Астананың салық қызметкерлері бюджетке 62 млрд теңгеге артық кіріс әкелді

Фотография - Астананың салық қызметкерлері бюджетке 62 млрд теңгеге артық кіріс әкелді

Кеңейтілген отырысқа Астана қаласының әкімі Ә.Р. Жақсыбеков, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Д.Е. Ерғожин қатысты.

223 0

Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2015 жылы мемлекеттік бюджетке жалпы сомасы 768,9 млрд. теңге көлемінде кіріс түсірді. Кірістер өсімі 62 млрд. теңгені құрады, салық түсімдеріне қарыздар 0,9% деңгейіне дейін азайтылды. Бұл туралы Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ә. Сқақов 2015 жылдың қорытындылары мен 2016 жылға арналған жоспарлар бойынша өткен кеңейтілген жиын барысында айтты.

Кеңейтілген отырысқа Астана қаласының әкімі Ә.Р. Жақсыбеков, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Д.Е. Ерғожин қатысты.

Ә. Сқақовтың айтуынша, экономикалық дағдарысқа қарамастан Департамент жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Атап айтқанда, бұған кіріс жинау туралы кешенді жоспарды жүзеге асыру, қазына қаржысын бақылауды бірыңғайландыру, жаңа құрылған экономикалық тергеулер қызметімен тығыз байланыс орнату, жалған кәсіпкерлікке қарсы күрес, импорттаушыларды өтпелі бақылаудан өткізу жұмыстары септігін тигізді.

"Жүйелі жұмыс нәтижесінде бюджетке қосымша 169 млрд. теңге тартылды. Салықтық тексерулерді 38%-ға азайттық, бірақ борыштарды өндіріп алуды 13 есеге көбейттік. Жыл қорытындысы бойынша салық төлемей жүрген борышкерлерден 20,3 млрд. теңге өндіріп алынды. Камералды бақылау 6000 субъектіге кем қамтылды, дегенмен нәтижесі екі есеге өсті. Заң бұзушылар қатаң бақылауға алынды, адал кәсіп жүргізіп отырған салық төлеушілердің ісіне кедергі келтірмеу принципі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр", – деді Ә. Сқақов.

"Астана – жалған кәсіпорынсыз қала" атты жоспарды жүзеге асырудың нәтижесінде қолма-қол ақша айналымы 17%-ға қысқарды, қаладағы жалған кәсіпорындар саны 60%-ға азайды.

Департамент басшысының сөзіне қарағанда, Астаналық кіріс органы жұмысының басты нәтижесі кедендік және салықтық әкімшілендірудің бірыңғай орталығын құру болып табылады. Соның арқасында бюджетке түскен түсім көлемі экономиканың даму қарқынынан да арта түсіп, мемлекеттік қызмет сапасы да жақсарды.

"Біз салық төлеушілерге қызмет көрсету уақытын 10 минутқа қысқартып, электронды қызмет түрін 80,5%-ға дейін көбейттік", – дейді Ә. Сқақов. 

Сөз соңында қалалық Департаменттің басшысы биылғы жылға арналған жұмыс жоспарларымен таныстырып, аталған қызметтің жаңа бастамаларды қолға алатынына сенім білдірді.

Фото -

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин Астана қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының есебін тыңдап, оң баға берді. Оның айтуынша, көптеген жаңа жобалар алдымен Астанада жүзеге асырылып, кейін өзге аймақтарға тарайды. Бұл салмақты іс, дегенмен елордада басталған істі жетілдіруге мүмкіндік көп. Департамент бастамаларын қолдай отырып, Комитет төрағасы профилактикалық жұмысқа мән беру қажеттілігін, салық және кедендік әкімшілендіруде жаңа технологияларды пайдалану керектігін алға тартты.

 Мемлекетке кіріс жинаушылар қызметінің басым бағыты – қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үлесін арттыру арқылы көлеңкелі экономика көлемін қысқарту. Бұл ретте POS-терминалдар мен онлайн бақылау кассалық аппараттарын қолдануды бақылау да маңызды болып отыр. Астананың экономикалық тергеулер қызметі экономикалық қылмыстарды бастапқы кезеңде анықтап, жалған кәсіпкерлікпен және салықтан жалтару әрекеттерімен күресті күшейту керек, – деп қорытындылады Д. Ерғожин.

Жиын соңында Астана қаласының әкімі Ә. Жақсыбеков қаланың фискалды органына нәтижелі жұмысы үшін алғысын білдірді. Қала әкімінің айтуынша, Астана 2015 жылдан бері республикалық бюджетке кіріс түсіру арқылы бюджеттің төртінші донорына айналды. Жергілікті мемлекеттік органдар, оның ішінде Мемлекеттік кірістер департаментінің басты міндеті – елорданың бизнес-климатын жақсарту, көлеңкелі экономикаға қарсы күрес, дағдарысқа қарсы тиімді шараларды қолдану, инновациялық мәселелерде өзара әрекеттестікті қалыптастыру.

"Жергілікті бюджетке түскен түсім динамикасы мемлекет бойынша ең жоғары көрсеткішке ие. Түсімнің 90%-ы салықтан түскен түсімдер. Бұл біздің бірлескен жұмысымыздың нәтижесі. Сондықтан салық әлеуетін кеңінен қолдану керек",– деді қала басшысы.

Ә. Жақсыбеков Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің жаңа бастамалары әкімдік тарапынан қолдауға ие болатынын айтып, ұжымның Астана қаласының дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдірді. 

Фото -

astana.gov.kz



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!