Каспийге аққулар ұшып келді

Фотография - Каспийге аққулар ұшып келді

Ақтауға аққулар келді. Жылдағы әдетінен жаңылмай құс төресі Каспий жағалауына тұрақтады.

920 0

Ақтауға аққулар келді. Жылдағы әдетінен жаңылмай құс төресі Каспий жағалауына тұрақтады.

Шаһардың қысқы нышанына айналған аққуларды қызықтауға үлкен-кіші түгел жиналуда. Ақтау 40 жылдан бері ақ қанаттылардың қыстап шығатын құтты мекеніне айналған. Содан бері аққулар қала тұрғындарына бауыр басқаны сонша, адамнан қорқып-үрікпей, қолдан тамақ жейтін боп жүр.

Теңіз жағасы ерекше сәнге бөленген. Жылда ұшып келетін аққулар биыл да қала тұрғындары мен қонақтарын қуантып жатыр. Бірі әдейілеп алып келген нандарымен тамақтандырса, енді бірі суретке түсіп, қызықтап жүр. «Қасиетті жыл құсын қолдан тамақтандырудың тәрбиелік мәні зор»,- дейді ақтаулықтар. Мұны көрген жас ұрпақ оған қиянат жасамай, керісінше аққуларды қастерлеп, аялайтын болады.

Дінмұхамед Әбдірашит, мектеп оқушысы:

- Біз жыл сайын аққуларға нан, тамақ береміз. Аққу –киелі құс, оларды атуға болмайды. Біз оларды қорғауымыз керек.

Жұлдыз Жақсылықова, қала тұрғыны:

- Бүгін – менің туған күнім. Мен жыл сайын аққуларға келіп, тамақтандыруды әдетке айналдырғанмын. Олар жылдан-жылға адамдарға бейімделе бастады. Мысалы, менің қолымнан нан жеді. Аққу – өте сезімтал құс. Ол –әр адамның бақытын, қайғысын түсіне білетін киелі құс.

Ақтау өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бері аққулардың қыстап шығатын тұрақты мекеніне айналған. Жыл сайын қалаға 2 мыңға жуық аққу ұшып келеді. Аймақта құс төресінің сұңқылдақ және сыбырлақ дейтін екі түрі мекендейді. Сұңқылдақ аққу өте сирек кездесетіндіктен, еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген. Сыбырлақты аулағандарға да әкімшілік жаза қолданылады.

Әділбек Қозыбақов, биолог:

- Сыбырлақ аққулардың 35 жылдан бері біздің қаламызға келетін өздерінің бір тобы бар. Олар жылдан-жылға келіп тұратындықтан, адамдарға үйреніп кеткен. Оларға кез келген жемді беруге болады. Нан немесе көкөністер де болады. Бұдан оларға ешқандай зиян тимейді.

Көк айдынға кеудесін тосып, кербез келбет беретін қанаттылар Ақтауға Сібір жақтан келеді. Сібірде күн суытқанда, жылы аймақ ретінде Каспий жағалауын паналайды. Адалдық пен тазалықтың нышаны саналатын аққулар осы келгеннен көктем шыққанша қалада болады.

24.kz сайтынан


Тегтер:

ауыл

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!