Елордада жер қатынастары мәселелері талқыланды

Фотография - Елордада жер қатынастары мәселелері талқыланды

сурет astana.gov.kz сайтынан

Ерлан Каналимов "Белсенді азамат" акциясы барысында тұрғындар мемлекеттік органдардың өкілдеріне өз сұрақтарын жолдағанын атап өтті

474 0

Елорда әкімдігінің ситуациялық орталығында жерлерді өз бетінше басып алу және үлестік құрылыс мәселелері бойынша брифинг өтті, шара "Белсенді азамат" акциясының жалғасы болып табылады. Кездесу барысында рұқсат құжаттарынсыз құрылыс қызметін жүзеге асырған компаниялар, сондай-ақ, өз бетінше басып алынған объектілер аталды, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Брифинг барысында қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Каналимов "Белсенді азамат" акциясы барысында тұрғындар мемлекеттік органдардың өкілдеріне өз сұрақтарын жолдағанын, сондай-ақ шараға 1500 адамның қатысқанын атап өтті. Оның айтуынша, жазбаша түрде келіп түскен өтініштер көп. Жер қатынастарына қатысты мәселелерден басқа, еңбек қатынастары, білім және денсаулық сақтау саласындағы мәселелер де өзекті болып табылады.

Тұрғындардың басым бөлігі заңнаманы бұза отырып, қызмет ететін құрылыс компанияларына қатысты шағымданды.

– Астана әкімдігінің ресми сайтында жарияланған алақол компаниялардың тізімі ай сайын жаңартылады, бұл мәселе әрдайым ведомствоаралық комиссияның отырыстарында қаралады. Қазіргі кезде "Алтын Раид" ТК, "Сан сити" ТК, "Магистральный 2" ТК, "Магистральный 3" ТК салып жатқан "Тамыз Инвест Групп" АҚ, сондай-ақ, "Азбука жилья" құрылыс компаниясының және "Төленді" ТҚК нысандарына рұқсат құжаттарын алу мәселесі проблемалық болып қалуда. Риелторлық қызметтер ұсынатын және осындай тұрғын үйлерді сатумен айналысатын компаниялардың өкілдері ВАК отырыстарына бірнеше рет шақырылды, олармен тиісті жұмыстар жүргізілді, – деді қалалық Мемлекеттік қала құрылысы сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Досқұлов.

Брифинг барысында апатты құрылыс мәселесі қозғалды. Елордалық Тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары Асхат Елеужановтың айтуынша, апатты тұрғын үйлерді бұзу жөніндегі жоба енгізілді, ол бойынша Астана қаласының әкімдігі тұрғындарды көшіріп, ескі үйлерді бұзады.

– Жобаға сәйкес, 2017 жылдың соңына дейін 228 апатты үйді бұзу, 3500 отбасын көшіру жоспарланған. Қазіргі кезде 70 астам апатты үйдің тұрғындары жаңа баспаналарға қоныстанды. Айта кетейін, көшіру дайын тұрғын үйлердің болуына қарай жүзеге асырылады, – деді А. Елеужанов.

Кездесу барысында қалада өз бетінше басып алынған объектілердің де аз еместігі айтылды. Мұндай жерлер жаңадан салынып жатқан теміржол вокзалы аумағында, Өндіріс және Кирпичный кенттерінде бар.

Астана қаласының Жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Айдын Молдағалиевтің айтуынша, елорда әкімдігі қала құрылысының жүргізілуіне қарай осы учаскелерді мектептер, балабақшалар салуға беру туралы шешім қабылдады, ал кейбіреулері мемлекеттің мұқтаждығына алынатын болады.

– Мемлекеттің жерлерін өз бетінше басып алғаны үшін жеке тұлғаларға 75 АЕК, жеке кәсіпкерлер үшін – 100 АЕК мөлшерінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бүгінгі таңда жер учаскелерін босату туралы 140 жуық сот шешімі шығарылды, – деді А. Молдағалиев.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!