Шымкентте этномәдени бірлестік өкілдері ет асудан сайысқа түсті

Фотография - Шымкентте этномәдени бірлестік өкілдері ет асудан сайысқа түсті

Бұл шара тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр

1023 0

Шымкентте қазақтың ұлттық тағамы ет асудан сайыс өтті. Бұл шара тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

Өңірдегі 20 этномәдени бірлестік өкілдері бір мезетте 20 қой сойып, 20 қазанға 500 келіден астам ет асты. Аспазшылар бар шеберлігін салып пісірген ұлттық тағамнан қаладағы тұрмысы төмен отбасы мүшелері де дәм татты. "Еліміздің Ата заңы мен Ассамблея жылына орай ұйымдастырылған фестивальдің мақсаты – сан ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан табақ тарту дәстүрін дәріптеу", - дейді ұйымдастырушылар. Еттің бар маңызын бойына сіңірген сорпаға піскен қамырдың иісін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Этномәдени бірлестік өкілдері тіпті жаймалары дәмді болуы үшін жұмыртқамен қатар асқабақтың да сөлін қосыпты.

Мукадам Мирзаева, тәжік этномәдени бірлестігінің мүшесі:
- Қамырын илегенде, қонақтар үшін асқабақ суын қосамыз. Түсі әртүрлі болуы үшін. Үйде жасасақ, жұмыртқа қосып істей береміз.

Самал Базбұхамбетова, славян этномәдени бірлестігінің өкілі:
 - Сыйлы қонақтарға салатынымыз – жамбас, жілік, тоқпан жілік. Қазы-қартаны сыйлы қонақтарымызға саламыз. Қыздарға жіліктерді бермейміз. Кәрі жілік деген сияқты. Қыздар отырып қалмасын. Уақтылы тұрмысқа шықсын деп.

Балбырап піскен ет пен жайма табаққа салынып, санаулы минуттардан кейін көпшілікке ұсынылады. Жалпы, қазақта қой 13 мүшеге бөлінеді. Сүйектің ерекшелігіне қарай төрт табақ жасалған. Бас табақ, сый табақ, ортаңғы және аяқ табақ. Ондағы қойылған сүйекке қарап бұл табақтың қандай сыйлы қонаққа бара жатқанын бірден ажыратқан.

Тұңғыш рет ұйымдастырылған шарада әр этнос өкілдері етпен қатар құрттан бастап бауырсағына дейін пісіріп әкеліпті. Бастысы, этнос өкілдері тілімізбен қатар дәстүрімізді де құрметтейтіндіктерін білдірді.

Мұратәлі Қалмұратов, облыс әкімі аппарат басшысының орынбасары, ҚХА облыстық хатшылығының меңгерушісі:
 - Қазақта қонақтар үйге келгенде ет асылады. Ет асу – ғасырлардан келе жатқан дүние. Бастың өзі үлкен философия. Оның неге құлағын кеседі, неге таңдайын береді, неге шекесін қасқалайтындығын этнос өкілдері түсіндіріп беруі керек.

Фестивальде этномәдени бірлестік өкілдері еттің бабын келтіріп пісіріп, шараға жиналған 300-ден астам адамға қазақы салтпен табақ тартты.

Нұрсбек Капар-Пур, Иран этномәдени бірлестігінің төрағасы:
- Иран халқында ет асу жоқ. Біздің халықтық дәстүр бойынша бірінші – палау. Бірақ аптаның 7 күнінің кемінде бір-екі күнінде ет асып үйренгенбіз. Ет аспасақ, бірдеңе жептей тұрады. Біз де біреудің күйеу баласымыз, "төс – күйеуге" деп жатады.

Фестиваль аясында алтыбақан құрылып, киіз үй тігілді. Қазақтың ұлттық ойыны асық ату мен мақал-мәтел айтудан сайысқа түсті. Достық пен қоғамдық келісімнің ұйытқысы болған оңтүстікқазақстандықтардың тың идеясы дәстүрлі түрде жалғасын таппақ.

24.kz

Тегтер:

Шымкент ет асу

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!