Атыраулық тұрғынның салоннан 12 млн-ға сатып алған көлігі мінілген болып шықты

Фотография - Атыраулық тұрғынның салоннан 12 млн-ға сатып алған көлігі мінілген болып шықты

Өйткені "салоннан су жаңа деп алған көліктің бұрын мінілген көлік екенін білмедім" дейді.

363 0

Атыраулық тұрғын осыдан бір апта бұрын сатып алған көлігін жаңасына ауыстырып беруді талап етіп отыр. Өйткені "салоннан су жаңа деп алған көліктің бұрын мінілген көлік екенін білмедім" дейді. Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды.

Ал автокөлікті саудалағандар тұтынушыға "сіз "тест-драйв" көлігін алып отырсыз" деп ескерткендерін, сол үшін жеңілдік те жасағандарын айтып, ақталды. Тараптарды әріптесім Базаргүл Нәдірқызы тыңдап қайтты.

Рахима Зиеденова көлігінің сызылған, жамалған жерін көрсетіп жүр. 16 ақпанда көптен армандаған темір тұлпарды салоннан алған. 1 млн 200 мың теңге алғашқы жарнасын төлеп, 7 жыл бойы банкке, айына 135 мың теңгеден төлеуге келісім берген. Бірақ қуанышы ұзаққа бармапты.

"Жаңа көлік мінген соң, әйел адаммын ғой, жер-жерден барып көрімдік сұрап, СТО-да таныс балалар бар еді, соларға қалжыңдап «көрімдік беріңдерші» деп айтсам, «сіз машинаңыздан түсіңізші» деді. Мынау үлкен жол апатына ұшыраған машина екені көрініп тұр, біз сараптап береміз сізге деп. Мен келесі 18-і күні сұрағанымда, бұл машина 2014 жылғы екен. Тест-драйвта тұрған машина екен. Мен мұны білмедім", - дейді  Атырау қаласының тұрғыны Рахима Зиеденова.

Рахима Зиеденова көлігінің су жаңа емес екенін білгесін, салонға барған. Ондағылар көліктің 2014 жылы шыққанын ескеріп, 1 млн теңгеге жеңілдік жасағандарын айтады. "Сатып алушыға көліктің жай-жапсарын ескерткенбіз", - деп отыр.

"Сатып алушыға: алған көлігінің тест-драйвта тұрғаны, 12 мың шақырым жүргендігі ескертілген. Менеджерім дәлелдеп бере алады. Автокөлік азаматшаға жеңілдікпен сатылды. Нақты бағасынан 1 миллиондай жеңілдік жасалды. Ол бұрын пайдаланылған көлікті сатып алғаны туралы жақсы білді. Басқа көлікке алмастырғысы келді, бірақ Қазақстанда мұндай көлік мүлде жоқ, алмастыра алмаймыз. Заң бойынша ақшасын қайтара аламыз", - деді ЖШС атқарушы директоры Павел Михайленко.

Автосалон қожайыны «менеджерлер сату-сатып алу келісімшартында көліктің сапасын жазуды ұмыт қалдырыпты» деп ақталып отыр. Бұл орайда Заң тұтынушы жағында. "Азаматтық кодекстің" 428 бабына сәйкес, сатушы көлік сапасын келісімшартта нақты көрсетуі керек. Олай болмаған жағдайда, өз міндеттемесін орындауы тиіс,- дейді заңгер.

"Егер сатушы сатылып жатқан заттың сапасын толықтай, егер кемшіліктер болса, көрсетіп, сатып алушы білу керек оны. Білмей, жасырын сатып жіберсе, міндетті түрде қандай да бір міндеттемелер туындайды. Бұл жерде ақшасын кейін қайтару, кемшіліктерін жою немесе басқа тауарға ауыстырып беру", - деді заңгер Айдос Ибрайымов.

Рахима Зиеденова адвокат жалдап, сотқа талап-арыз дайындап жатыр. Мақсаты - көлікті тек жаңасына алмастырып алу. Банктің пайыздық мөлшерін қосқанда, 12 млн теңгеге бағаланған қымбат көлік әзірге автосалонның алдында қаңтарылып тұр.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!