Халықаралық семинарда техникалық және кәсіптік білім саласының сапалы оқулықтарын дайындау мәселесі сөз болды

Фотография - Халықаралық семинарда техникалық және кәсіптік білім саласының сапалы оқулықтарын дайындау мәселесі сөз болды

25-26 қазан күндері Астана қаласындағы Қазтұтынушылар одағының Сауда-экономикалық колледжінде кәсіптік саланың арнайы пән оқулықтарын әзірлеушілерге арналған халықаралық семинар болып өтті

320 0

25-26 қазан күндері Астана қаласындағы Қазтұтынушылар одағының Сауда-экономикалық колледжінде кәсіптік саланың арнайы пән оқулықтарын әзірлеушілерге арналған халықаралық семинар болып өтті.

Техникалық және кәсіптік білім саласының сапалы оқулықтарын жасау мәселесін «Республикалық техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың және біліктілікті берудің ғылыми-әдістемелік орталығы» акционерлік қоғамы («РҒӘО» АҚ) жиі-жиі көтеріп жүр.

Айта кету керек, халықаралық семинарға ҚР Білім және ғылым министрлігіндегі техникалық және кәсіптік білім саласының өкілдері, оқу орындарының оқытушылары, аталған саланың оқу әдебиеттері мен оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеуші авторлары, әлеуметтік серіктестер қатысты. Сондай-ақ бұл семинарға Австралиядан келген Халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі департамент директоры Питр Холден, TAFE директорлар қауымдастығының мүшесі, Чалленджер Технологиялар институты Зерттеу және бизнес департаментінің директоры Дарши Ганесон-Уатс және Құрылыс жөніндегі Салалық кеңес төрағасының орынбасары Дэвид Мэги қатысты.

Семинар модераторы, «РҒӘО» АҚ бас директоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров: «Біз кәсіптік саланың оқулығын жасау мәселесіне немқұрайлы қарағанды қойып, оның байыбына жетуіміз керек»,- деді.

Одан кейін Питр Холден мырза Австралия тәжірибесін ортаға салды. Ол дәл осындай мәселе осыдан 20 жыл бұрын өздерін толғандырғаны және оны қалай шешкені туралы тәжірибелерімен бөлісті.

Одан әрі екі күнге созылған тренингті педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Германия доктор-инженері, Қазақстан педагогикалық ғылым академиясының президенті, оқулықтану ғылымының білгірі Асқарбек Құсайынов өткізіп, «ТжКБ арналған оқулықтарды әзірлеудің негізгі талаптарымен» таныстырып, оқулық жасаудың бай тәжірибесімен бөлісті. Сөз арасында техникалық және кәсіптік білім саласы бойынша оқулықтарды бағалаудың 100 өлшемі дайындалып жатқандығын атап өтті.

Бұған қоса, семинарда кәсіптік білім саласы оқулықтарын әзірлеуші-авторлар өздерінің арнайы пәндерден әзірлеген оқулық, әдістемелік құралдары бойынша әріптестеріне шеберлік сабақтарын өткізді.

Семинар соңында техникалық және кәсіптік білім саласының сапалы оқулықтарын дайындау жөнінде тұщымды ұсынымдар қабылданып, тренингке қатысушыларға сертификаттар табыс етілді - деп хабарлады  ҚазАқпарат

Қорыта айтқанда, күрделі үдерістен тұратын сапалы оқулық дайындау ісіне шындап бет бұрған кәсіптік сала оқулықтарының авторлары мазмұнды тренингтен көп ой түйіп, үлкен серпіліс алды.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!