ОҚО-да тарихи мұражайдан тойхана жасамақшы

Фотография - ОҚО-да тарихи мұражайдан тойхана жасамақшы

Әуелі мешіт, кейін мұражай болған ғимаратты жекеменшік кооператив мүшелері халықтан тартып алып, басқа мақсатқа пайдаланбақ.

231 0

 Оңтүстік Қазақстанда тарихи мұражай тойханаға айналғалы тұр. Әуелі мешіт, кейін мұражай болған ғимаратты жекеменшік кооператив мүшелері халықтан тартып алып, басқа мақсатқа пайдаланбақ.

Тұрғындар бұған қарсы шыққанымен, ауыл шенділері мен облыстық мәдениет басқармасы мұражайды сақтап қалуға құлықсыздық танытыпты. Енді ауыл ақсақалдары оны күндіз-түні күзетуге көшкен.

Сансыз бап жатқан Сайрам ауданында тағы былық шықты. Манкент ауылының қақ ортасында тұрған ғасырлық тарихы бар мұражай тойханаға айналатынын естіген ауыл ақсақалдары шу көтеруде. Айтуларынша, Манкент пен Сайрам ауданының шежіресін жинақтаған ғимарат пен жерді кооператив мүшелері сатып жібермекші екен.

"Мұнда ауданымыздың бірнеше жүз жылдық тарихы сақтаулы. Қалай өтіп кеткенін біз білмейміз, колхоз-совхоз тараған кезде ғимарат 5 сотық жерімен бірге жеке кооперативке өтіп кетті. Енді олар келіп, біз өзіміз білеміз қаласақ ғимараттан дәмхана жасаймыз, қаласақ сатамыз дейді",- деп күйзелді Манкент ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ташқожа Аташев.

Расында көне нысан ресми мұражай емес екен. Ғимаратты халықтың өзі музейге айналдырыпты. Яғни, құжат бойынша ол жекеменшік кооперативтің иелігіндегі мүлік. Жәдігерлер сақтаулы орынды сатамыз дегендер, ел дүрліккен соң райынан қайтып, оған тиіспейміз дегенге көшті.

"Осы ауыл тұрғындары ақсақалдардың ұсынысымен осы ғимарат халықтың пайдалануына берілді, жерімен дәл осы ғимарат берілді. Кооперативтен уәдесінің бәрін алдық. Жазбаша түрде алдық. Ешқандай сатылмайды", - дейді Манкент ауылының әкімі Шухратулла Убайдуллаев.

Халықтың өзі құрған мұражайдың қазір тоз-тозы шығып барады. Мұнда ауылдықтардың кезінде алған орден-грамоталарынан бастап, тарихы талай ғасырдан тамыр тартатын қылыш, самаурын, ортағасырлық киім үлгілері мен құранға дейін қойылған.

100 жылдық тарихы бар көне ғимарат ең әуелі мешіт ретінде салынған. Тек Қазан төңкерісінен кейін бұл жерді 90-шы жылдарға дейін қарапайым қойма ретінде пайдаланыпты. 90-шы жылдардың ортасында жергілікті тұрғындар бұл жерден мұражай жасауды көздеп, үйлерінен әр түрлі тарихи жәдігерлерді алып келе бастаған. 200-ге тарта жәдігері бар мұражай қазір толықтай шаң астында қалды.Бақылап отыратын адам болмағандықтан бір жарым жылдан бері жабық тұрған ғимараттан жәдігерлер де жоғала бастапты.

Жәдігерлерді орналастыруға Манкент әкімі ауыл клубы мен мектептің бір бөлмесін ұсынып отыр. Бірақ, жұрт көненің көзіндей болған ғимаратты сол күйі сақтап қалғысы келеді. Сондықтан, қазір ауыл қариялары бас болып қаржы жинап жатыр. Егер кооператив мүшелерімен келісе алса, онда өз қаржыларына алған мұражайды жерімен қоса мемлекеттің қарауына өткізбек ойда.


Тегтер:

Шымкент

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!