727

Алматыда жасанды жер сілкінісі болады

Фотография - Алматыда жасанды жер сілкінісі болады

 Алматыда 19 тамыз күні жасанды жер сілкінісі ұйымдастырылады. Қазақстандағы «Қызыл Жарты Ай» қоғамының өкілдері қала тұрғындарына зілзала кезінде қалай бас сауғалауды көрсетеді.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне «Қызыл Жарты Ай» қоғамының Қазақстандағы ақпараттық қызметінің маманы Нұрдәулет Қошанов айтты.

«Қонаев, Төле би көшелерінің қиылысында орналасқан «Қызыл Жарты ай» қоғамының аймағында арнайы фургон орнатылады. Көлік іші кәдімгі пәтер сияқты жабдықталады. Мұнда 7 баллдық күші бар жер сілкінісін тудырып, зілзаладан қалай қашу қажеттігін көрсетеміз, үлкен гуманитарлық қалашық орнатылады. Бұл күні адамдар өз еркімен қан тапсыра алады. Республикалық алаңда қан орталығының қызметкерлері де орналасатын болады», - деді ол.

Акция Дүниежүзілік гуманитарлық көмек күніне орай ұйымдастырылып отыр. Келушілер гуманитарлық қалашықта жергілікті және халықаралық гуманитарлық ұйымдардың қызметімен таныса алады.

Шараға қалалық ТЖ қызметі мамандары, гуманитарлық мандаты бар БҰҰ агенттігі, американдық Қызыл Крест, Орта Азиядағы гуманитарлық көмек пен азаматтық қорғаныс бойынша Еуропа комиссиясы қатысады деп күтілуде.

Загрузка...