Алматыда селден зардап шеккендерге осымен төртінші күн көмек көрсетіліп жатыр. Кеше еріктілер ішінен актер Санжар Мадиев, Ерден Телемісов, Аружан Джазельбекова және Құралай Нұрқаділова көрінді.
Алматылықтар мұқтаж жандарға азық-түліктер, сусындар әкелуде. Еріктілер әкелінген заттарды бөліп беріп, тамақ пісіріп көмектесуде. Солардың бірі-Құралай Нұрқаділова.
"Гүлнара Қатибаева деген әріптесім бәрімізді көмек беруге шақырды. Бұл жерден көп таныстарымды көрдім. Әсіресе, Facebook әлеуметтік желісіндегі достарымды. Мен азық-түлік әкелдім және алда әйел адамның қолынан келетін істің бәріне көмектесемін", — дейді Құралай Нұрқаділова.
Өз кезегінде ерлер көшелер мен үйлерді балшықтан тазалады. Сол үйлердің біріне Санжар Мадиев пен Телемісов көмектесті.
«Бүгін жұмыс істеп, көмек көрсетіп жатқан бірінші күнім. Кеше қаладан су тасыдық. 5 литрлік 90-ға жуық бөтелке су әкелдік. Бұл жерде жұмыс жасап жатқан адамдар өте көп. Дегенмен, олар үлгермей жатыр. Біз үйлерді тазалап жатырмыз. Ертең мен жұмысқа шығуым керек. Бірақ, міндетті түрде келіп кетуге тырысамын. Сондай-ақ, барлық әріптестерім мен достарымды көмек беруге шақырамын. Барлықтарыңыз үйде отыра бермей, келіңіздер», — деді Санжар Мадиев.
Актерлер көмек көрсетіп жатқан үйлерінің иелерімен танысып та үлгермеген. Айтуларынша, қарқынды жұмыстан қолдары босамаған.
Үй иелері олардың өздері келіп, көмектесуге ниет білдіргендерін айтады.
"Мен алғашында олардың актер екенін де білмедім. Көп жұмыс атқарды. Алғысымыз шексіз. Бірақ, танымағаным ұят болды", -дейді үй иелерінің бірі.







