Алматыда бұрынғы Үкімет үйінің сүрілуі үлкен дауға ұласты

Фотография - Алматыда бұрынғы Үкімет үйінің сүрілуі үлкен дауға ұласты

Алматыда ескі "Үкімет үйін" жекешелендірген кәсіпкер ғимаратты жермен жексен етіп, қонақүй мен мейрамханасы бар үлкен кешен салмақшы.

164 0

Алматыда ескі "Үкімет үйін" жекешелендірген кәсіпкер ғимаратты жермен жексен етіп, қонақүй мен мейрамханасы бар үлкен кешен салмақшы деп хабарлайды КТК арнасы.

Тек көненің көзіндей сақталған ескі нысанның кезекті көңіл көтеретін орынға айналуына сәулетшілер қарсы. Тарихи мұраның мұңын мұңдағандар Алматы әкімдігінен де бір жанашыр таппай, енді оны сүрдірмеуге жұрттан көмек сұрап отыр.

Тоқтаусыз талқандалып жатқан есік-терезе алыстан жаңғырып тұр. Желтоқсан көшесіндегі бұл көне ғимарат кезінде Алматыдағы көз тоймай қарайтын ең көрікті нысанның бірі болған.

Бірақ қарт құрылысшылардың қолымен салынған қаладағы ең көне жәдігер бүгін-ертең жермен-жексен болғалы тұр. Ғимарат иесі оның орнына су жаңа кешен ашпақшы екен. Бұған сәулетшілер үзілді-кесілді қарсы.

"Ертең өздеріміздің балдарымызға, немерелерімізге не айтамыз? Не көрсетеміз? Мына көшемен апарып, осында осындай кісі тұрды, міне сондай. Тек тақталар ғана қалады. Ол тақталар да қала ма ертеңгі күні?", – дейді М.Оспанов атындағы қоғамдық қор директоры Бақыт Оспанова.

Бұл нысан кезінде бүкіл елдің тағдырына қатысты талай шешімдер қабылданған Үкімет үйі ғимараттарының бірі. Бірақ бірталай жылдан бері жекенің қолында екен. Ал араша сұраған қоғам белсенділеріне шенеуніктер шекеден қараған.

Жәдігерді сәулетшілер емес, мүсінші, әншісі бар қоғам белсенділері түгел қорғап отыр. Ал қала әкімдігінің өз уәждері бар. Айтуларынша, ғимарат иесі қайта ел-жұртты жер сілкінісінен қорғаштап жүр екен.

"Сейсмотұрақтылық қорытынды бойынша, ол ғимарат талаптарға сай емес. Сондықтан олар ол ғимарат орнына жаңа ғимарат салуды жөн көріп сол мәселе бойынша қалалық әкімдікке жүгінді.  Егер жекеменшік иесі жөн деп тапса, ол біздің талаптарға сәйкес жобасын дайындап,бекітіп құрылысын жүргізугі құқығы бар", – дейді  Алматы қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы бастығының орынбасары Жанат Әйтілеу.

Тек ел-жұртқа жаны ашыған нысан иесі сол күйі төбе көрсетпеді. Ал ғимарат іші толған жұмысшы. Сөзге де келместен бұзу жұмыстарына қызу кіріскен.

 


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!