынға бағалы сыйлықтар. Қазақша күрестен бірінші орынға «Nexia» темір тұлпарының кілті, 2 және 3 орынға бағалы сыйлықтар табысталады», — дейді «Асау ата» қоғамдық қорының төрағасы Қайрат Өтенов.

Айта кетейік, Барақ Сатыбалдыұлы (1743-1840) батыр, Кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының бірі. Кіші жүздің Жетіру тайпасының Табын руынан шыққан. Барақтың батыр атағы 18 жасында торғауыт батыры Алакөбікті жекпе-жекте жеңгеннен кейін шыққан. 18 ғасырдың 70 жылдарына дейін шөмішті-табын қолын бастап, Еділ мен Жайық арасында қалмақтармен соғысқан. 1785-1792 жылдар аралығында Сырым Датұлы бастаған Ресей отаршылдығына қарсы күрес басшыларының қатарында болған. Сырымның жақын серігі Барақ батыр үш мыңдық жасағымен Орынбор шебіндегі қамал-бекіністер бойында және қазақ даласына жіберілген патша үкіметінің жазалаушы отрядтарымен кескілескен шайқастар жүргізген. Орал әскери рапортында Барақ батырдың екі мың жасағы үкімет әскеріне қарсы тұрғаны жазылған. Барақ батырдың әскери күші туралы барон О.Игельстромның император Екатерина ІІ-ге жазған хатында айтылады. Барақ батырдың тегеуірінді қарсылық әрекеттері орыс отаршыларының зорлық-зомбылығын шектеп, Жайықтың оң жағалауындағы қазақ жерлерін сақтап қалуға септігін тигізді. Ол Батыс Қазақстанның отарлануын тежеп, әскери бекіністердің көптеп салынуына жол бермеген. Барақтың есімі табын руының ұранына айналған. Оның ерліктері «Барақ батыр» тарихи дастанына арқау болған. Барақ Сатыбалдыұлының ұлы Асау мен немересі Дәуіт те атақты батырлар болған. Барақ батыр мен Асау батыр Бейнеу ауданы Сам құмында Тұрыш ауылынан оңтүстікке қарай 15 шақырым жерде жерленген. 1993 жылы Барақ батырдың бейітіне күмбезді кесене тұрғызылды. Ал 2010 жылы мешіт пайдалануға берілді.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!