728

Ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасыларына 10 жылдық жалақы беріледі

Ұшақ апатынан қаза болғандардың отбасыларына «Қазақмыс» корпорациясы өтемақы төлейтін болды. Яғни ұжымдық келісімшартқа сәйкес, марқұмдардың 10 жылдық жалақысы олардың артында қалған бала-шағасына берілмек.
Фотография - Ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасыларына 10 жылдық жалақы беріледі

Ұшақ апатынан қаза болғандардың отбасыларына «Қазақмыс» корпорациясы өтемақы төлейтін болды. Яғни ұжымдық келісімшартқа сәйкес, марқұмдардың 10 жылдық жалақысы олардың артында қалған бала-шағасына берілмек.  Сондай-ақ ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне жұмсалатын қаражат та «Қазақмыс» тарапынан толық өтелмек. Бұл туралы корпорацияның баспасөз қызметі мәлімдеді. Бұған қоса жергілікті билік те қара жамылған жанұяларға материалдық көмек көрсетпекші. Бірақ қанша мөлшерде берілетіндігі әзірге белгісіз, оны арнайы құрылған комиссия тағайындамақ. Естеріңізге сала кетейік, кеше Жамбыл облысындағы «Шатыркөл» кеніші маңында АН-2 ұшағы апатқа ұшырап, 6 адам қаза тауып, бір адам ауыр жарақат алған болатын. Көз жұмғандардың үшеуі - экипаж мүшелері де, қалғандары - іссапарға шыққан «Қазақмыс» корпорациясының қызметкерлері. Қазір арнайы жасақталған комиссия апаттың себебін анықтап жатыр. Алдын ала болжам бойынша, ұшқыш қалың тұманнан ұша алмай, қонуға оқталғанда жерге соғылған.

Хабар