Ұлттық ұлан жаңа оқу жылын бастады

Фотография - Ұлттық ұлан жаңа оқу жылын бастады

Бүгін Ұлттық ұлан "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде 2016 жылғы жаңа оқу кезеңі басталды

417 0

Бүгін Ұлттық ұлан "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде 2016 жылғы жаңа оқу кезеңі басталды. Оқу кезеңі мемлекетіміздің әнұранымен салтанатты түрде ашылып, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың "Жаһандық қауіп пен қарсылықтар жағдайындағы ішкі және сыртқы саясаттағы ауқымды бағыттар" туралы айтқан қағидасы алғашқы мемлекеттік-құқықтық дайындық сабағының басты тақырыбына айналды, деп хабарлайды "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының қоғаммен байланыс жөніндегі офицері Айдос Байшағыров

Қолбасшылық басқармасының офицерлерімен, сондай-ақ қолбасшылыққа бағынышты әскери бөлімдердің офицерлерімен, келісімшарт бойынша әскери қызметшілерімен және сарбаздармен алғашқы сабақты Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары Сағатбек Нұрахметов жүргізді. Сабақ барысында ол Елбасымыздың биылғы дәстүрлі Жолдауын кең ауқымда талқылап, мемлекетіміздің 2015 жылғы жеткен жетістіктері мен өткізілген айтулы іс-шараларға ерекше тоқталып өтті. Айтып өтсек, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына – 20 жыл, Ұлы Отан соғысының жеңісіне – 70 жыл, Ата Заңымыздың қабылданғанына – 20 жыл, Қазақ Хандығының құрылғанына – 550 жыл, секілді мемлекет ауқымында өткізілген іс-шаралардың маңыздылығын түсіндіріп, өткен жыл жетістіксіз болған жоқтығын пайымдады. Өйткені дәл 2015 жылы Қазақстан Бүкіләлемдік сауда ұйымының құрамына кірді, еліміздің үшінші космонавты Айдын Айымбетов ғарышқа ұшты, Елбасымыздың айқындап берген «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша индустриалдық дамудың екінші бесжылдығы және «Бес институционалды реформаны жүзеге асыру бойынша 100 қадам» атты Ұлт жоспары іске қосылды.

- Міне, осы секілді мемлекетіміздің көптеген жоспарлары жүзеге асты, бұның барлығы да қоғамдық тыныштық пен қауіпсіздіктің арқасы – деп атап өткен Сағатбек Төлеубайұлы, бұл тұрғыда Ұлттық ұлан әскерінің еліміздің өркендеуі, һәм тыныштығы жолындағы қосқан үлесін де назардан тыс қалдырмады.

Сабақ барысын жалғастырған "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының бастығы Ниязтай Әлкешев "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының 2016 жылғы келелі жоспарлары мен тың мақсаттарына тоқталып өтсе, осы іс-шараға арнайы келген Ұлттық ұланның ардагері отставкадағы полковник Виктор Маколов та сардарлар мен сарбаздарға Ұлттық ұланның тағылымды тарихынан сыр шертіп, ұлттық патриоттық тәрбие туралы сабақ өткізді.

Алғашқы мемлекеттік-құқықтық сабағы аяқталысымен саптық алаңда сап түзеген ұландықтар қауіпсіздік шаралары бойынша тәжірибелік сабақтарға тарасты.