Астанада қымыз мерекесі аталып өтіледі

Фотография - Астанада қымыз мерекесі аталып өтіледі

Астанада Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу аясында ұлттық сусын – қымыз мерекесі атап өтілмек. "Қымызмұрындық" деп аталатын шара ертең, 11 қыркүйекте "Атамекен" этно-мемориалдық кешенінде ұйымдастырылады

228 0

Астанада Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу аясында ұлттық сусын – қымыз мерекесі атап өтілмек. "Қымызмұрындық" деп аталатын шара ертең, 11 қыркүйекте "Атамекен" этно-мемориалдық кешенінде ұйымдастырылады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Мерекеге ниет білдірген жандардың барлығы қатыса алады. Астана тұрғындары мен қонақтары үшін 2 киіз үй тігіліп, ұлттық киім киген қыздар қымыз, ыстық бауырсақ пен басқа да қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынатын болады. Ата-бабамыздан қалған "Тұсаукесер" салт-жорасы ерекше қазақи атмосфера орнатпақ.

Кешен аумағында алтыбақан орнатылып, әралуан ұлттық киім түрлері көпшілік назарына ұсынылады. Бұдан басқа, мал шаруашылығымен айналысқан ежелгі тайпалардың өнері негізінде қалыптасқан қазақтың оюларымен өрнектелген түйе жүнінен жасалған табиғи кілемдер көрмесі адамдардың қызығушылығын оятпақ. Сонымен қатар, "Қымызмұрындық" мерекесінде бүркітшілер де өз шеберліктерін ортаға салатын болады. Келушілер қазақтың ұлттық сусыны туралы театрландырылған қойылымды тамашалайды.

Мереке қонақтары арқан тарту және армрестлинг сынды жарыстарда күш сынасады. Сондай-ақ, қала тұрғындары қымыз ішу сайысына қатысып, аталған сусын туралы білімдерін ортаға салады.

Сағат 11:00-18:00 дейін жалғасатын мерекеге келушілер қымыздан дәм татып, қазақтың ұлттық сусынының тарихымен танысады.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!