Ақмолалық шаруалар зығыр сабағын көмір орнына пайдалануда

Фотография - Ақмолалық шаруалар зығыр сабағын көмір орнына пайдалануда

Мемлекет инновациялық жаңа жобаларды, өндіріске күш беретін тың идеяларды үнемі қолдап келеді.

609 0

Мемлекет инновациялық жаңа жобаларды, өндіріске күш беретін тың идеяларды үнемі қолдап келеді.

Бұл туралы Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясында да ерекше айтылған. Ал Ақмола облысының Зеренді ауданындағы Викторовка серіктестігі стратегиядағы басым бағыттың алғашқы нәтижесіне қол жеткізді. Олар кәдімгі зығыр дақылын орып алғаннан кейін алқапта қалатын сабан-сабақтарын көмірдің орнына пайдаланып, бүкіл шаруашылыққа жылу беріп отыр. Шаруашылықта 14 мың гектар алқап болса, оның тең жартысына майлы дәнді-дақыл егіледі. Зығыр өсіруді де соңғы 3 жылда қолға алған. Алайда, дақыл орылғаннан кейін орнында қалатын сояудай сабақтары сергелдеңге салатын. Оны алқаптан жинап, содан соң өртеу шаш етек шығынға ұшырататын.

Владимир Андрюхин, серіктестік директоры:

- Зығырдың сабанын қалайда қалдыруға болмайды. Өзі қатты арқан жіп сияқты не шіріп кетпейді, келер жылғы егінге кедергі келтіреді. Бір қызығы,оны мал да жемейді. Содан бұл сабанды қалай пайдалану керектігін ойландық. Мұны өртеген кезде қызуы өте қатты болатынын байқадық.

Бұдан соң шаруалар Польшада зығыр сабандарын отын ретінде пайдаланатын кәсіпорынды тауып, сол жақтан құны 8 млн. теңге тұратын пеш сатып алады. Бірден іске кіріскен олар өздеріне тиесілі 3 мың шаршы метірден астам аумақты осы зығыр қалдықтарымен жылытуға көшті.

Владимир Андрюхин, серіктестік директоры:

- МТМ, автопарк, КамАЗдардың тұрағы, кафе, асхана – жалпы барлық нысандар осымен жылыта бастадық. Биыл барлық техникалардың тұрақтарын, әкімшілік ғимаратты және моншаны жылытуды көздеп отырмыз. Зығыр қалдықтарының жылу күші өте жоғары.

Осынша нысанды жылытуға шаруашылық жылына 400 мың тонна көмір сатып алатын. Оның тасмалы мен зиянды күл-қоқысын шығару тағы бар. Ал зығыр сабандары қанша жақса да жеткілікті. Оның үстіне ешқандай қол күшін де талап етпейді. Алқап басынан түктеп әкеліп пешке салса болғаны.

Нұрғали Жаңабергенов, шаруашылық меңгерушісі:

- Бұрын біз көмір жағатынбыз. Ол дұрыс жанбайды, жылуы шамалы, сонымен қатар көбі көмірмен жұмыс істеуді ауырсынады. Күн жылы болса, 10 түк жағамын. Егерде күн салқындау болса, әрі кеткенде 13 түк жағамын. Жылуды бақылайтындар 1 тәуліктен істейді. Енді күлі аз, жұмыс жеңілденді.

Жұмыс жеңілдегеннен бөлек кәсіпкер қыруар қаржы үнемдеп, әрі экологияны таза ұстап отыр. Болашақта ауылдағы мектеп пен балабақшаны да зығыр сабандарымен жылыту жоспарлануда. Мұндай жаңашылдық Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасында ерекше орын алады. «Жол картасы-2020» бағдарламасы негізінде идея авторларына 3 млн. теңгеге дейін қайтарымсыз қаржы да қарастырылған. Ал мемлекеттің нық қолдауын сезінген еңбеккерлер осы саладағы жаңалықтарын одан әрі жетілдіре бермек.


Тегтер:

ауыл

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!