1065

К.Көкірекбаев: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шаралар өткізумен ғана шектелмеуі тиіс

Таразда өткен облыстық «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» атты конференцияға қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстарға барынша тиімді де қатаң тәсілдер қолдану қажеттігі туралы хабарлады.
Фотография - К.Көкірекбаев: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шаралар өткізумен ғана шектелмеуі тиіс

Таразда өткен  облыстық "Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!" атты конференцияға қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстарға барынша тиімді де қатаң тәсілдер қолдану қажеттігі туралы хабарлады.

Конференцияға Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, оның орынбасарлары, басқарма, департаменттер басшылары, партиялық бақылау аудандық комиссиясы, құқық қорғау органдары мен білім беру мекемелерінің өкілдері қатысты.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шаралар өткізумен шектелмеуі тиіс. Бірінші кезекте балаларды, жастарды сыйбайлас жемқорлықты қабылдамауға тәрбиелеу қажет", - деді өңір басшысы К.Көкірекбаев.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарова институтта сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық санын қалай төмендеткені жайлы айтты. "ЖОО-да енгізілген "Платониус" электрондық жүйесі "оқытушы-студент" тізбегіндегі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты азайтуға мүмкіндік береді. Бұл жүйе бойынша кез келген адам алынған балл туралы ақпарат ала алады. Бұл жүйе оқытушымен кейіннен келісуге мүмкіндік бермейді, ол арқылы ата-аналары балаларының сабақ үлгерімін бақылай алады", - деді ол.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет формальдық тәсіл болмауы тиіс. Кез келген шара адамға әсер қалдырады. Сол кезде қылмыс та азаяды», деп атап өтті "Нұр Отан" партиясы облыстық филиалының жанындағы сыйбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес төрағасы С. Сейдазиев.

Конференция соңында  облыс тұрғындарына арналған үндеу қабылданды: "Егер мемлекетті гүлденген, үдемелі, өркениетті етіп көрргіміз келсе, әр баланы халыққа адал қызмет етуге, заңды құрметтеуге, әділ болуға, тұрақтылықты бағалауға үйретуіміз қажет, елдің жарқын келешегіне атсалысуымыз қажет. Қоғамдық азаматтық институттар мен барша тұрғындарды "Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!" деуге, онымен бірлесіп күресуге шақырамыз".