Жаңа жылдан бастап темір жолмен жүріп-тұру бағасы 7%-ға қымбаттайды

Фотография - Жаңа жылдан бастап темір жолмен жүріп-тұру бағасы 7%-ға қымбаттайды

Бастапқыда билет құнын 48%-ға өсірмекші болған, алайда теміржолшыларға Монополия агенттігі тұсау салған

614 0

Жаңа жылдан бастап темір жолмен жүріп-тұру бағасы жеті пайызға қымбаттайды. Қыстың бел ортасында жолақының күрт өсуі жыл сайынғы дәстүрге айналып кеткен сынды. Бастапқыда билет құнын 48%-ға өсірмекші болған, алайда теміржолшыларға Монополия агенттігі тұсау салған. Десе де соңғы жеті жыл ішінде елімізде темір жол ақысы 75%-ға қымбаттаған. 

Рас, жаңа жылдан бастап билет құны қымбаттайды деген хабар елді елең еткізді. Өйткені халықтың басым бөлігі тұтынатын көлік құралы осы отарба. "Теміржол жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамы билет құнына қатысты өз кесімін 21 желтоқсанда жария еткен. Сөйтіп, келер жылдан бастап жолақысы жеті пайызға қымбаттайтын болды.

Мәселен, Астана-Шымкент, Астана-Алматы бағытын бетке алғандар 448 теңгені артық төлейді. Астана-Қарағанды 140, Астана-Петропавл арасы 182 теңгеге өспек. Әу баста теміржолшылар бағаны 48%-ға дейін шарықтатып жіберуге бекінген. Тәбеті артқан теміржолшыларды Монополия агенттігі тоқтатты.

Аян Шалмағанбетов, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі басқарма бастығы:

- Бұл тариф көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасына сай бекітілді. Онда барлық мақсаттар мен міндеттер нақты жазылған. Осыған сай, "Қазақстан темір жолы" өзінің инвестициялық бағдарламасын құрастырады. Оны Табиғи монополияларды реттеу агенттігі мен Көлік және коммуникация министрлігі бекітеді. Бұл міндетті бағдарлама.

Қымбатшылық экспорттаушыларға да едәуір соққы болғалы тұр. Тау кен, қара және түсті метал өндірушілер - темір жолдың негізгі тұтынушысы. Әлемдік нарықта бұл шикізаттарға баға 10-15 пайызға төмендеп кетті. Тасымал тарифінің өсуі онсыз да дағдарып тұрған салаға салмақ салары сөзсіз. Бұған, әсіресе, тау-кен өндірушілер қарсылық танытқан.

Николай Родостовец, "Қазақстандық тауар өндірушілер және экспорттаушылар одағының" президенті:

- Қазіргідей қиын жағдай туып тұрғанда Ресейдің тәжірибесінен үлгі алсақ. Онда теміржол арқылы іске асатын бірқатар жобаларды қазына қаржыландырады. Тарифтің өсуі отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігіне кері әсер етуде. Біз үкіметке қолдау тетігін қарастыруға ұсыныс әзірлеп жатырмыз.

Бізде экспорттық тарифті көтеріп, сол арқылы жолаушы тасымалын субсиядиялау қалыптасқан. Әлеуметтік мәселені жеке меншік өндірушіге артпай, қолдау жағын қазына өз мойнына алса құба-құп дейді мамандар. Қалай десек те, соңғы алты жыл ішінде темір жолдағы билет құны 75%-ға өсті. Былтыр "Қазақстан темір жолының" еншілес компаниясы "Жолаушылар тасымалы" жолақыны 60%-ға арттырамыз деп қоқиланған. Монополия агенттігі саудаласа келе, оны 13%-ға түсіртті. Ал биылғы қымбатшылыққа себеп - жанармай, жарық, су бағасының өсуі. Вагон жөндеу жұмыстары да аз шығын әкелмейді. Айта кетейік, жаңа жылдан бастап бес жүрдек поезд ашылады. Бірақ, билет құнының қымбаттайтынына наразы халықтың бұған аса қуана қоюы екіталай.


Тегтер:

темир жол

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!