Шымкентте екі жаңа мектеп пайдалануға берілді

Фотография - Шымкентте екі жаңа мектеп пайдалануға берілді

Шымкент қаласында екі жаңа мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды қала әкімдігінің сайты. Оның бірі 16 мыңнан астам тұрғыны бар «Бадам-1» тұрғын үй алабындағы жаңа білім шаңырағы. Салтанатты шараға қатысқан қала әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындар мен мектеп ұжымын жаңа білім ордасының ашылуымен құттықтады

1023 0

Шымкент қаласында екі жаңа мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды қала әкімдігінің сайты. Оның бірі 16 мыңнан астам тұрғыны бар «Бадам-1» тұрғын үй алабындағы жаңа білім шаңырағы. Салтанатты шараға қатысқан қала әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындар мен мектеп ұжымын жаңа білім ордасының ашылуымен құттықтады.

Жаңадан бой көтерген №105 Мукуми атындағы 3 қабатты жалпы орта мектеп 300 орынға лайықталған. Аталған мектепке облыс бюджетінен 400 млн. 686 мың теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарын «Строй-Импульс» ЖШС жүргізген. Қазіргі заман талабына сай 34 сынып бөлмесімен жабдықталған мектеп қазақ және өзбек тілінде білім береді.

- Еліміздің экономикасының жылдан жылға қарыштап дамып келе жатқанына бәріміз куә болып келеміз,-деді Дархан Сатыбалды құттықтау сөзінде. - Күн өткен сайын шырайлы қаламызда жаңа ғимараттар халық игілігіне пайдалануға берілуде. Соның бір дәлелі - бүгінгі жаңа мектеп. 1960 жылы салынған ескі білім ғимараты 3 ауысымды және апатты жағдайда еді. Енді жаңа мектепте 850 оқушы 2 ауысыммен білім алады. Жалпы, Шымкент қаласында өткен жылы 7 мектеп пайдалануға берілсе, биыл жыл соңына дейін тағы 10 мектептің құрылысын аяқтаймыз деп отырмыз.
Білім шаңырағында физика, химия, мультимедия, информатика кабинеттері, қыздар мен ер балаларға арналған шеберханалар, асхана, акт және спорт залы бар. 

Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Искандер Баликовтың айтуынша, қазіргі уақытта білім ордасында дайындық тобында 94 оқушы, 1-11 сыныптарда 754 оқушы білім алады, 89 мұғалім жұмыс істейді. Мектептің 15 мыңға жуық кітап қоры бар. Атап өтерлігі, мектепте 2014 жылдың 1 қыркүйегінен бастап ата-аналардың өтініші бойынша 1-4 сынып аралығында қазақ сыныптарында бүлдіршіндер білім алуда. 
Салтанатты шарада ауыл ақсақалы Анармат Арзықұлов сөз сөйлеп, елді мекендегі жасалып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды. Ол жаңа мектептің салынуына ықпал еткен басшы азаматтарға және мектеп құрылысын сапалы әрі мерзімінен бұрын бітірген жұмысшыларға алғысын білдірді.

 

 Шымкенттегі ашылған екінші нысан - «Құрсай» елді мекенінде үш қабатты жаңа мектеп ғимараты. Бұған дейін елді мекен оқушылары 1963 жылы салынған ескі ғимаратта білім алып келген еді. Әрі 230 адамға лайықталған корпус тарлық етіп, ондағы 1622 оқушы үш ауысымда оқуға мәжбүр болыпты.
Білім ордасының салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов қатысып, көпшілікке құттықтау лебізін жеткізді.
- Апатты жағдайдағы, сонымен қатар, үш ауысымда оқитын мектеп ғимараттарының ахуалы бүгінде күн тәртібінен түскен емес. Бұл мәселе тікелей облыс әкімінің бақылауына алынған. Яғни, алдағы 3 жыл уақыт көлемінде өңірде білім ұясына мұқтаждық танытқан жергілікті тұрғындардың қалауы толығымен өз шешімін табатын болады, - деп атап өтті Ерлан Қуанышұлы.
Ұзақ жылдар бойы «Құрсай» елді мекенінің тұрғындары асыға күткен оқу ордасында оқушылардың лайықты білім алуына қажетті барлық жағдай қарастырылыпты. Зәулім де сәулетті мектеп ғимараты 900 орынға лайықталған. Мектеп құрылысына 967 миллион теңге қаржы жұмсалған. Ғимараттың жалпы аумағы 4,2 гектарды құрайды. Мұнда үш қабатты жаңа ғимарат жанынан спорт алаңы да салынған.

- Спорт алаңы жүгіру жолымен, футбол, баскетбол және волейбол алаңдарымен, сонымен қатар, гимнастика және алғашқы әскери дайындық сабағына арналған алаңшалармен жабдықталған, - дейді мектеп директоры Сәуле Өтебаева. 

- Мектеп кабинеттері заман талабына сай жарақтандырылған. Мұнда дәрігер, психолог мамандар мен медициналық процедуралар жүргізілетін арнайы кабинет қарастырылған. Еңбек сабағына қажетті станоктар мен тігін машиналары да сатып алынды.

Атап өтейік, ғимараттың құрылыс жұмыстарын «Строй Импульс» ЖШС жүргізген. Автономды жылу жүйесіне қосылған ғимаратта 2 қазандық жұмыс істейді. Кітапханаға бас сұққан оқырмандар үшін де кітап қоры жеткілікті. Бос уақытында мектеп оқушыларының қолөнер еңбегімен айналысуына, спорт үйірмелеріне қатысуына толық мүмкіндік бар. Заманауи оқыту жүйесін үйлестіре білген білім ұясының 118 мұғалімі өз ісінің кәсіби мамандары. Жергілікті тұрғындар бүгінгі жас буынға қамқорлық танытқан басшыларға алғыс білдірді.

 

ҚазАқпарат


Загрузка...

Пікір (0)

  • Кіру
  • Тіркелу
  • Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?