Алматыдағы сел тасқыны салдарынан 900 адам қауіпсіз аймаққа көшірілді - ҚР ІІМ ТЖК

Фотография - Алматыдағы сел тасқыны салдарынан 900 адам қауіпсіз аймаққа көшірілді - ҚР ІІМ ТЖК

"Қазіргі таңда төтенше жағдайдың салдарын жоюға ІІМ жеке құрамы мен жергілікті атқарушы органның 1196 адамы, 160 техника, 3 тікұшақ жұмылдырылды", - деді бүгін брифинг барысында Серік Әубәкіров.

240 0

ҚР Үкіметі басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко Алматы қаласында орын алған сел апатының жағдайын бағамдау үшін оқиға болған аймаққа ұшып кетті. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының міндетін атқарушы Серік Әубәкіров мәлім етті.

"Қазіргі таңда төтенше жағдайдың салдарын жоюға ІІМ жеке құрамы мен жергілікті атқарушы органның 1196 адамы, 160 техника, 3 тікұшақ жұмылдырылды", - деді бүгін брифинг барысында Серік Әубәкіров.

Еске сала кетейік, алдын ала мәліметтерге қарағанда, Алматы қаласында орын алған сел тасқыны күннің күрт ысуы салдарынан тау ішіндегі мореналық көлдің арнасынан асуынан орын алған. Төтенше оқиға бүгін 23 шілде күні түнгі сағат 03:00 шамасында орын алып, көлдегі бөгеттің бұзылуынан 40 мың текше метр су асқан. Тасқын су Қарғалы өзенін құйып, одан асқан су Алматы қаласының үш ауданын ішінара басып қалды. Соның ішінде Наурызбай ауданы сел тасқынынан көбірек жапа шегіп отыр.

"Қазселденқорғау" мамандарының айтуынша, Алматы жұртшылығы үшін дүрлігуге еш негіз жоқ. Селден қорғау нысандары берік, оларға ешқандай да сызат түсіп, зақым келмеген. Дегенмен, мамандар Қарғалы өзеніндегі артық суды біртіндеп аудару жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда, Қарғалы өзені бойымен артық сулар шлюздер арқылы төмен қарай аударылып жатыр. Селдің салдарын жою жұмыстары жалғасуда.

"Қарғалы өзені бөгеті маңынан 898 жергілікті тұрғындар қауіпсіз аймаққа көшірілді. Орын алған жағдайды жіті бақылау үшін әуеден бақылау жалғасуда. Қалпына келтіру, тазарту жұмыстары да жүзеге асып жатыр. Бұдан бөлек, су басқан көшелер, аулалар мен қаланың шағын аудандарындағы төтенше оқиғаның келтірген шығындарын бағалау жұмысы жалғасады", - деді ТЖК өкілі.

Айта кетерлігі, "Қазселденқорғау" мекемесінің мәліметіне қарағанда, бөгеннің тұтастығына еш сызат түскен жоқ, артық су шлюздер арқылы аударылып жатыр.


Тегтер:

сел Алматыда

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!