Жалған жеңілдік қалтаңызды қағып жүрмесін

Фотография - Жалған жеңілдік қалтаңызды қағып жүрмесін

Қызды-қыздымен тауарлары­ның бағасын тіпті 70-80 пайызға дейін төмендетіп жібергендер де баршылық. 

199 0

Жылдағыдай биылғы Жаңа жыл қарсаңында да елі­міз­дегі бірқатар сауда нүктелері тауарлары­ның бағасын бірнеше есеге төмендетіп, жаңажылдық жеңілдіктерді жарнамалап-ақ жатыр. Қызды-қыздымен тауарлары­ның бағасын тіпті 70-80 пайызға дейін төмендетіп жібергендер де баршылық. 

Десек те, мамандардың пайымдауынша, шынтуайтында, бұл жеңілдіктердің артында үлкен қулық жатады. Халықтың басым бөлігі сол жеңілдіктерден ұтпайды, керісінше, ұтылады. «Жеңілдік» деген сөз адамға айрықша әсер ететінін біздің сауда орталықтары жақсы білетіндіктен, олар ең алдымен заттың бағасын қолдан екі есе көтеріп, артынан бастапқы бағасы­на төмендетеді. Осыдан барып мына­дай есеп туындайды: мысалы, сіз бір жейдені 6700 теңгеге жеңілдікпен қуа­на-қуана сатып алдыңыз делік, ал келесі бір дүкенге барсаңыз, жеңілдіксіз ол жейденің бағасы 4500 теңге болып тұрады. Ал осыдан соң қалайша жеңілдіктер ұтымды дей ала­мыз? Ендеше, біз осы жайттарды ескере отырып, жаңажылдық жеңілдіктер жайында сараптап көрмекпіз.

1+1 бұқараға тиімді ме?

Бізде бұқараның құлағын елең еткізетін жеңіл­діктің ең жетілген бір түрі – бір зат алсаң, екінші зат­ты тұтынушыға тегін сыйға ұсыну «жомарт­тығы». Мұны маркетологтер «1+1» ак­ция­сы деп атайды. Ал мамандар тегін затты «тарту» ететіндер туралы оң көзқараста емес.

Меруерт МОЛДАБАЕВА, әлеуметтанушы:

– Әрине, тауарды тиімді өткізудің бір тәсілі:1+1. Яғни бір затты қым­бат­қа сатып алса, екіншісі сыйлыққа беріледі. Бірақ бұл жерде ескеретін дүние, тегін зат алғашқысынан 80 па­йыз арзан болуы керек. Мәселен, сырт­қы киімге – белбеу, тағы басқа дүние­лер. Тіпті қайсыбір тұтынушыларымыз осындай жеңілдікке ұрынып, екінші заттың тым ескі, киілген зат екенін айтып шағым­данған кездер де болады. Жақындап қалған Жаңа жыл мейрамы тұсында кәсіпкерлер шығынға ұшырағысы кел­мей­ді. Сол себептен тауар қандай күй­де болса да, өтіп кеткенін олар оң көре­ді. Сондықтан кез келген жеңілдікпен тауар аларда абай болған жөн.

Саудаласуға сауаттылық керек

Жалпы, нақ осы жаңажылдық жеңіл­дік­терге қатысты деректерге жүгінсек, елімізде тұтынушылардың 73 пайызы отан­дық сауда-саттық саласының жұмы­сына разы емес. Тұтынушылардың құқын қорғау бірлестіктерінің жүргізген сауал­намасы осыны айқындайды. Бір қызығы, тұтынушылардың дені қара базардағы саудаға емес, қаладағы ірі супермаркеттер мен дүкендердің сауда-саттық жүргізу жұмыстарына қанағаттанбай отыр. Жеңіл­дікпен алдау түрлері қазірде ірі супер­мар­кеттерде де молынан орын ала бастаған. Тіпті қайсыбір супермаркеттер тауар­лар­дың бағасы жазылған штрихкодтарды өзгерту арқылы пайда табуға көшкен. Бұған қатысты айтарымыз, мысалы, тұты­ну­шы бір қорап шоколад алғысы келді делік, сөреде әлгі шоколадтың бағасы 120 теңге деп көрсетілген болса, кассаға сату­шы шоколадтың штрихкодын сап кеп жібергенде тауар бағасы экраннан 220 болмаса 260 теңгені көрсетуі ғажап емес. Мұндайда тауар бағасы бірден екі есеге дейін өсіп шыға келеді.

Бұл ретте марке­толог маман Айша КЕҢЕСБАЕВА:

– Осындай жайтқа ұшырай қалса, тұты­ну­шылардың көбі «тауар бағасы сөреде қате жазылған болды ғой» деп аса мән бермеушілікке салынады. Айналып келген­де бұл жерде өрескел заңбұзушылық жатыр. Заңдылық бойынша сөредегі баға мен кассада көрсетілетін экрандағы баға сәйкес болуы керек. Бұл жерде тауардың штрихкоды әдейі алмастырылған болуы да мүмкін. Ондайда жаңағы шоколадтың бағасы шынымен де 120 теңге болып, штрих­кодтың ауысуына байланысты сіз басқа қымбат тауардың бағасын төлеген боласыз. Сондықтан бұл жерде дереу супермаркеттің әкімшілігіне шағым айтып, бұлай алдаудың заң жүзінде алаяқтық екенін түсіндіруге тырысыңыз, – дейді.

Бірақ мұндайға уақытын кетіріп тұратын біздің қазақ «ұсақшыл» емес. Расында, біз мұндайды «қалыпты жағдай» деп уақытымызды текке жоғалтпау үшін кете барамыз.

Жеңілдікке қалайша алданбауға болады?

Абзалында, мамандардың саралауын­ша, кеңестік кезеңде арнайы оқу орнын бітір­ген, сауда-саттық мәдениетінен хабар-ошары бар мамандар ғана арнайы еңбек кітапшасын алып дүкенге сатушы болып қызметке орналасатын. Ол кездерде сатушылық та білдей бір қызметтен кем емес-тін. Қазір, керісінше, сатып тұрған тауарының сапасынан, қайда өндіріл­гені­нен, қандай тауар екенінен, тіпті тауар бағамынан мүлде бейхабар сатушылар жетіп-артылады. Сондықтан тұтынушы ретінде біз мына жайттарды естен шығар­мағанымыз абзал. Әсіресе Жаңа жылдың кезінде бұл сізге керек болары анық. Мәселен, егер сіздің қапшыққа салынған затыңызды сатушы электронды таразыға еппен қоймай, екпінмен лақтырып қойса, бұдан күдіктенген абзал. Себебі элект­рон­ды таразыға зат екпінмен түссе, онда заттың салмағы тым артық болып көрінеді. Бұдан сіз бірнеше есе желінесіз. Бұл – бір. Екінші, 1+1 акциясын зерттеп барып қана сауда жасауға тырысыңыз. Өйткені екінші сыйға берілетін тауар түкке тұрғысыз, сапасыз болуы да мүмкін. Осыны зерттеуге тырысыңыз. Киім-кешек алсаңыз да, азық-түлік алсаңыз да, чек талап етіңіз және кассадан ұзамай алған затыңызды чектің бағасымен салыстырыңыз. Қайсыбір сату­шылар чектің ішіне алмаған тауарыңызды басып жіберуі де ғажап емес. Тауардың сертификатын сұрауды да жадыңызда ұстаңыз. Сатушының сөзуарлығынан сақта­ныңыз, қайсыбір сатушылар өзара әңгімелесу арқылы жарамсыз тауарды сізге тоғытып жіберуі мүмкін. Міне, маман­дар сатушылардың осындай әрекеттері де тұты­нушыны үнемі сан соқтырып жата­тынын, сондай-ақ мұндай жағдайға тап болғанда мәселені сол жерде ушықтырмай шешу қажеттігін алға тартады. Бұған қоса, жалпы акция атаулыға алданбау үшін сауда жасайтын сәтте жоспарлы саудаға баса назар аударған жөн. Жасайтын сауда­ңыз жоспарлы болса, сауда-саттық жасар­да «шынымен де осы зат маған қажет пе» дегенді ой таразысына сала білсеңіз, әмияныңыз да, өзіңіз де қаржыдан тарық­пасыңыз анық.


Тегтер:

Отунбаева

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!