Алтын жалатылған көне Құран жұртшылық назарына ұсынылды

Фотография - Алтын жалатылған көне Құран жұртшылық назарына ұсынылды

Бүгін Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасының көрмелер залында "Алматы - Ислам мәдениетінің астанасы - 2015" мемлекеттік бағдарламасы аясында Ислам әлеміндегі ұлы ғалымдар еңбектерінің кітап көрмесі ашылды.

274 0

Бүгін Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасының көрмелер залында "Алматы - Ислам мәдениетінің астанасы - 2015" мемлекеттік бағдарламасы аясында Ислам әлеміндегі ұлы ғалымдар еңбектерінің кітап көрмесі ашылды. 

Онда жұртшылық назарына ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан XII-XVIII ғ. көне қолжазба Құрандар, Сүлеймен Бақырғанидің "Хикметтері" (XVIғ.), шығыс ақындары Низами, Навои, Сағди, Хафиз, Жәми, Физули және тағы басқа да ақындардың ислам діні бойынша поэтикалық жанрда шағатай, араб және парсы тілдерінде жазған қолжазбалары ұсынылды. Солардың ішінде әр жері алтынмен өрнектелген, Фатиха сүресі алтын жалатылған көне Құран кітабы келушілердің ерекше назарын аударды.

"Бұл сонау 18-ші ғасырда Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне арналып жазылған құран кітабының толық нұсқасы. Кітаптың қай жерде жазылғаны белгісіз. Онда 114 сүре жазылған және әр сүренің астына парсы тіліндегі нұсқасы бар. Мұнда Фатиха сүресі толығымен алтын жалатылған және кітаптың әр жері алтынмен өрнектелген", - деді ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорының басшысы Айхан Бекболатова.

Сонымен қатар ол кітаптың ұлттық кітапханаға түсу тарихына тоқталды.

"Бұл кітаптың тарихы ерекше. Ол біздің қорға 1936 жылы түскен. Қалай дейсіз ғой? Сол жылы Алматыдағы КСРО ғылым академиясының филиалына Түркістандағы қараусыз қалған Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің, ондағы кітапхананың аянышты тағдыры, кітаптардың тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп жатқаны туралы суық хабар келіп жетеді. Бұл аздай, ташкенттіктер келіп, сол кітаптарды ат-арба, есек-арбаларға тиеп алып кетіп жатты. Содан академия қызметкерлері арнайы экспедиция ұйымдастырып, қалған азын-аулақ кітапты Алматыға алып келеді. Бірақ зобалаң заман ғой, сол кітаптар бір айдай академияның ауласында жатады. Кейін, сол жылы ұлттық кітапханада сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры құрылған соң, библиограф ғалым Нығмет Сәбитов пен сол кезде кітапхана қызметкері болған, атақты ағартушы ғалым, өлкетанушы Қоңырқожа Қожықовтың ұлы Құлахмет Қожықов екеуі кітапты кітапханаға өткізген. Ал қалған кітаптар ғылым академиясының қорында қалған. Бүгінгі көрмеге қойылған кітаптар жарыққа өте сирек шығарылды. Олар үнемі қараңғылықта 18 градустық температурада және 55 градустық ылғалдылықта сақталуы тиіс", - деді А. Бекболатова.

Айта кетелік, сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қоры 30 мыңнан астам құжаттан тұрады. Оның ішінде 1000-нан астамы қолжазба  қазақ кітаптарының қазақ, орыс және шығыс тілдеріндегі топтамасы.

ҚазАқпарат

 


Тегтер:

Құран Ислам

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!