Қазақ салт-дәстүрінің діни сананы қалыптастырудағы орны

Фотография - Қазақ салт-дәстүрінің діни сананы қалыптастырудағы орны

Қазақ – сонау көнеден бастау алатын тарихы бай халық

270 0

Қазақ – сонау көнеден бастау алатын тарихы бай халық. Оның сол көнеден бүгінге дейін жеткен сан-салалы мәдениеті, әдебиеті, тілі, тарихы, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі қалыптасқан. Қазақ жеріне Исламның келгеніне 12 ғасырдан асқандығын, халқымыздың мың жылдың үстінде ислам дінімен өмір сүргендігін ескерсек, халықтың бойына сіңген, өмірінен орын алған әдет-ғұрып пен дәстүрімізге ерекше мән берілу қажеттілігі айқындалады. Себебі, дәстүр халықтың күнделікті тыныс-тіршілігі мен танымының іс-жүзінде қалыптасқан көрінісі.

Пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алейһи уа саллам өзінен бұрынғы пайғамбарлар мен өзінің арасындағы байланысты былай баяндайды. «Менімен менен бұрынғы пайғамбарлардың мысалы – үй тұрғызған бір кісі сияқты. Әдемі көркем етіп салады, тек бір бұрышында бір кірпіштің орыны бос қалады. Халық ол үйді айналып көріп ұнатып: «Әттең мына бір кірпіші қойылса ғой» дейді. Сол кірпіш Мен боламын», -деген екен. Көріп отырғанымыздай пайғамбарымыз «Үйді бұзып қайта тұрғызушымын деген жоқ, толықтырушымын, аяқтаушымын» - деген. Дініміз жақсылық жолды қиратушы емес, керісінше толықтырушы екендігін көрсетеді.

Біздің бұдан алар үлгіміз: Егер Құран мен Сүннет жолын өмірімізге енгіземіз десек, Құран мен Сүннетке қызмет жасаған ғұлама бабаларымыздың мұрагері, Құран мен сүннет арқылы өмірін өрнектеген дана халықтың ұрпағы ретінде солардан қалған сара жол, даңғыл дәстүрді жаңғырта отырып кемелдендіруіміз керек. Әйтпесе, дәстүрді мансұқтау дегеніміз, дайын үйді бұзып далада қалумен тең.


Ұлттық және діни дәстүрлердің тәрбиелі ұрпақ қалыптастырудағы рөлі


Ұлттың құндылығы – мәңгі өзімен бірге жасасып келе жатқан тілінде, салт–дәстүрінде, ұлттық өнерінде. Оларды бір–бірінен бөліп те қарай алмаймыз. Себебі, олар бірін–бірі толықтыра отырып, тұтас бір ұлттың болмысын құрайды. Біздің қазақтың ұлттық және діни дәстүрлері тәрбиелі ұрпақ қалыптастырудағы рөлі орасан.

Тәрбие ана құрсағынан басталып–ақ кетеді дейді ғалымдар. Олай болса, бала дүниеге келмей тұрып басталатын «Құрсақ шашу», бала дүниеге келе салысымен болатын «Сүйінші сұрау», «Азан шақырып ат қою», «Шілдехана тойы», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару» – бәрі-бәрінің өзіндік тәрбиелік орны, маңызы бар екені анық.

Салт-дәстүрлер тек қана тәлім-тәрбие ғана емес, бұлжымас тәртіпке де негізделген. Мәселен, аруақты сыйлау туралы бір ғана сөзбен тоқталсақ, бұл жерде мәселе марқұмның жетісі, қырқы, жылын атап мал союда емес, мәселе – ағайын туыс, құда-жегжатқа көңіл айтып, қайғысына ортақтасуда. Ойлап көріңізші, кісісі өліп қаралы болған туысына, досына Атыраудан – Алтайға, Қызылжардан – Қызылордаға, Баян – Өлкеден – Баянауылға келетін кім? Ол – Қазақ. Топырақ салысуға үлгерейік немесе жетісінде бет көрісейік, қырқына барамыз деп, бет көрмесе мынау тірлікте өзін кінәлі сезінетін халық кім? Сол біздің – Қазақ. Өлімнің артын күтудің өзі –Қазақ үшін бірлік пен берекенің, ұят пен ардың нышаны. Ендеше арыдан ойлар болсақ, осылардан айырылсақ біртұтас халқымыздың елі мен жерінің тұтастығына сызат түспей ме!

Ұлыстың ұлы күнін тойлау да, жеті атаға дейін қыз алыспау да, тәбәрік тарату, ата – бабалар мазарына зиярат жасау секілді ғұрыптар әрине, мұсылман дінінде нақтылап айтсақ араб халқында жоқ. Сонда бұлар арабтарда жоқ екен деп біз бас тартуымыз керек пе? Әлде, жеті атадан бері қыз алысып – беріспейтін дәстүрімізді тәрк етуміз керек пе? Ендеше біздің дәстүр-салтымыздың бәрі мұсылман дінінен ауытқушылық немесе қарсылық емес, ежелден қалыптасқан әдет-ғұрып. Сол әдет-ғұрыптың бәрі де мұсылман дінімен ымыраласа жүріп жатқанын байқаймыз.


Ислам дінін қабылдау дегеніміз – ұлтымызды арабтандыру деген сөз емес


Ал қоғамда орын алған мына оқиғаны еске сала кетейін бір қарындасымыз былайша баяндайды. Шелпек тарататын айсайынғы әдетіммен үй-үйді аралап келе жаттым. Бір кезде бір үй иесі: "Бұл исламға жат. Шын мұсылман жеті шелпек пісірмейді",-деп шелпегімді алмай, есігін тарс еткізіп жауып алды»,-дейді. Әрине бұл дұрыс емес наным. Ислам дінін қабылдау дегеніміз – ұлтымызды арабтандыру деген сөз емесқой» - дейді.

Мұсылмандық ешқашан ұлттық дәстүрімізге нұқсан келтірмеуі тиіс. Сондықтан мұсылман болу үшін тек мұсылмандық сауат болуы жеткіліксіз. Ұлттық ар болуы керек деп есептеймін.

Жоғарыдағы мәселеден кейін жеті шелпектің қайдан шыққанын зерттей келе, мынандай ақиқатқа көз жеткіздім. Құранда «Мәйда» сүресінің 112-115 аяттарында былай баяндалады: «Хауарилер: Ей, Мариямұлы Иса! Раббың бізге тосын бір дастарқан түсіруге құдіретті ме?-деген кездерінде (Иса оларға) Егер мүмин болсаңдар Алладан қорқыңдар деп жауап берді. Олар айтты (ол дастарқаннан жеуді және көңілдеріміз орнығуын және де сенің шын сөйлегеніңді анық біліп ол дастарқанға куәлік берушілерден болуды қалаймыз». Көптеген тәпсір кітаптарында осы аяттарға байланысты Иса пайғамбар намаз оқып, дұға жасағаннан кейін дастарқан түскен. Бір қызығы атақты Имам Ғазалидың төмендегі риуаятымен сәйкес келеді. Атақты Имам Ғазалидің кітабы Ихияда дастарқан мәзіріне қатысты тақырыпта мынадай риуаят келеді: «Иса пайғамбардың серіктеріне түсірілген дастарқанда мынадай нәрсе бар еді: Көкөністің бір-екі түрінен басқа барлығы бар және бас жағында сірке суы, тұз қойылған балық пен жеті күлше нан. Әр күлшенің үстінде бір зейтін мен бір анар болды»,-дейді. Мінекей жеті күлшенің қайдан шыққаны белгілі болды. Демек қазақтың жеті шелпегін Құдайы күлше, Құдайы нан деуі, оны күлше формасында, жеті дана етуінің мәні осында жатқан жоқ па ағайын?!

Ислам дінінде бөліну жоқ, бірін-бірі сынға алып, айтысып-тартысу да жоқ. Онда бағыт бар, басты ұстаным бар, ғұлама-ғалымдардың салып кеткен сара жолдары бар.

Біз дінсіз ел емеспіз. Әкесі мен ұлы, енесі мен келіні стақан соғыстырып, баласы кәмелетке толған соң ата-анасынан безетін, көршісінің баласы жүгіріп шуласа, полицияға шағымданатын, келген қонағына қиналатын халық емеспіз. Сол үшін ата-баба дәстүрі десе «Жоқ, ата-бабаларымызды тапқан жолға ілесеміз» дейді. Егер аталары еш нәрсені түсінбеген әрі тура жолда болмаған болса да ма?” (“Бақара”, 170) деген аятты оқи жөнелетіндер аятты орынды-орынсыз қолданып жатқандығына бір үңілсе дұрыс болар еді.

Біз әке тұрып ұл сөйлегеннен безетін, ата-ененің қалауын қабағынан сезетін, ата-анасы жынды болса, байлап бағатын, қолдағыны бөліп беріп көрші мен қонақтың көңілін табатын, қызына қырық үйден тыйым салатын, тағы да басқа көптеген мүміннің сипаты, мұсылманның мұраты саналатын асыл қасиеттерді отбасы ошақ қасында бойға сіңіретін салт-дәстүрі бар халықпыз. Бұлар адасушылық болса, тура жол қайсы?! Бұған қоса атадан мұра қалған нақыл сөздер мен өлең-жырлардың имандылыққа баулуда алар орыны қаншама?!

Бар Құдай көкте де емес, жерде де емес,

Мекенін бір Алланың ешкім білмес.

Сипаты сегіз болған, бірі – кәләм,

Сөйлейді құдіретімен Алла Тағалам

Еш нәрсеге ұқсамайды Ол, еш нәрсеге,

Кітаптың айтқанынан ойлама көп – деп әһлі сүннәнің ақидасын өлеңмен өрнектеген Мәшһүр Жүсіпті;

Билер, пара жемеңдер,

Жанға бейнет кезбеңдер.

Кісі хақын алмаңдар,

Аузыңа пара салмаңдар.

Дүние жинап өткен жоқ,

Бізден бұрынғы Пайғамбар.

Сөз айтайын, үлкендер,

Құдайдан ғапіл өтпеңдер.

Әлің келсе, Мекке бар,

Артық дәулет біткендер! –деген Шортанбайды,

Қараңғы қабірде жатпақ қиын,

Таңла мақшар болады ұлы жиын.

Намаз, ораза, ғибадат бек пайдалы,

Алладан тілек қылып, күнде сыйын.

Жігіттер, өлім – рас маған нансаң,

Ораза ұста, намаз оқы, тілімді алсаң.

Ораза ұстамай, намазды оқымасаң,

Әрине, күнәсі не, өлмей қалсаң – деп ақыретті еске салған Шал ақынды

Алла деген ар болмас,

Алла деген пенделер,

Еш нәрсеге зар болмас, - деп Аллаға арқа сүйеуге шақырған, мінәжат айтқан Бұхар жырауды адасушылықпен айыптайтын ағайындар, пайғамбарымыздың «Кімде-кім біреуді кәпір десе, егер айтқан адамы олай болмаса, онда өзі соған лайық болады» деген хадисін қаперіне алып жүргені дұрыс.

«Хужжатул Ислам-Исламның дәлелі» атанған Имам Ғазали діни саланың дерлік барлығында құнды еңбегі бар үлкен ғұлама екені белгілі. Сол еңбектерінің ішінде көлемді, әрі танымалы «Ихия-у Улумиддин» кітабы болып саналады. Барлық иман, ғибадат, мінез-құлық тақуалық, нәпсі тәрбиесі, әдеп сияқты тақырыптарды қамтыған осы кітаптың тамақтану әдептері мен қонақ күту әдептерінде мына нәрселерді оқуға болады:

Қолға су құю

Тамақты жасы үлкен, абыройлы кісі бастау;

Қонақтан тамақ жейсіз бе, әкелейін бе?деп сұрамастан әкелу;

Мүмкін болғанша дастарқанға қонаққа қойылатын барлық ас түрін әкелу; себебі қонақ көңілі тартқанынан жей алатын болуы керек. (Ал біртіндеп әкелсе, алғашқы келгенінен жап тойып қалуы мүмкін).

Үй егесі тамақтан қолын соңғы болып тартуы;

Әркім өз алдынан жеуі;

Нанға құрмет;

Тамақты ортақ табақтан жеу,

Табақ алынбайынша орынынан тұрмау

Қонақтың ас иесіне дұға жасап бата беруі,

Тамақтан соң қолға су құю.

Имам Ғазалидың мұсылмандық әдептерінің барлығы дерлік қазақы тәрбие көрген қазақ баласының бойында бар қасиет. Кейде дәстүріңе пысқырмайтын діндарсымақ кейбір кісілермен табақтас болғанда, өзі тойған соң қолын сүртіп,тісін шұқып отыратынына куә болып та жүрміз.

Міне, жуырда қазіргі таңдағы қоғам ішіндегі кей олқылықтардың орнын толтыру мақсатында ҚМДБ-ның Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен «Дін мен дәстүр» атты еңбегі қалың оқырманға жол тартты. Оны оқып, көңілге тоқитын кітап. Дәстүрімізді дінмен сабақтастырып, шариғи үкімдермен айқындалған, қасиетті Құран аяттары, Пайғамбар (с.а.с.) хадистерімен дәйектелген. Осындай еңбегімен халықты діни білім нәрімен сусындатып жатқан Ержан Малғажыұлына ризашылығымызды білдіреміз.

Дін мен дәстүрді тату тірлікке ұластырып, ата-баба жолынан үлгі-өнеге алатын ұрпақ болып қала берейік.


Тегтер:

дін

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!