Талдықорғанда облыстың 2014 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды

Фотография - Талдықорғанда облыстың 2014 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен облыс әкімдігінің кезекті отырысы болып өтті.

528 0

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен облыс әкімдігінің кезекті отырысы болып өтті. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды, олар: өңірдің 2014 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен 2015 жылға арналған тапсырмалары және «Балапан» мемлекеттік бағдарламасының өңірде жүзеге асырылуы, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Отырыста өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Махаббат Бигелдиевтің баяндамасы тыңдалды.

Баяндамада 2014 жылы өндіріс пен жергілікті өнім өндіру көлемінің өскендігі айтылды. Ауылшаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 412,4 млрд. теңгені құрап, өнеркәсіпте 537,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Жаңа 55 объектіні іске қосу және жұмыс істеп тұрған 25 өндірісті кеңейту есебінен қосымша 2 мыңнан артық жұмыс орны құрылды. Барлығы 2014 жылы облыс экономикасына 452,7 млрд. тг инвестиция тартылып, жалпы алғанда 20 мыңнан аса жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар М.Бигелдиев өз сөзінде мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы, шағын және орта бизнестің жағдайы, субсидиялардың берілу жүйесі мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы т.б. бірқатар өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды.

Күн тәртібіндегі екінші сұрақ бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Ләзат Базарқұлова баяндама жасап, бүгінгі күні мектепке дейінгі білім беру жүйесімен облыс балаларының 64% қамтылғанын жеткізді. 2015 жылдың соңына қарай бұл көрсеткішті 77%-ға жеткізу көзделуде. Сонымен қатар баяндамада ағымдағы жылдың соңында 5 мемлекеттік және 69 жеке меншіктегі бала бақшалар салынып, мектепке дейінгі мекемелердегі кадрларды дайындау жұмыстарының жалғастырылатындығы айтылды.

Әкімдік отырысын облыс әкімі Амандық Баталов қорытындылап:

- Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасын орындау барысында барлық бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет. Әсіресе өндірістің дамуы, ауылшаруашылығы мен шағын және орта бизнесті дамытуға баса назар аудару қажет. Бүгінгі күні «Сыбаға» бағдарламасы бойынша төменгі көрсеткіштер байқалуда. Заманауи бордақылау алаңдарын салып, жүн қабылдайтын орындар ашу қажет. Ірі фирмалармен байланыс орнатып, шаруалардың оларға өз өнімдерін өткізуде еш қиындықтардың туындамауын қолға алуымыз керек, - деді.

Сөз соңында өңір басшысы көптеген салалық бағыттарда алға жылжудың байқалғандығын жеткізіп, алдағы уақытта жаңа сапалы нәтижелерге қол жеткізу үшін күшейтілген жүйеде жұмыстар атқаруды тапсырды. Сонымен қатар, әр ауданда кем дегенде 4 өндіріс ошағын ашу мәселесі күшін жоймағандығын атап өтті.

Алдымызда нақты, бірігіп атқаратын, жедел іс қимылды талап ететін ауқымды жұмыстар күтіп тұр, - деп қорытындылады өз сөзін Амандық Баталов.

 


Загрузка...

Пікір (0)

  • Кіру
  • Тіркелу
  • Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?